– Мен қай елге келдім өзі?
– Қазақстанға келдің.
– Қазақстанға келгенімді сезініп тұрған жоқпын ғой.
– Неге?
– Қазақша жарнамалар жаңылтпаш сияқты бірдеңе… Сырт жерде жүрген біздер Қазақстанға келгенде жан-жағымызға жалтақтап, өз тіліміздегі жазу-таңбаларды іздейтініміз бар…
Әріптесімнің меңзеп тұрғаны мемлекеттік тіл болып шықты. Ойланып қалдым. Алыс-жақыннан ағылған, жаңа Астананы көруге асыққан туристердің елордаға қадам басқан сәттен бастап қай елге келгені «атойлап», тілмашсыз-ақ түсінікті болып тұруы керек-ау шынында. Келімді-кетімді қонақтар Қазақстанға, Астанаға табан тірегенін алғашқы секундтардан бастап сезінуі тиіс қой. Қытайға барсаңыз, жан-жағыңыздағы жарнамалардың бәрі қытайша. Түсінбесең де қытай тілінде екенін іштей түйсінесің. Жүздеген телерадиоарналар қытайша «сайрап» тұр. Жан-жағыңдағы адамдардың өзара тіл қатысуы – қытайша. Бір сөзбен айтқанда, Қытай елінде жүргеніңді айқын ұғасың.
Осыдан он екі жылдай бұрын Украинаға барған едік. Сол кездің өзінде бұл мемлекетте бәрі өз тілінде болатын. Балтық жағалауы елдерінде де солай.
Ал, Қазақстанда ше? Биыл Астанада ЭКСПО көрмесі өтеді. Шет елдерден миллиондаған қонақтар келеді деген үміт бар. Келсін. Қонақжай қазақпыз, құшақ жая қарсы аламыз, әрине. Олардың сәулетті де дәулетті Астананы тамсана тамашалайтыны анық. Бірақ, қытайлық әріптесіміз әңгіме өзегі еткен мәселені сол миллиондаған туристердің бірі болмаса бірі қозғамасына кім кепіл?! Бір ғана мысал. Осыдан аз ғана уақыт бұрын Еуразия ұлттық университетінің оқу корпустарынан онша қашық емес, Пушкин мен Кенесары көшелерінің қиылысында биіктігі мен ені әжептеуір, алыстан көзге түсетін имидж тұғыр тұрған еді. Ондағы жазу мен кескін мынадай болды: «Я, жүректің суреті, Астану». «Я люблю Астану» дегені ғой. Дизайны мен көрінісі керемет. Талғамға сай. Дау жоқ. Бірақ, осыны қазақ тілінде келтіруге болмай ма? Өз қателіктерін түсінді ме екен, әлгі тұғыр алынып тасталыпты осы жақында. Облыс орталықтарынан да осындай «жұмысты» табуға болады. Бәрі орысша немесе ағылшын тілінде. Қазақ тілінде дайындалғанын кездестірмедік.
Бұл Қазақстан көлемінде жұмыс жүргізіп отырған жарнама агенттігінің тірлігі болса керек. Болсын. Қарсылық жоқ. Бірақ, осыны мемлекеттік тілде дайындаса болмай ма? Оған кім кедергі? Әлде бұл мемлекеттік тілді менсінбеу ме? Солай демеске лаж жоқ.
ЭКСПО көрмесі кезінде қонақтар Астанамен шектелмей, олардың туристік сапарлары Павлодар, Ақмола, Қарағанды және басқа облыстарда жалғасады деген жоспар бар. Сол уақытта «Я люблю Павлодар», «Я люблю Кокчетав» дегендей кескін-тұғырлар қарсы алдынан шықса қалай болады? Олар өздерін қазақ елінде емес, басқа елде жүргендей сезінеді емес пе? Осыны неге ойламаймыз.
Жарнама жасаушылардың таппайтыны жоқ. Күні кеше бүкіл әлеуметтік желіні шулатқан, үлкен сауда орталығын армансыз аралаған «жартылай жалаңаш жарнама жасаушылар» жұрттың жағасын ұстатты. Осы бейәдеп көрініс үшін қасындағы немерелері мен өткен-кеткен адамдардан қысылып-қымтырылған ақ жаулықты аналар мен асқар тау әкелеріміз төмен қарап, бетін басты. Ал, жастар жағы «жартылай жалаңаш жарнама жаңалыққа» жапа-тармағай тесіле, сүзіле қарады…
Мәңгілік Ел болуға ұмтылған қазақ еліне тән емес қой мұндай келеңсіз көрініс? Бұл – елдігімізге сын. Еліктегеннің жөні осы екен деп еліре бергеніміз болмас. Өзімізге де, сырттан келген қонақтарға да өзіндік болмыс-бітімі мен ерекшелігі, асқақ мұраты бар Қазақ елі екеніміз айқын байқалып тұруы тиіс емес пе? Қалай ойлайсыз, оқырман.
Ғалым Омархан,
«Егемен Қазақстан»