Сурет: vk.com/baitenovs
Ә дегеннен «Ғашықтар» деген тартымды тақырыбымен баурап алатын кітап мұқабасын ашқан сәттен-ақ өзінің іңкәр сезім сыр шертетін тылсым тұңғиығына қарай тартып ала жөнеледі. Шынайы сезім иірімдері шебер өрілген сыршыл шығарма өмірдің өзіндей мөлдір, өмірдің өзіндей өткір ойларымен ғашықтыққа өзгеше өре биігінен көз тігуге үндейді. «Махаббат – адамның ұлы қуаты, ұлы сенімі» деген автор осынау ғаламат күйді адам өмірінің бар мән-маңызына балап, өзі де сол ғажап күйге тәңірідей табынады. Осылайша, мынау ғажап ғаламдағы талмаусырап бара жатқан ұлы сезімнің құдіретіне оқырманын бас игізеді.
Жантас есімді мүсінші жігіттің айналасынан тарқатыла талданатын туындыда өмір мен өнер бедеріндегі құндылықтар салыстыра суреттеле келе, ғашықтық күйдің түрлі үлгі, сан алуан жағдайдағы жарқылы мен тағдыры параллель алына отырып, оқырманына махаббатты өз парасат биігінде сараптауына жол ашады.
Иә, «Ғашықтарда» сезімнің түрлі күйі, махаббаттың сан алуан формасы шебер суреттеледі. Ондағы әже мен немере, аға мен қарындас, қыз бен жігіт, ер мен әйел арасындағы риясыз көңіл көріністерінен бастап, өнер мен өре, махаббат пен құмарлық, ғашықтық пен ғадауат, сыйластық пен сезім, сенім мен сатқындық сынды сан түрлі қайшылықтар қақтығысындағы пенде қалыбының алуан-алуан арпалыс күйін қаламгер кемеліне келтіре кескіндейді. Әрине, бір қарағанда, роман баяндау формасында жазылып, бір сыдырғы желіде суреттелгендей әсер сыйлағанымен, кейіпкерлерінің ішкі жан дүниесіне үңілген сайын ондағы қайшылық қатпарларының қалыңдап, адам жанының шексіз де түпсіз психологиялық тереңіне бейне бір адам жанының инженеріндей асқан сезімталдық һәм байыптылықпен бойлаған барлаудың өзі-ақ жазушы әлемінің қаншалықты мөлдір һәм мейірбан, нәзік те сыршыл екендігін аңғартса керек. Әсіресе романдағы бейнелердің сыртқы суреттеулері мен ішкі сезім арпалыстарының сәтті қабысуы, Жантас тағдырында жолыққан Үміт, Ұлболсын, Аяужан сынды арулардың бір-біріне мүлдем ұқсамайтын мінез мүсіндеулерінің өзі қаламгердің туындыда Жантаспен қатар желе отырып, шығармадағы әр кейіпкер болмысын, ерекшелігін бейне бір мүсіншідей шебер қашап, мінсіз мүсіндегенін сезіндіреді. Осылайша, «Ғашықтардағы» әрбір махаббат оқиғасы оқырманына өзгеше ой салып, түрлі мінез бедеріндегі бейнелердің болмысы арқылы ғашықтық ғаламатына сан қырынан көз тігуге мүмкіндік сыйлайды. Әсіресе адамның жан мен тән күйзелісі қатар сипатталатын романда өкіндіре отырып өксітетін, сүйсінте отырып жирендіретін, таңғалдыра отырып тамсантатын тұстар мол. Сонысымен де шығарма жанға жақын, жүрекке аяулы әсер қалдырады.
Кейінгі жылдары Ілияс Есенберлиннің әдеби мұрасына театр мен кино режиссерлерінің көңіл қоюы қуантады. Әсіресе осы біз тілге тиек, талдауымызға арқау еткен «Ғашықтардың» тек кітап бетінде қалмай, сахнаға көшуі де туындының өміршеңдігін, жылдармен бірге өзектілігін де өткірлендіріп келе жатқандығын аңғартса керек. Олай болуы заңды да. Себебі адам туралы, адамның ішкі сезімдері мен көңіл түкіпіріндегі аяулы армандары сөз болған шығармалардың ешқашан ескірмейтіні хақ. Өйткені адамзат бар жерде Адам туралы туынды да мәңгілік. Міне, «Ғашықтар» – дәл сондай роман.