Аймақтар • 14 Қаңтар, 2025

Білім ұясының мәртебесін биіктетті

106 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ даласындағы алғашқы білім ордаларының бірі – «Мамания» мектебінің 125 жылдығына орай «Қара­ғаш­­тағы білімнің қара шаңы­рағы» атты облыстық бай­қау өтті. Онда әр ауданнан келген білікті мамандар бақ сынады. Байқауды облыс­тық білім басқармасы мен Ақсу аудандық білім бөлімі ұйымдастырды.

Білім ұясының мәртебесін биіктетті

Жетісу өлкесінде алғаш ашыл­ған білім шаңырағын Маман –Тұрысбек әулеті салдырған. Бұл бай­қаудың мақсаты – мектептің тарихи мұрасын қайта жаңғырту, білім шаңырағы түлектерінің өмірі мен қызметін, Маман – Тұрысбек ұрпақтарының қазақ руханиятына жасаған істерін дәріптеу.

Ұстаз қауымының сайысындағы алғашқы сөзді алған Абай атында­ғы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­верситетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Ерлан Қасен, «Мамания» мек­тебінің қазақ қоғамын оқытудағы рөліне тоқталды. Білім шаңырағын ашып, жан-жақтан мықты ұстаз­­дар­ды шақырып, оларды баспа­на­мен қамтып, бірлескен оқу бағдарламасын бекітудегі жауапкер­шілікті мысалға келтірді.

«Мұнда қазақтың алыптары дә­ріс алып, ұлт руханиятына өлшеу­сіз үлес қосқан. Бұл қатарда есімі елге белгілі поэзия құлагері Ілияс Жан­сүгіров, қазақтың алғаш­қы конс­титуциясының авторы Барлыбек Сырт­танов, қоғам қайраткері Біләл Сүлеев, ақын Ғали Орманов секіл­ді айтулы тұл­ғаларымыз бар. Олар Қарағаштағы қасиетті қара­ шаңырақ­тан қанатта­нып, алаштың намысын қорғаған азаматтар.Сол заманда қа­зақ балалары сауатты болсын деп қар­жысын білімге құйған байлар санаулы. Соның ішінде бірегейі – Маман құттың ұлы Тұрысбек қажы. Ол осы Ақсу өңірінде Мамания мектебін салып, ауыл балаларына әріп үйретті. Сырттан білікті ұстаздарды тартып, Қарағашты мәдени қалашыққа айналдырды», деді облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов.

Байқауға барлық аудан ұстазда­рынан құралған бірнеше команда қатысты. Олар 3 айналым бойынша сынға түсті.

Жалпы байқаудың көтерер жүгі, маңызы жоғары болды. Ұйым­дастырушылар бұл байқауды келесі жылы да өткізсек деген бастама көтерді. Іс-шара соңында бас жүлде Ақсу ауданының командасына тиді. «Мамания» мектебін ашқан Атымтай жомарт азаматтардың еңбегі көпке үлгі етілуі тиіс.

 

Жетісу облысы