Аймақтар • Бүгін, 08:15

Үш жүз саяжайға ауыл мәртебесі берілді

35 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ауылдан қалаға үдере көшкен халықтың дені саяжайларды жағалап, жаз маусымына арналған үй-жайдың орнына бас­пана салып, түбегейлі қоныстанғалы талай жылдың жүзі өтті. Басқалқа табылғанмен, жол мен жарыққа жарымау, ауызсу тапшылығы, тарифтің қалтаны қағар қымбат­шылығы мұндағы халықтың басты проблемасына айналды. Осы тығырықтан шығудың жолы – саяжайларға «ауыл» мәртебесін алу туралы ұсыныстар әкім-қарарлардың есептік жиынында сан мәрте көтерілгенмен, шешім тауып мандытпады. Сөйтіп, әлеуметтік мәселелері жыл өткен сайын қордаланған саяжай тұрғындары тұрмыс тауқыметін аз тартпады.

Үш жүз саяжайға ауыл мәртебесі берілді

Иесіздің күйін кешкен халықтың зар-мұңына құлақ түрген Мәжіліс депутаты, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Мақсат Толықбай Алматы облысындағы халық тығыз қоныстанған саяжай­лардың өзекті мәселелерін қозғап, Үкіметке сауал жолдаған болатын.

«Қонаев қаласы, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Талғар, Жамбыл, Іле ауданының өзінде 674 саяжай бар. Тұрғындарының саны бес жүз мыңға жақындаған. Бұл деректің өзін де нақты айту қиын. Себебі, азаматтар тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеле алмаған соң, жәрдемақы мен мемлекеттік көмек алу үшін Алматы қаласына тіркелуге мәжбүр. Халық қысы-жазы тұрғынжай етіп отырған жүздеген саяжайда мектеп, ба­лабақша, қоғамдық көлік қаты­насы, медициналық жәрдем көрсету, асфальт, пошта, байланыс пунктері әлеуметтік қызмет ин­фрақұрылымы, әлеуметтік нысандар атымен жоқ. Электр қуатына дейін жекенің қолында. Екі есе тарифпен төлеуге мәжбүр. Оқу жылы басталғалы балалар бірнеше шақырым жердегі мектепке бал­шықтап жаяу барып, кейде иттерге таланып жатыр. Айта берсек, мұндай мысалдар өте көп», – деген депутат саяжайларға «ауыл» мәр­тебесін беру – тұрғындардың басты талабы екенін ашып айтқан еді.

Түйткілді мәселе түбірімен шешілмесе де жартысына жуығы, яғни бүгінгі күнге 330 саяжайға «ауыл» мәртебесі берілгені туралы жақында Алматы облысына келген іссапары барысында депутат Мақсат Толықбай хабардар етті.

Солардың қатарында биыл Қонаевтағы бірқатар саяжайға «шағын аудан» мәртебесі беріле­тіндігін сүйіншілеу артық етпес. Бұл туралы Қонаев қаласы­ның әкімі Асхат Бердіханов мә­лімдеді. Оның сөзінше, былтыр Строительная саяжайына шағын аудан мәртебесі беріліп, атауы Құры­лысшы болып өзгертілді. Жаңа атауға ие шағын ауданда 8 274 адам тұрақты мекендейді. Ондағы оқушылар мектепке қалааралық №4, 7, 2 автобус­тармен қатынасып, оқиды.

Мұнда бірқатар жұмыс ат­қарылған. Атап айтқанда, ша­ғын ауданның электр желілері толы­ғымен «Алатау Жарық Ком­па­ниясы» АҚ иелігіне өтті. Нәти­жесінде, халық электр энергиясына ақыны табиғи монополияларды реттеу департаментімен бекітілген тариф­пен төлеп отыр. Сондай-ақ ықшам ауданға ауызсу, кәріз қ­ұбырларын тарту үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. «Ха­лық қатысатын бюджет» жобасы аясында көшені жарықтандыру бағаналары ауыстырылып, футбол алаңы салынып жатыр. Бұл ыңғайлы қала­лық орта құрып, балалар мен жасөспірімдердің уақы­тын тиімді пайдалануға септігін тигізеді.

Шаһар басшысының мәліме­тінше, биыл бірнеше саяжайға шағын аудан мәртебесін беру жос­парланған. Бүгінде Құрылысшы шағын ауданының тәжірибесіне сүйене отырып, 7-саяжайдағы трансформаторлар мен электр желілерін ТҮКШ бөліміне өткізу үдерісі жүріп жатыр. Бұл іс-ша­ра­лардан соң желілер «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ға сенім­герлік басқаруға беріледі. Аталған компания күтіп ұстауға жауапты болады. Нәтижесінде, жарықтың жиі өшуі түбегейлі шешіледі.

Бұдан бөлек, Қонаев қаласы­ның кешенді даму жоспарына сәйкес, барлық саяжайларды газ­дандырудың жобалық-сме­талық құжаты дайындалып жат­қаны да көңілге қуаныш ұялатады.

А.Бердіханов Бас жоспарға қатысты атқарылып жатқан жұ­мыстармен де бөлісті. «Қала аума­ғында 7 саяжай қалды. Қазірде сәулет және қала құрылысы бө­лімі кооперативтердің басшыла­рымен бірлесе отырып, жерді, ғи­мараттарды, инже­нер­лік же­лілер мен көлік инфра­құры­лы­мын түгендеу жұмыс­тарын жүр­гізіп жатыр. Бас жоспарға сая­­жай­­ларға қатысты түзетулер енгізілді. Енді оны Үкімет бекітуге тиіс. Құжатқа сәйкес, қазіргі сая­жайлар аумағында әкімшілік, әлеу­меттік нысандар, кәсіпкерлік ғима­­раттарын, көпқабатты тұр­ғын үйлер салу көзделген», деді қала әкімі.

Саяжайлардағы инфрақұры­лымды дамыту бағытындағы жұ­мыстар бірнеше жыл бойы жүр­гізіліп, түйткілдердің түйіні кезең-кезеңімен тарқатылады деп жоспарланып отыр.

«Біз бұл қуанышты сәтті асыға күттік. Саяжайдың ауызсу, электр желілерінің әбден тозығы жеткен. Лүп еткен жел тұрса, жарық «жалп» етіп сөніп қала беретін. Енді міне, қиындық атаулының бәрі артта қалып келеді. Ертеңгі күннен үмітіміз зор. Бюджеттен қаржы қарастырылып, мектеп, ФАП салынып, көркейетін болады. Бүгіннің өзінде қала әкімінің қолдауымен балалардың ойын алаңы, футбол алаңы салынып, пайдалануға берілді. Жарық құны төмендетілді. Ауызсу да қала­лық су жүйесіне өтіп жатыр. Сая­жайда 1 500 түтін бар. Әрқай­сысынан кемінде 2-3 бала Қонаев қаласындағы мектептерге барады. Қалалық маршрутпен қамтамасыз етілген. Дегенмен балалардың ертелі-кеш қоғамдық көлікке толып, қысылып қалатыны бар. Сондықтан маршруттардың саны артса артық етпес еді», дейді шағын аудан тұрғыны, қоғам белсендісі Қарлығаш Ахметова.

Бас жоспар бойынша келешекте мұнда мектеп салынады. Мешіт құрылысы аяқталуға жа­қын. Сондай-ақ 40 шақты көше тегістеліп, кеңейтіліп жатыр. Кезі келгенде асфальтталады. Көше­лерге электр бағандары тарты­лып, жарық желілері іске қосылуға даяр. Жан жадыратқан игі істердің барлығы да ықшам аудан аталғалы бері алға басып келе жатқанына тұрғындар көзайым болып отыр.

 

Алматы облысы