Сараптама • 23 Қаңтар, 2025

Зейнетақы аннуитеті не береді?

94 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Зейнетақы аннуитеті азаматтардың жинақтарын сақтандыру мен өмірдің түрлі кезеңінде пайдалану мүм­кіндігін қамтитын зейнетақы жүйесі реформасының арқа­­сында қолжетімді болды. Ұзақ мерзімде бұл қадам зей­нет­­керлердің қаржылық тәуекелін еңсеруге көмектесіп, неғұрлым тұрақты әлеуметтік инфрақұрылым құруға ықпал етуге тиіс.

Зейнетақы аннуитеті не береді?

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Зейнеткерлерді ма­териал­­дық қам­сыз­дан­дыру тұрғысынан елімізде құрметті демалысқа ресми түрде шығуды күтпей-ақ зейнетақы төлемдерін алу тетігі белсенді дамып келеді. Зейнетақы аннуитетін БЖЗҚ салым­шысына неғұрлым жас, еңбек­ке жарамды жаста зей­нетақы төлемдерінің балама көзін қалыптастырып, қарт­тықта өзін тұрақты табыс­пен қамтамасыз етуге мүмкіндік бере­тін зейнетақы жоспары деуге болады. Яғни зейнетақы капи­талының жеткілікті мөл­шері бар кез келген азамат сақ­тандыру ұйымымен келісім­шарт (сақтандыру компаниясы зейнетақы жинақтары бар азаматқа бiр жолғы төлемге айырбасқа тұрақты қаражат төлеуге мiндеттенетiн шарт) жасасып, өзіне кепілдендірілген табыстың қосымша көзін жасай алады. Бұл сома әдетте жеке зейнетақы шотындағы жи­­нақ­талған қаражаттың бір бөлі­гін немесе бүкіл сомасын құрайды. Зейнетақы аннуитеті шартын жасай отырып, азамат 55 жасқа толғаннан кейін кепілдік берілген табысты өмір бойы алу құқығына ие болады. Өз кезегінде сақтандыру ұйымы мұндай шартты жасай отырып, салымшыға шын мәнінде өмір бойғы сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру жөнін­де міндеттеме алады.

Аннуитет азаматтарға эконо­миканың тұрақсыздығынан не­месе денсаулығының нашарлауынан жинақтарын жоғалту қаупін төндірмей, тұрақты табыс алу мүмкіндігін береді. Төлемге кепілдік, ұзақ мерзімге байланысты тәуекелдерді азайту, сондай-ақ дербестендірілген жағдайлар бұл қаржы өнімін лайықты қарттық қамын жан-жақты ойлап, жоспарлайтын азаматтар үшін тартымды ете­ді. Зейнетақы аннуитетінің танымалдығы адамдардың зей­­­­нетке ерте шығуға қызығу­шы­­­лығымен де арта бастаған. Сондай-ақ шарт жасасу, әсiресе зейнетақы жинақтары жеткi­лiк­тiлiгiнің жаңа талаптарына сәйкес келетiн азаматтар санатының арасында өсіп отыр. Өткен жылдың қарашасындағы дерекке сүйенсек, елде осындай 106 мың шарт тіркелген.

Кейінгі жылдары зейнетақы аннуитеті жөніндегі ең төменгі төлем ең төменгі күнкөріс дең­гейінің 70%-ына дейін азай­тылуына сәйкес шарт жа­сасуға қажетті зейнетақы жи­нақтары жеткіліктілігінің шегі де төмендеді. Зейнетақы аннуитет­терінің жағдайын Қар­жы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қабылдаған индек­стеудің ең төменгі мөл­шер­лемесін 5%-дан 7%-ға, ал кірістіліктің ең жоғары мөл­шер­лемесін 6%-дан 9%-ға дейін көтеру шешімін нығайта түсті. Сонымен қатар зиянды өндірістердегі қызметкерлер мен мүгедектігі бар адамдардың зейнетақы аннуитеті шарттарын жасасу шарттары өзгерді. Бұрын клиенттерге шарт жасасу кезінде ерлер мен әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығының әдеттегі мәндері қолданылған болса, қазір аннуитет құнын әділ есептеуге негізделген арнайы кесте енгізілді.

Дамыған елдерде зейнетақы аннуитеті шарттары ерікті және міндетті сипатта зейнетақы жү­йесінің ажырамас бөлігіне айналған. Бұл ретте көптеген зейнеткер бiрлескен сақтан­дыру өнiмдерiне басымдық бередi. Біздің еліміз де зей­нетақы реформасының маңыз­ды элементтерін зерделеп, аза­маттарға өздерінің мақсат­та­ры мен қажеттіліктеріне қарай зейнетақы төлемдерінің нұсқасын таңдауға мүмкіндік жасайтын тиімді әлеуметтік өнімдер желісін кеңейтуге бағыт алды. Бірлескен зейнетақы аннуитеті келісімшартқа бір адамның емес, ерлі-зайып­ты­­лардың немесе жақын туыс­тардың қатысуын еске­реді. Мы­салы, егер ерлі-зайып­ты­лар­дың біреуінің өмірді сақ­тандыру компания­сында аннуитет сатып алуға зейнетақы жинақтары жеткіліксіз, екіншісінде артық болса, онда бірлескен зейнетақы аннуитеті арқылы олардың екеуіне де өмір бойы төлемдер қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ азаматтарға аннуитеттің төлемдерді шарт жасасқаннан кейін бірден емес, белгілі бір уақыт аралығынан кейін бастайтын кейінге қалдырылған түрі де ұсынылады. Бұл нұсқа неғұрлым кеш жаста барынша ірі төлемдер алғысы келетіндер немесе басқа да табыс көздерін толықтырғысы келетіндерге қо­лайлы.

Таңдау негізді болсын десек, кез келген қаржы құралының артықшылықтарын саралау­мен бірге, жетілдіретін тұс­тарын да мұқият талдаған жөн. Ха­лық­аралық тәжірибе зей­нет­кер­лердің 70–80 пайызы зей­нет­ақылық сақтандыруды таң­дай­тынын көрсетеді. АҚШ-та, Канадада, Батыс Еуропада іс жүзінде әрбір отбасында аннуитеттік сақтандыру бар. Қаржы өнімдерінің ерекше­лік­терін отандастарымыз да бағалайды-ақ. Бірақ халықтың басым бөлігінің зейнетақы жи­нақ­тары зейнетақы аннуи­теті шартын жасасуға қажетті шекке әлі де жетпейді. Аннуитет ресімдеуге қомақты сома – шамамен 8–10 миллион теңге жи­нақ­тау керек. Қаржы өнімі­нің адамдардың шағын тобы­на ғана қолжетімді екенін «Ер­лер мен әйелдер зейнетақы аннуитеттерін шамамен тең мөл­шерде сатып алады. Көбіне өнімнің қаржылық тетіктері мен артықшылықтарын жақсы түсінетін жоғары білімі бар тұлғалар белсенділік танытып отыр», деп жазған «Nomad life» өмірді сақтандыру компаниясы да сипаттап берді.

Аннуитет тұрақтылыққа ке­­піл­дік бергенімен, әлеуетті кіріс­­ті­лік жоғары тәуекел­дер­мен салыстырғанда шек­телуі мүмкін. Әдетте зейнетақы ан­нуитетін сатып алған жағ­дай­да зейнеткер депозиттер немесе қор нарықтары сияқты әртүрлі қар­жы құралына сол қара­жат­ты инвестициялаудан алуға болатын сомадан төмен төлем­дер­дің тіркелген сомасын алады. Қаржы нарығындағы төмен мөлшерлемелер жағдайында сақ­тандыру компаниялары зей­нетақы жинақтарынан жинай алатын кірістілік шектелген. Бұл аннуитет таңдаушы зейнеткерлер үшін төлемдер сомасының салыстырмалы түр­де аз болуына әкеледі. Демек тауарлар мен көрсетілетін қызметтер бағасы қымбаттаған жағ­дайда зейнеткер өзінің бар­­лық қажеттілігін жаба алмауы мүмкін. Сондай-ақ көп­теген аннуитеттік келісім­шарт қаражат қалдығын мұра­гер­лерге беруді көздемейді. Бұдан бөлек, зейнетақы аннуи­тетін жасасу кезінде өмірді сақ­тандыру жөніндегі ком­па­нияның ұзақмерзімді қар­жылық тұрақтылығын ескеру де маңызды. Мұндай тәуекел мемлекеттік реттеу есебінен барынша азайтылғанымен, оны толық жоққа шығаруға да болмайды. Сондықтан дұрыс шешім қабылдау үшін қаржылық өнім­нің ерекшеліктері мен кемшін тұстарын жете түсіну қажет.

Зейнетақы жүйесін қазіргі заманғы экономикалық шын­дыққа бейімдеуге, егде адам­дар­дың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған рефор­малардың бір аспектісі ретінде зейнетақы аннуитеті әлі де көп талқылауға арқау болатыны анық. Бұл тұрғыда мемлекет, жеке сақтандыру компаниялары, халық арасындағы ынты­мақтастық аясында алда­ғы жүйелі өзгерістердің дені зейнетақы аннуитеттерін аза­маттардың көп бөлігіне не­ғұрлым тартымды, қолжетімді етуге арналатыны да түсінікті.