Тарих • 24 Қаңтар, 2025

Бізге беймәлім бір ерлік

180 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңісті жақындатқан стратегиялық маңыз­ды шабуылдың бірі – Висло-Одер операциясы. 1945 жылдың 12 қаңтары мен 3 ақпаны арасында болған қанқұйлы операцияны Бірінші Беларусь және Бірінші Украин майдандарының күштері жүргізді. Аталған шайқаста қазақ­тың батыр ұлы Ысқақ Ыбыраев ерлік көрсетіп, «Кеңес Одағының батыры» атағын алды.

Бізге беймәлім бір ерлік

Коллаждарды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Висло-Одер операциясына» Бірін­ші Украина және Бірінші Беларусь майдандарының 2,2 миллион әскері жұ­мылдырылып, оларға 560 мыңға жуық сарбазымен генерал-полковник Йозеф Харпе басқарған «А» неміс әскерлерінің тобы қарсылық көрсетті. Осы 3 миллионға жуық әскер қатысқан қантөгіс майдан туралы фашистік танк әскерлерінің генерал-майоры Фридрих Вильгельм фон Меллентиннің: «Висладағы кеңес әскерінің шабуылы бұрын-соңды болмаған күшпен алға ұмтылды. 1945 жылдың алғашқы айларында Висла мен Одер арасында болған қырғынды елестету, ауызбен суреттеп жеткізу мүмкін емес. Еуропа жұрты жер бетінен Рим империясының жойылғаннан бері мұндай сойқанды көрген емес», деп жазған.

12 қаңтар күні Бірінші Украина майданының әскерлері Польшаның оңтүстік-шығысындағы Сандомир қаласының маңына бекінген неміс әскерлеріне қарсы шабуылға шықты. Екі күннен кейін солтүстікке қарай жүз шақырым жерде, Магнушев пен Пулава қалаларының маңындағы плацдармдардан Бірінші Беларусь майданының бөлімшесі алға жылжи бастады.

Бес күндік үздіксіз шайқастан кейін 17 қаңтарда жаудың танк күштері жойылып, немістің далалық армиясы айтарлықтай шығынға ұшырады. 17 қаңтарға дейін созылған Висло-Одер операциясының бірінші кезеңінде кеңес әскерлері 100-150 шақырым жерді жау әскерінен азат етіп, бірнеше елді мекенді тазартты.

Кеңес одағы әскерінің қолбас­шы­лары, маршал Георгий Жуков пен мар­шал Иван Конев басқарған операция нәтижесінде қызыл әскер Берлинге бекін­ген жау әскеріне шабуылға шығуға жол ашып, Висладан батысқа қарай Поль­ша аумағын жаудан босатып, Одер­дің сол жағалауындағы плацдармды басып алды. Операция қарқынды жүріп, Кеңес әскері тәулігіне 20-30 шақырым алға жылжып, жиырма күн ішінде жаудың 7 бекінісі мен 2 ірі су тосқауылын бұзып өтті.

Осы шайқастың екінші күні, яғни 1945 жылдың 14 қаңтарында кеңес армиясы жау бекінісіне артиллериядан оқ жаудырып жатқанда гвардия лейтенанты Ысқақ Ыбыраев басқарған взвод от пен оқ­тың астында жүріп, миналанған алаң­дар­ды кесіп өтіп, әскерге өткел ашып берді.

Ысқақ Ыбыраев алғаш болып, жау бекінген орға секіріп түсіп, қоян-қолтық ұрыста неміс офицері мен жаудың бірнеше сарбазының көзін жойып, траншеяны басып алды. Осылай оқ бораған дзоттың аузын жауып, жаяу әскерді алға жібермей тұрған пулемет нүктесін гранатамен жарып жіберді. Қазақтың батыр ұлы жау әскерінің қарсы шабуылына да тойтарыс беріп, қарсыластың шебін бұзып гвардияшылардың Пилица өзеніне өтуіне жағдай туғызды.

18 қаңтар күні кеңес одағы әскерінің маршалы Иван Конев Ысқақ Ыбыраевты «Кеңес Одағының батыры» атағына ұсын­ды. Арада бір ай, он күн өткеннен кейін жаудың берік бекінісін бұзған батырдың ерлігі лайықты бағаланып, КСРО Жоғары Кеңесі төралқасының Жарлығымен «Кеңес одағының Батыры» атағы берілді.

Кеңес одағының батыры Ысқақ Ыбыраев 1911 жылдың 10 мамыры күні Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Қаратал ауылында дүниеге келген. 1944 жылы Могилев жаяу әскер училищесін бітіргеннен кейін Бірінші Беларусь майданының 5-екпінді армиясына қарасты 60-гвардиялық атқыштар дивизиясының 177-гвардиялық атқыш­тар полкінің взводын басқарған. Соғыс­тан кейінгі жылдары туған жерінде пар­тиялық лауа­­зым­ды қызметтер атқарды. 1965 жыл­дың 13 мау­сымында 54 жасында дүниеден озды.

Қазір Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданына қарасты бір ауылдың аты батырдың есімімен аталады.