Қоғам • 28 Қаңтар, 2025

«Заң мен тәртіп» қағидасы халықтың санасына терең сіңуі қажет - депутат

146 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрсұлтан Байтілесов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан мәселелері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Заң мен тәртіп» қағидасы халықтың санасына терең сіңуі қажет - депутат

Фото: Ашық дереккөз

«Қоғамдағы құқықтық тәртіп пен адам құқықтарын қорғау – елдің тұрақтылығы мен дамуы үшін маңызды факторлар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құқықтық тәртіпті нығайту мен адам құқықтарын қорғаудың маңыздылығын атап өтуі – мемлекеттің дамуына жол ашатын үлкен қадам. «Заң мен тәртіп» қағидасы халықтың санасына терең сіңуі қажет. Қарапайым азаматтардан бастап жоғары лауазымды шенеуніктерге дейін өз әрекеттерін құқықтық нормалар тұрғысынан бағалауы тиіс. Сонымен қатар әрбір құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидатының ұстанылуы қоғамда әділеттілікті қамтамасыз етіп, тәртіпті орнатуға негіз болады. Заңды сақтаудың жалғыз жолы тек жазадан қорқу емес, терең ішкі сенім болуы керек. Бұл – қоғамдағы әділеттілікті қамтамасыз етіп, тәртіпті орнатуға негіз болады», деп жазды Н. Байтілесов.

Депутаттың пікірінше, тарих пен әлемдік тәжірибе көрсеткендей, тәртіпті қамтамасыз ету үшін белгілі шаралардың болуы қажет.

«Диалог пен түсіністік арқылы қоғамда келісім мен татулықты сақтау – елдің тұрақтылығының кепілі. Бауыржан Момышұлы «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген. Сондықтан заңға бағыну, тәртіпті болу – құл болғанның белгісі емес, керісінше әділетті қоғам құруға қосқан үлес. Мемлекет басшысының бұл мәселеге көңіл бөлуі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және елдің дамуы үшін өте маңызды», деді депутат.

Нұрсұлтан Байтілесов мемлекет заң мен тәртіпті қамтамасыз ету үшін үлкен жауапкершілік алып отырғанын тілге тиек етті. Бұл тек биліктің міндеті ғана емес, әрбір азаматтың да ортақ міндеті екенін түсіну керек.

«Мемлекет пен қоғам арасында заңды құрметтеу мен оған бағыну арқылы баршамыз әділетті қоғам құруға үлес қосамыз.Заңға құрметтің негізі отбасында қаланады. Мемлекет дәстүрлі отбасы құндылықтарын қолдап, балаларға ережелер мен нормаларды құрметтеуді үйретуге үндейді. Бұл құқықтық тәртіптің нығаюына ықпал ететіні сөзсіз», деп қорытындылады депутат.