Несие • 24 Қаңтар, 2025

Алмақтың да салмағы бар...

1238 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде елді алаңдатып отырған мәселенің бірі жөн-жосықсыз, шамадан тыс алған түрлі кредиттік қарыздар екені белгілі. Осы тұрғыда Үкімет халықтың ретсіз несие алуын төмендету мақсатында бірқатар жүйелі, жедел шара қабылдады. Азаматтарды қаржылық сауаттылық курстарымен қамту, несие беру, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау кезінде тәуекелдерді азайтуға қатысты заңнамалық түзетулер енгізді.

Алмақтың да салмағы бар...

Соның арқасында азаматтар кредиттер жөніндегі өз мін­деттемелерін орындауға жауап­кершілікпен қарай бас­тады. Мұндай қорытындыға осы бағытта зерттеу жүргізген са­рапшы мамандар келіп отыр. Айталық, «Robokesh.kz» микро­қаржы ұйымы жүр­гізген сауалнамаға сәй­кес, азамат­тардың 73%-ы кредит­терді өтемеу құқық бұзушылық деп санайды. Бұрынырақта олардың үлесі 60%-дан аз болған. Ең тәртіпті қарыз алушылар – көбінесе қалаларда тұратын 26 мен 45 жас аралығындағы адамдар. Са­рапшылар мұн­дай оң өзгерісті халық ара­сында қаржылық сауат­ты­лықтың өсуімен, қарызды қайта құрылымдау бағдарлама­ларының қолжетімділігімен, азаматтардың осындай мүм­кіндіктер жөнінде көбірек хабардар болуымен байланыстырады.

Дегенмен, зерттеуге қатысу­шылардың кредиттерді өтеу мәселесіне қатысты ой-пікірлері екіге бөлінеді. Респонденттердің 57%-ы егер адам түрлі көлденең өмірлік жағдайларға байланысты, мәселен, сырқаттануы, жұмысынан айырылуы, ажырасуы немесе экономикалық дағдарыстың әсерінен кредитті төлей алмаған болса, жеңілдік қарастырылуы керек деп есеп­тейді. Шамамен 9%-ы қаржы ұйымы дұрыс ақпарат бермеген, кредиттің нақты құнын жасырған, пайыздық мөлшерлемені немесе кредит төлемдерін біржақты кө­терген жағдайда кредитті өтеу­ден бас тартуға болады деп біледі.

Айта кету керек, азаматтардың 7%-ы, егер адам өзінің қаржылық мүмкіндіктерін ескермей, тым көп қарыз алған болса, кредит жөніндегі міндеттемелерден бас тартуға болатынына сенімді. Қатысушылардың тек 16%-ы кредиттің қайтарылмауын ақтай­тын себептер жоқ екенін айтады, 11%-ы бұл сұраққа нақты жауап беруден бас тартқан.

«Кейінгі бірнеше жылда ел тұрғындарының қаржылық жауаптылығы айтарлықтай өсті. Клиенттер өз міндеттемелерін жақсы біледі. Бұл қаржы көзде­рінің қолжетімділігімен ғана емес, сонымен бірге ашық болуымен де негізделеді. Қазірде қредитті ресімдеу кезінде әрбір адам артық төлем сомасын алдын ала біліп, салмақтап, шарттарды егжей-тегжейлі зерттей алады. Зерттеу нәтижелері халықтың қар­жылық білімі жақсарып келе жатқанын, тұрғындардың өзде­рінің мүмкіндігі, оның ішінде кредиттік міндеттемелерді уақ­ты­лы өтеу жауапкершілігі туралы көбірек ойлана бастағанын көрсетеді», дейді «Robokesh.kz» МҚҰ бас директоры Алмаз Торутаев.

Зерттеу мәліметтеріне сәйкес, азаматтардың шамамен үштен бірі (28%) өткен жылы қаржылық жүктемесі төмендегенін, 32%-ы ке­рісінше кредиттік міндеттеме­лерінің өскенін, 17%-ы ескі міндет­темелерін толық өтей алға­нын атап өтті. Қалған респонденттер қаржылық жүктемелері бір жыл бұрынғы деңгейде қалды деп есептейді.

«Кредиттік міндеттемелерді орындау – қарыз алушылар үшін де, кредит берушілер үшін де маңызды мәселе. Бүгін­де қаржылық тәртіптің өсіп келе жатқаны қуантады. Адам­дар кредит таңдауға, өз мүмкін­діктерін байыпты бағалауға жауапкершілікпен қарай бас­тады. Бұл көбінесе қаржылық сауаттылық бағдарламаларының, қарыз алушылардың жинақтал­ған тәжірибесінің нәтижесі. Түрлі қиындықтар туындап жа­та­ды, сондайда жағдайды ушық­­тырмай бірден әрекет еткен жөн. Қарызды қайта құры­лым­дау немесе төлемдерді кейін­ге қалдыру нұсқаларын тал­қы­лау барысында кредит беру­ші­лермен ашық әңгіме құру, қар­жылық тәртіпті берік ұстану қиын жағдайдан жылдам шығуға жәрдемдеседі. Жауапкершілік – қаржылық орнықтылық пен болашаққа деген сенімділіктің кепілі», дейді жеке қаржыны басқару жөніндегі кеңесші, №1 қаржылық сауаттылық мекте­бінің басқарушы серіктесі Зарима Атабаева.

Жалпы, тұрғындардың шамадан тыс несие алу мәселесінің ұтымды шешімі – жаңа өндірістер мен тұрақты жұмыс орындарын көптеп құру. Бұл шаралар халықтың табысын арттыруға, кредит алуын азайтуға барынша оң әсер етеді.