
Әзербайжанның Ұлт көшбасшысы Гейдар Әлиев «Біз сол күндерден қаншалықты алыстағанымызбен бұл оқиғалардың әзербайжан халқының тарихындағы маңыздылығын соншалықты жақсырақ түсінетін боламыз. Болашақ ұрпақ бұл оқиғаларға әділ және дұрыс баға берер. Бірақ бір нәрсе анық, 1990 жылғы 20 қаңтар – әзербайжандықтардың өміріндегі бетбұрысты кезең болды», деп сипаттады.
Тарих қатпарындағы сол бір ауыр кезең жұрт жадынан өшкен жоқ. «1990 жылғы 19-ынан 20-сына қараған түні бұрынғы Кеңес әскерінің әскери бөлімшелері Баку қаласында бейбіт халыққа бұрын-соңды болмаған жаппай қырғын ұйымдастырды. Олар тәуелсіз мемлекет құрып, егемендікке қол жеткізу үшін көтерілген халықты аяусыз жазалады. Бұл қанқұйлы қылмыс адамдардың еркіндікке деген сүйіспеншілігін өшіре алмады. Әзербайжан халқы қасық қаны қалғанша мемлекет тәуелсіздігін қорғап қалды. Қанды қаңтар әзербайжан халқының тәуелсіздік жолындағы күресінің бастауы болды», дейді ел тарихшылары.
Сол бір аласапыран түні төгілген шейіттердің қаны арқылы Әзербайжанның жаңа тарихы жазылды. Осы қорқынышты оқиғадан бері қанша жыл өтсе де, бұл қайғылы жағдайды әрбір азамат ұмытпайды. Отан үшін жанын қиған әзербайжанның ұлдары мен қыздарының ерлігі аңызға айналды. Өйткені олар халықтың еркіндік жолындағы алғашқы соқпақтарын салды. Әзербайжан тарихшыларының ресми дерегінше, Баку мен Әзербайжанның бірқатар аймақтарына кірген әскерлер 147-ден астам бейбіт тұрғынды өлтіріп, 700-ден астам адам жарақат алған.
Бұл қайғылы оқиғалардан кейін Гейдар Әлиев Мәскеудегі Әзербайжан өкілдігінде баспасөз конференциясын өткізіп, бұл қылмысты қатаң айыптады. Ол әзербайжан халқына қарсы жасалған қырғынға саяси баға беруді және кінәлілерді жазалауды талап етті. 1990 жылғы 20 қарашада Әзербайжанның Нахчыван Автономиялық Республикасының Жоғарғы Мәжілісінің сессиясында Ұлт Көшбасшысы 20 қаңтардағы қанды қырғынды әзербайжан халқының егемендік құқықтарына жасалған қастандық деп бағалады. Ал 1994 жылы Әзербайжан басшылығына оралғаннан кейін бұл оқиғаларға саяси-құқықтық баға берілді, қылмыс жасаған тұлғалардың есімдері жарияланды. Содан бері Әзербайжанда 20 қаңтар жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Бұл оқиғалар кезінде мүгедек болған азаматтардың әлеуметтік қорғалуы күшейтілді. Осы саясатты жалғастырған Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев 20 қаңтар оқиғаларында шейіт болғандардың отбасылары мен мүгедектеріне ерекше қамқорлық көрсетіп келеді.
Ұлт басына төнген трагедияны елдің үкіметі мен тарихшылары халықаралық құқық нормаларына сәйкес адамзатқа қарсы жасалған қылмыс ретінде бағалануға тиіс екенін айтып келеді. Бүгінде жыл сайын жалпыұлттық аза тұту күнінде әзербайжан халқы сол қайғылы түнде қаза болғандарды құрметпен еске алады. Әр жылы жүздеген мың адам ел астанасының ең биік нүктесінде орналасқан Шейіттер аллеясына ел егемендігі жолында күрескен оғландарын еске алып, рухына тағзым етеді. Мұнда жиналған халықтың көптігі отан үшін құрбан болған қаһарман ұлдардың жарқын бейнесіне деген құрмет пен тағзымның айқын дәлелі болса керек.