25 Маусым, 2010

ҮКІМЕТ “Егемен Қазақстанның” апталық қосымшасы

394 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
ЖЕРҰЙЫҚҚА ҚАРАЙ 72 ҚАДАМ Үстіміздегі жылдың 1 шілде­сіне дейін елімізде Қазақстанның индустрияландыру картасына енгізілген 72 инвестициялық жоба іске қосылмақ. Біз мұны дағдарыс әсерінен шығысымен алға қарай ұмтылыс танытқан еліміздің кезінде Асан қайғы бабамыз аңсаған Жерұйығына қарай 72 қадам жасау деп бағаладық. Неге Жерұйық? Неге 72 қадам? Осы туралы барынша қысқа мәнінде ой қозғап көрейік. Осыдан бес ғасыр уақыт бұ­рын алғашқы қазақ хандығының уығы шаншылып, шаңырағы көтерілген тұста сол хандықтың басты идеологиясының бірі Жер­ұйықты аңсау болғандығы белгілі. Хандықтың басты идеологы болған Асан қайғы бабамыз Әз-Жәнібек ханға қарата: “...Тіл алсаң іздеп қоныс көр, Желмаяға мініп жер шолсам, Тапқан жерге ел көшір” дейді. Сөйтіп, Асан қайғы бабамыз Желмаяға мініп алып, жер шолуға кіріседі. Қазіргі қазақ жерінің та­лай түкпірінде болып, ол өңір­лер­дің артық-кемін бағалап, қасиетін көрсетіп айтқан сөздері арада бес ғасыр өтсе де әлі күнге дейін халықтың есінде. Алайда, амал нешік Асан қайғы бабамыз іздеген Жерұйығын таба алмай Ұлытауға келгенде көз жұмыпты деседі. Содан кейінгі патшалы Ресей­ге үш жүз жылға уақыт бодан болған, алып империя Кеңестер одағының 70 жыл жетегінде жүр­ген уақытты артқа тастап, Қазақ­стан өз тәуелсіздігіне қайтадан ие болды. Еліміздің Тұңғыш Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Жерұйықты іздеу идеясы қайтадан бас көтерді. Оның негізгі жобасы Қазақстан­ның 2030 жылға дейінгі даму стра­тегиясында қаланды. Елбасының көреген басшылығымен Алатаудан Арқаға, қазақ жерінің кіндігі, Еуразия құрлығының жүрек тұсы саналатын Ақмолаға халық көші басталды. Осының негізінде 10 жылдың ішінде әлем таныған әсем Астана асқақтай бой көтерді. Бұл Жерұйықты іздеу идеясының жүзеге аса бастағандығының белгісі емес пе, халайық! Біз ақыры Асан қайғы баба­мыз арман еткен, бүкіл халық аң­саған Жерұйықты басқа қырынан тауып отырмыз. Байқап қарасақ, қазіргі Қазақстанымыздың қай түкпірі болмасын Жерұйыққа лайық мекен екен. Басты мәселе осы Жерұйықты ел ұйыққа айнал­дыру – Қазақстан халқының бәсекелестік қабілетін, яғни оқу мен білімін дамытып, денсаулы­ғын нығайту болып отыр. Өйт­кені, Жерұйықты ашу үшін, жер байлығын игеру үшін халқымыз қабілетті болуы керек екен. Біз қазір міне, осы жолмен келеміз. Президенттің бастамасы және тікелей қолдауымен өмірге келген “Болашақ” бағдарламасы, “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарла­масы, 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу идеясы, халықтың әл-ауқатын жақсарту жолында жасалып жатқан көптеген шара­лар, ең ақырында биылғы жылдан бастау алып отырған еліміздің 2014 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы біздер үшін осы жолдың бел-бе­лестері болып табылады. Осы жол­да жүзеге асқан әрбір индустрия­лық жоба біздің алға қарай қадам басқанымызды білдіреді. Демек, үстіміздегі жыл­дың бірінші жар­тысында елімізде 72 индустриялық жобаның жүзеге асуы, бұл – біздің қазақ халқының ұлы мұраттарының бірі болып табылатын Жерұйыққа қарай 72 қадам алға басқанды­ғымызды білдіреді. Байқап қарасақ, Елбасы осы өткен 10 жылда Астананы салып, көркейтіп алды. Оны түрлі әлемдік басқосулардың мекеніне айнал­дырып, халықаралық қауымдас­тыққа танытты. Енді өңірлік даму мәселелеріне қатты көңіл бөлуде. Соның жарқын бір мысалы ретінде еліміздің 2014 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын айтуға болады. Сөз болып отырған үстіміздегі жылдың бірінші жарты жылдығында пай­далануға берілетін 72 индустриялық жоба осы бағдарламаның аясында жүзеге асуда. Ол жобалардың басым көпшілігі, тіпті түгелге жуық деп айтуға болады, өңірлерден салынуда. Ендеше осы бір жәйтті талдап көрейік. Осы аптада өткен Үкіметтің селекторлық кеңесінде баяндама жасаған Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орын­ба­сары Альберт Рау 72 жобаның 70-і өңір­лерде жүзеге асатындығын, екі жоба Астана мен Алматы қала­ла­рының еншісінде екендігін айт­ты. Бұл дегеніміз өңірлерді гүл­дендіру деген сөз. Өйткені, өңір­лерде ха­лыққа жұмыс беретін кәсіпорындар мен зауыттар са­лы­нып жатса, ол өн­діріс орын­да­ры­ның барлығы жаңа технологиямен жұмыс істей­тін болса, бұл өңір халқының әл-ауқатын жақсарту деген сөз емес пе? Мәселен, осы бірінші жарты жылдықтың өзінде ғана Ақтөбе облысында 12 бірдей жоба жүзеге аспақ. Соның бірі мыс пен құра­мында мысы бар мырыш рудала­рын өңдеу ісімен айна­лы­сатын №2 байыту фабрикасының құны 10 миллиард теңгеге бағаланған. Ал Жаңажол жылу электр стансасы­ның екінші кезегі жақында ғана іске қосылды. Оның жобалық құны 4 миллиард 372 миллион теңге тұрады. Бұл жоба өңірде  тапшы болып келген электр қуатын өндіру ісіне үлес қосатын болады. Ал ме­дициналық тех­ни­калар өндірісінде біздің еліміз үшін қат болып келген компью­терлік томографтар шыға­рыла бастамақ. “Париж коммунасы ХХІ” ЖШС-нің іске қосылып отырған мал шаруашылығы кешені аймақтағы ет, сүт өнімдерінің үлесін арт­ты­ратын болады. Міне, бір өңірде, 6 айдың ішінде ғана іске қосылатын индустриялық жоба­лардың өңір халқы үшін осындай маңызы бар. Енді Алматы облысына келсек, мұнда жарты жылдың ішінде жаңа жылыжай кешені, соя өңдейтін екі бірдей зауыт, табиғи тастарды өңдейтін зауыт, медициналық дәрі-дәрмектер шығаратын, сүт өнім­дерін өңдейтін өндіріс орындары және Қаратау су электр станса­сының жаңа кезегі іске қосылатын болады. Қарағанды облысында жиыны 17 миллиард теңгені құрайтын 6 жоба әзірлік сатысында тұрса, Павлодар облысында үсті­міздегі жылдың 25 маусымында іске қосылуы жоспарланған элек­тролиз зауытының екінші кезегінің құны 74 миллиард 700 миллион теңге тұрады. Бұл облыста бұдан басқа да 6 бірдей маңызды жоба 1 шілдеге дейін толық пайдалануға беріледі екен. Міне, осындай ин­дустриялық жобалар Қазақстанның кез келген өңірінде салынып іске қосылуда. Біз осы мақалада, жоғарыда айтып кеткеніміздей, үстіміздегі жылдың бірінші жарты жылды­ғында пайдаланылуға берілетін 72 жоба жайында ғана әңгіме қозғап отырмыз. Яғни әңгіме 6 айдың айшықты жобалары туралы ғана болып отыр. Ал мұндай жобалар­дың іске қосылуы келесі жарты жылдықта жалғаспақ. Сөйтіп, Қазақстанда 2010 жылы жиыны 144 индустриялық жоба іске қосылмақ. Мұның сыртында облыстардың өздері жүзеге асырып жатқан басқа да инвестициялық жобалар қан­шама. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында биылғы жылы 22 индустриялық жоба жүзеге асатын болса, мұнан тыс облыстың өз еншісіне тапсырылған тағы да 14 инвестициялық жоба тұр. Сонда ел іші қайнап жатыр, еліміздің алдағы дамуына үлкен ықпал ететін, алға басқан қадамын одан әрі ұзарта түсетін жаңалықтар мен жақсы­лықтар бірінен кейін бірі балалау үстінде деп анық айта аламыз. Ал мұндай жобалардың бір-екеуін іске асыруды қойып, өздерінің астана­ла­рында, үлкен қалаларында жы­лына көп қабатты екі-үш үй тұр­ғыза алмай отырған елдер әлемде аз ба? Ондай елдер алысқа бармай-ақ өз айналамыздан да табыла­тындығы айқын. Сонда Қазақстан­дағы қазір жүріп жатқан өзгеріс­терді кезінде ата-бабамыз аңсаған Жерұйық идеясының жүзеге аса бастауы деп бағалауымыздың ешбір сөкеттігі жоқтығын көзі қарақты оқырман қауымның өзі де жақсы түсінер. Алдымыздағы дүйсенбіде осы мақалада сөз болған индустриялық жобалар бағдарламасын ашу рәсімі өткізілмек. Оған телекөпір арқылы еліміздің барлық өңірлері қатыса­ды. Әрбір өңірдің осынау қуаныш­қа тартатын өзіндік тарту-тарал­ғысы бар. Ол – іске қосылатын индустриялық жобалар, яғни са­лынып, қайта жаңғыртылып үлгер­ген кәсіпорындар мен зауыттар, инфрақұрылымдық нысандар, басқа да өндіріс орындары. Ендеше іске сәт дейік,  ағайын! Алға басқан қадамымыз әркез аршынды бол­сын! Елбасымыздың басшылығы­мен, Елбасы идеяларын жүзеге асы­рушы Үкіметтің іскерлік әрекеттерімен ата-бабамыз аңсаған Жерұйықты жаңғыртып, оны жеделдетіп Елұйыққа айнал­дырайық демекпіз. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.