Аймақтар • Бүгін, 08:27

Тәртіп сақшыларына 40 көлік тарту етті

18 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қоғамдық тәртіпті қадағалауда полиция қызметкерлерінің үлесі зор. Мереке күндерінен бөлек, күнделікті тұрғындардың тыныштығына жауап беретін құзырлы орган өкілдері тәулік бойы тыным таппайды. Осыны ескере отырып, облыс әкімдігі тарапынан жетісулық тәртіп сақшыларына су жаңа 40 автокөлік тарту етілді. Көліктер тек облыс орталығына емес, аудандағы департамент қызметкерлеріне де үлестіріледі.

Тәртіп сақшыларына 40 көлік тарту етті

Суреттерді түсірген – Жұмабай Мұсабеков

Мәселен, өңір көлемінде күнделікті қоғамдық тәртіпті және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 1 мыңнан аса қызметкер мен 110 көлік құралы тартылады. Ал 140 полиция өкілі мен Ұлттық ұланның 136 сарбазы талдықорғандықтардың тыныштығын күзетеді. Ең қиыны мей­рам­дарда жол қауіпсіздігін сақтауға 2 мың­нан аса қызметкер және 200 жуық қызметтік кө­лік құралы жұмыс істейді. Сол себепті облыс әкі­мі Бейбіт Исабаев жауапкершілігі мол сала­ның маңыздылығын түсіндіре отырып, салта­натты іс-шарада тәртіп сақшыларына ар­на­йы автокөліктердің кілтін табыстады.

«Өңірдің тұрақты дамуы ең алдымен қо­ғамдық тәртіптің сақталуына, тұрғындардың қауіпсіздігі мен елдің тыныштығын қамтамасыз етуге тікелей байланысты. Қазіргі жаңа реформаларға негіз болып отырған заңның үстемдігін орнықтыру, әділдік пен ашықтыққа жол ашу міндеттерін іске асыруда сіздерге артылар жауапкершілік жүгі үлкен. Сондықтан сіздердің уақытпен санаспай, күн-түн демей, күрделі де жауапты жұмысты адал атқарған еңбектеріңізді әрдайым бағалаймыз және алғыс айтамыз. Осы орайда алаңсыз жұмыс істеулеріңізге қолайлы жағдай жасау – Мем­лекет басшысының алдымызға қойған басты мін­деттерінің бірі. Бұл ретте бүгінгі игі іс-шара сіз­дердің өз міндеттеріңізді лайықты атқаруға, жұмыстарыңыздың сапасы мен тиімділігін жақсартуға мүмкіндік береді деп сенемін», деді Б.Исабаев.

п

Жиын барысында жалпы саны 40 авто­кө­лік, яғни облыстық полиция департаментінің ­әр­бір аудандық, қалалық полиция бөлімше­лері­не ­­4 қыз­меттік автокөліктен берілді. Атап айт­қан­да, учаскелік полиция инспекторла­ры­на, пат­руль­дік полицияға «Chevrolet Co­balt», таби­ғатты қорғау бөлімшелеріне «Wingle 7», кезек­ші бөлімдерге «ГАЗ Соболь» маркалы автокөліктері, сол сияқты Панфилов аудандық бөліміне 4 автокөлікке қосымша тағы бір көлік – «JAC Sunray» табысталды.

Өз кезегінде облыстық полиция департа­мен­тінің бастығы, полиция полковнигі Сар­қытбай Құсаинов сөз алып, ішкі істер органдарына жасалып отырған қолдаулар үшін алғысын білдірді:

«Күнделікті көшеде және басқа да қоғам­дық орындарда тиісті тәртіптің сақталуын бақы­лау, азаматтардың қауіпсіздігін қамта­масыз ету – біздің басты міндетіміз. Осы орай­да біздің бөлімшелерді материалдық және техникалық жабдықтауға үлкен қолдау көрсетіп отырғандарыңызға алғыс айтамыз», деді ол.

Жалпы, облыста ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, 2022 жылы жергілікті бюджеттен 26 автокөлік сатып алынып берілген еді. Оған қоса бүгінге дейін облыста 34 бекетте, соның ішінде «Алматы – Өскемен» автожолына және Талдықорған қаласының жолдарына жалпы саны 240-қа жуық «Сергек», «Vidar», «Зерек» бейнекамералары орнатылды. Түрлі үлгідегі 8 мо­бильді кешен сатып алынып, ішкі істер ор­ган­дарының қызметтік автокөліктеріне орнатылды. Олардың заң бұзушылықтарды анықтауда едәуір ықпалы бар екеніне тәжірибе жүзінде көз жеткізілгендіктен, алдағы жылы осындай тағы 20 мобильді кешен сатып алуға 445 млн теңге қаржы қарастырылып отыр.

«Біздің әріптестер демалыс күндері де тыным таппайды. Полиция кешенді күштері жасақтарының қызмет өткеруіне бақылау күшейтілді. Қауіпті аймақтардың радиусын, жер бедерін, ауа райы жағдайларын, іргелес объектілердің сипатын және оларды пайдалану қауіпсіздігіне әсер ететін басқа да факторларды ескере отырып, мерекелік отшашуды ұшыру орындарын күзету қарастырылды. Көліктің, арнайы техниканың, қару-жарақтың, жеке қорғаныс және белсенді қорғаныс құрал­дардың қоғамдық тәртіпті сақтау бо­йынша мін­деттерді орындауға, жедел ахуал шие­леніс­кен жағдайда күштер мен құралдардың тасы­малдануға дайындығы тексерілді», дейді аза­маттық қорғау майоры Қалдыбек Төлеуұлы.

Айта кетейік, мереке күндері облыс көлемінде барлығы 2 682 әкімшілік бұзушылықтар анықталған.

 

Жетісу облысы