
Сурет: elordainfo.kz
Аталған білім бәйгесі бес күнге созылды. Оған қатысушылар екі тур бойынша бақ сынады. Командалардың құрамы ұлттық пәндік олимпиадалардың нәтижелері бойынша анықталды. Тапсырмалар күрделілігі мамандандырылған сыныптар бағдарламасына сәйкес келді. Бұл халықаралық қазылар алқасымен құрастырылған. Қазылар алқасының төрағасы – академик, Еңбек Ері Асқар Жұмаділдаев.
«Республикалық физика-математика мектебі» басқарма төрағасының бірінші орынбасары Алмас Күнғожиннің айтуынша, бұған дейін бұл байқау Алматыда өтіп келген. Елордада алғаш өтіп жатыр.
«Биыл бұл олимпиада 21-рет өтуде. Сондықтан оның маңызы үлкен. Оған 90-нан астам команда қатысып отыр. Мәселен, әр команда бойынша математикадан – 3, физикадан – 2 және информатикадан 2 оқушы бақ сынады. Сондай-ақ командалар бір мектептен болуы керек. Жеткіншектер сұрақтарға өздері қалаған тілде жауап береді. Жеңімпаздарға елімізге белгілі университеттерден грант ұсынамыз», деді А. Күнғожин.
Байқауға 15 елден алыстан ат арытып жеткен оқушылардың олқысы жоқ. Бәрі білімді. Мысалы, Алматы қаласынан келген Мирас Базарбай білім бәсекесіне екінші рет қатысып отыр.
«Бұл олимпиада өзіме ерекше ұнайды. Дегенмен қиындығы да бар. Бірақ мен үшін жарыстың нәтижесі маңызды емес. Халықаралық деңгейдегі іс-шараға қатысудың өзі – жақсы жетістік. Болашақта еліміздегі үздік университеттердің біріне оқуға түсіп, туған жеріме қызмет істесем деймін», деді ол.
Сонымен, олимпиада қорытындысы бойынша 69 оқушы алтын медальға ие болса, күміс медальды 100 қатысушы иеленді. Ал қола медаль 150 жеткіншекке бұйырды. Біздің оқушыларымыздың арасында 21 өрен жеңіс тұғырынан көрінсе, 33 оқушы екінші орынға қол жеткізді. Үшінші орынды 63 оқушы алды. Қысқасы, ел қоржынына озат өрендер бас-аяғы 117 медаль олжа салды. Жеңімпаздардың бәрі бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Дидар АСЫЛХАН,
Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті