Қоғам • Бүгін, 11:06

Тұрақты даму: Парламент реформалары мен жергілікті биліктің жаңа мүмкіндіктері

13 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан жаһандық қауымдастықтың бір бөлшегі ретінде Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында қарқынды қадам жасап келеді. Мұны заңнамалық реформалардан, жергілікті биліктің өкілеттіктерін кеңейту шараларынан және азаматтық қоғамды белсенді тартудан анық байқауға болады. Парламентаризм институтының сарапшысы Санжар Қадырбаев осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың маңызын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

Тұрақты даму: Парламент реформалары мен жергілікті биліктің жаңа мүмкіндіктері

Фото: Ашық дереккөз

Сарапшының айтуынша, Тұрақты даму мақсаттары – әлем елдерін әлеуметтік, экономикалық және экологиялық сын-қатерлерге бірлесе қарсы тұруға үндейтін жаһандық бағдар.

«Қазақстан бұл мақсаттарға 2016 жылы қосылып, бірден Париж келісіміне қол қойып, экология, денсаулық сақтау, адам құқығы және әлеуметтік әділеттілік салаларында бірқатар маңызды заңдарды қабылдады. 2020 жылы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жаңарып, медициналық қызметтердің сапасын арттыруға жол ашты. Ал 2021 жылғы Экологиялық кодекс экологиялық талаптардың орындалуын күшейтіп, «жасыл» технологияларды ендіруге бағыт берді. Сондай-ақ 2024 жылы күшіне енетін «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заңы адам құқығын қорғауды жаңа деңгейге көтермек», деді Санжар Қадырбаев.

Айта кетейік, Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру процесін Парламент ұдайы назарда ұстап отыр.

«Сенат жанындағы Жобалық кеңсе әрбір ТДМ көрсеткішінің орындалуын сараптап, заңнамалық базаны жетілдіруге ұсыныстар әзірлейді. Осылайша Парламент пен Үкіметтің бірлескен жұмысы ықшамдалып, нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік бар. Биыл Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының тұрақты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі Парламенттік комиссия құру туралы» қаулы қабылданып, заң шығару билігінің құзыреті күшейді. Енді 2030 жылға дейінгі ұлттық индикаторларды нақтылау және перспективалы заңнамалық бастамаларды әзірлеу басты назарға алынбақ», деді сарапшы.

Санжар Қадырбаев децентрализация реформалары аясында жергілікті билік өкілеттіктері едәуір артқанын тілге тиек етті. Бұл ауыл-аймаққа дербес бюджетпен қоса, нақты проблемаларды шешуге қажет ресурстарды икемді пайдалануға мүмкіндік берді.

Төртінші деңгейлі бюджет. 2018 жылдан бастап ауылдық округтер өз кірістерін басқарып, салық пен алымдарды тиімді пайдалануға жол ашты. 

Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы. 2021 жылғы тамызда қабылданған тұжырымдама әкімдердің біліктілігін арттырып, жергілікті басқару тетіктерін заманауи талаптарға бейімдеуді көздейді.

Бюджет шығындары мен сатып алуларды оңтайландыру. Жергілікті жерде қаржы бөлудің ашықтығын арттыру үшін мемлекеттік сатып алу саласындағы рәсімдер жеңілдетіліп, заңнама жетілдірілді. Нәтижесінде өңірлер сапалы қызмет көрсетуді қолға алып, «жасыл» жобаларға көбірек көңіл бөліп жатыр.

Сондай-ақ облыстық және аудандық мәслихаттар ТДМ аясында өңірлік бағдарламаларды бекітіп, олардың орындалуын қадағалайды. Денсаулық сақтау, білім беру және инфрақұрылымдық бастамаларға басымдық бере отырып, азаматтық қоғамды да шешім қабылдау процесіне тартады.

«Қазақстанның ТДМ-ға қосылуы – ішкі және сыртқы саясаттағы маңызды қадам. Ел жасыл экономикаға көшуде, көміртегілі бейтараптыққа қол жеткізуде нақты міндеттер қойып, инвестициялар тарту арқылы жаһандық бастамаларды қолдауға дайын екендігін дәлелдеп отыр. Инклюзивті институттар – тұрақты дамудың басты тірегі. Парламенттің қабылдаған заңдары мен жергілікті органдардың белсенді жұмысы нәтижесінде Қазақстан Тұрақты даму мақсаттарына жақындай түсті», дейді сарапшы Санжар Қадырбаев.

Жалпы, Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу – бір күндік шаруа емес, ұзақмерзімді стратегиялық мақсат. Бұл бағытта Парламенттің заңнамалық бастамалары мен жергілікті өкілді органдардың белсенді әрекеті көп іс тындырып жатыр. Алдағы жылдары да Қазақстанның осы жолда жаңа реформалар мен жобаларды жүзеге асырып, жаһандық қауымдастықпен бірлесе жұмыс істейтіні сөзсіз.