Аймақтар • 18 Қаңтар, 2025

Техникалық мамандықтармен толығады

106 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жұмысшы мамандықтары жылына орай Жетісудағы университет пен колледждердегі мамандықтарды түрлендіру үдерісі қарқынды түрде жүріп жатыр. Былтыр аграрлы салаға қажетті мамандарды шетелде оқыту идеясы қолға алынды. Биыл білім ордаларында жаңа техникалық мамандықтар ашылады. Алдағы 2-3 жылда орман, балық, жылыжай шаруашылығына қажетті кадрлар жергілікті жерден шығады.

Техникалық мамандықтармен толығады

Суретті түсірген – Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Жетісуды табиғи әлеуетіне, эконо­ми­калық бағытына қарап, ауыл шаруашылығы саласын ғана дамыта беруге болмайды. Қазір өңірде әр салада кадр тапшылығы қатты білініп тұр. Сырттан білікті маман тартқаннан гөрі, оқуға құштар жастардың туған жерінде қызмет етуіне жол ашқан абзал. Осы мақсатта әрі Мемлекет басшысының жұ­мысшы мамандықтар жылы жөніндегі бастамасы аясында Жетісу облысындағы колледж­дерде сұранысқа ие жаңа мамандықтарды ашу жұмыстары жалғасып жатыр.

Бүгінде өңірде «Жаңа маман­дықтар атласы» бекітілді. Ол, еңбек нарығы мен өңірдің экономикасын дамыту талаптары ескеріле отырып, 5 негізгі ба­ғытқа – ауыл шаруашылығы, өң­деу өнеркәсібі, туризм ин­дус­трия­сы, ақпараттық-ком­му­­ни­ка­циялық технологиялар, энер­­гетика және жаңартылатын энер­­гия көздері салаларына бағ­дар­­ланған. Мәселен, өткен оқу жы­­лында өңірдің 11 коллед­жін­­де 13 жаңа мамандық ашылса, биыл тағы 14 мамандық ашылады.

«Жетісу облысында техни­калық, кәсіптік білім берудің маз­мұнын жаңарту, сапасын арттыру, сондай-ақ жұмыс­шы мамандықтарының имиджін көтеру бағытында жұмыс­шы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі іс-шара­лар­дың кешенді жоспары бекі­тілді. Сондай-ақ «Жаңа маман­дық­тардың өңірлік атласы» әзірленді. Облыс экономикасында басымдық берілетін 5 сала­ға талдау жүргізіліп, жаңа­дан пайда болған, өзгерген, жойы­лып бара жатқан, аса тап­шы кәсіптер анықталды. Эко­но­­мика салаларының басым бағыт­тарына білікті мамандарды даярлау мақсатында 2024–2025 оқу жылында облыста 240 білім беру бағдарламасы әзірленді», дейді облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов.

Оның айтуынша, гидро­тех­никалық мелиорация, авто­мат­тандырылған өндіріс жүйе­леріне техникалық қызмет көр­сету және жөндеу, мехатроник, хаус-шебер, техник-жобалаушы (сәулет), орман шаруашылығы, балық шаруашылығы, жылыжай шаруа­шылығын ұйымдастыру сынды кәсіп иелері облысқа ауадай қажет. Мәселен, өткен жылы материалдық-техникалық базаны нығайтуға жергілікті бюджеттен 475 млн теңгеден астам қаржы бөлінген, биыл тағы 488 млн теңге бөлінеді деп жоспарланып отыр. Жаңа мамандықтарды ашқан оқу орындарының бірі – Талдықорған жоғары политехникалық колледжі.

«Біздің колледжде мың жарымнан астам студент 11 мамандық бойынша білім алып жатыр. Бүгінге дейін біз ашқан жаңа мамандықтардың ішінде «Ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторы», «BIM техниктер» бар. Бұлар «Өңірлік жаңа мамандықтар атласына» енгізілген. Биыл мехатроника мамандығын ашып, электроника, роботтехника, 3D басып шығаруды оқытамыз. Осыған байланысты екі ІТ компаниямен келісімдеріміз бар», дейді Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің директоры Шыңғыс Нұрғожаев.

Бұдан бөлек, облыстық білім басқармасының деректері бо­йынша, өңірдің кадрлық қажет­тілігін қамтамасыз ету үшін 15 колледжде 80 кәсіпорынның өтінімдеріне сәйкес 25 мамандық бойынша 809 адамды нысаналы даярлау жүзеге асырылады. Бұл кәсіпорындар келісімшарт негізінде оқуды бітіргеннен кейін студенттерді міндетті түрде жұмысқа алады. Осы ретте өңірде 15 колледж дуальды оқытуды жүзеге асырып келеді.

Айта кетейік, өңір көлемінде жалпы саны 27 колледж жұмыс істейді, соның 21-і мемлекеттік, 6-ы жекеменшік. Оларда осы оқу жылында 13 901 студент білім алып, оның 10 155-і­­ мемле­кет­тік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде, яғни тегін оқы­тылып жатыр. Мемлекеттік тап­сырыстың көп бөлігі тех­ни­калық мамандықтарға, яғни IT, құрылыс, инженерия, ауыл шаруашылығы, су шаруа­шылығына бағытталған. Жалпы, оқу орындары ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету саласы, құрылыс, машина жасау, сондай-ақ техникалық, педа­го­гикалық, заң, эконо­микалық, медициналық бағыттарда 70 мамандық, 113 біліктілік бойынша кадрлар даярлайды.

 

Жетісу облысы