Аймақтар • Бүгін, 10:45

Қоныстой – көптің қуанышы

14 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Талдықорған қаласында әлеуметтік осал топ өкілдері рет-ретімен тұрғын үйге қол жеткізіп жатыр. Электронды кезек ешкімді алаламайды. Бәрі қала басшылығының қадағалауында тұр. 2024 жылы өңірде тұрғын үй құрылысына 7,6 млрд теңге бөлінді. Қаржы 56 көпқабатты, 214 жеке тұрғын үй салуға бағытталды. Сөйтіп, облыс орталығында бірнеше отбасы қоныстойын тойлап, талай жылдан бері күткен пәтеріне кірді.

Қоныстой – көптің қуанышы

2024 жылы Жетісу облысында халықтың әлеуметтік осал топтарына 866 пәтер сатып алынды. Оған бюджеттен 15,9 млрд теңге қаржы бөлінді. Соның нәтижесінде 57 отбасы үйлі болды. Талдықорғанда 37 жаңа пәтердің, Сарқан қаласында 20 жеке тұрғын үйдің кілттері тапсырылды. Қала әкімі Ернат Бәзілдің айтуынша, жаңа аудандарда салынып жатқан бұдан да басқа көпқабатты тұрғын үйлер көп ұзамай өз иесін табады.

Облыс орталығында құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Өңір басшысы Бейбіт Исабаев апатты тұрғын үй мәселелерін шешуге ерекше назар аударып отыр. Былтыр облыста 348 пәтер апатты деп танылып, 1,3 млрд теңгеге 137 пәтер сатып алынған. Жергілікті бюджеттен бөлінген 2,4 млрд теңгеге, атап айтқанда, Кербұлақ ауданында, Текелі, Талдықорған қалаларында 155 жаңа пәтер сатып алынды. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына ҰӘҚ» АҚ демеушілерінің есебінен 560 пәтерлік 9 үй салынып жатыр.

Сарқан ауданы әкімдігінің хабарлауынша, аудан орталығында баспана салу мәселесіне кейінгі жылдары баса назар аударылып, ауқымды жұмыстар атқа­рылды. «2022 жылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін 5 қабатты 50 пәтерлі үй, 2023 жылы «Болашақ» шағын ауданында екі қабатты 20 пәтерлі тұр­ғын үй қолданысқа берілді. Бұған қоса, ауданның әлеуметтік осал топтағы азаматтары үшін 24 тұрғын үй сатып алынды. 2024 жылы 20 үйдің кілті тапсырылса, жаңа жыл қарсаңында осы үлгідегі 30 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді», деді Сарқан ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары, жолаушылар көлігі және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Әсет Қанапиянов.

Жаңа үйге ие болғандар қа­тарында жетім балалар, мүге­дектігі бар баланы тәрбиелеуші отбасылар, мүгедектігі бар аза­мат­тар, көпбалалы аналар, то­лық емес отбасылар, Екінші дү­ниежүзілік соғыстың ардагер­леріне теңестірілгендер бар.

Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2024 жылы өңірде 2 708 пәтер иесін тапты. Оның 1113 пәтерлік 129 үйі бюджет есебінен, 469 пәтерлік 9 үй коммерциялық тұрғын үй, 866 пәтер тұрғын үй сатып алу арқылы, 260 пәтерлік 4 үй демеушілер есебінен берілген.

 

Жетісу облысы