Кешегілерден естігеніміздің әсері болар. Бірақ аузың бармайды. Өйткені, не көріппіз сонша, кешегілердің көргенінің қасында біздікі ойыншық қой. Дегенмен, біз де олар көрген қиындықты бастан өткермесек те естідік, жанымызбен түйсіндік, жүрегіміз ауырды. Олардың бойларындағы қорқыныш, дерт, үрей қанмен біздің жан-тәнімізге тарады. Мұның зардабы да оңай емес, әрине...
Ойлап отырсақ, біз де біраз нәрсе көріппіз, естіппіз, түйсініппіз, сезініппіз. Солардың барлығын ой елегінен, сана сарабынан өткізер болсаңыз жадыңда қадау-қадау дүниелер жаңғырып тұрып алады, жарықтық... Оның барлығын толық қамтып жазу не айту мүмкін де емес, сондықтан кейбір жағдаяттардың шетіне ғана ой жүгіртіп, «тісіңе басып, таңдайыңа тиігізіп, дәмін алғандай» боласың... Сонымен...
Қазақ тұрмысында көп қолданылған бұзау-тұлып, тон-тұлып жиі есіме түседі. Онысы несі екен?.. Бізге белгілісі, қазақ үш затқа тұлып атауын берген. Үшеуінің де түп-төркіні бір сияқты, бірақ үшеуі үш түрлі мақсатта қолданылған. Біріншісі – бітеу сойылған, жүні сыртына қаратылып, іші шөп-шаламға толтырылған бұзау терісі, екіншісі – көбіне қой терісінен тігілетін, ішінің жүні қалың, етегі ұзын, жағасы жүнді қыстық киім, өте жылы тон, үшіншісі – спортта қолданылатын кәдімгі «груша».
Біз бұл мақаламызда алғашқы екеуі жөнінде аз-кем сөз қозғасақ.
Бұзауы өлген сиырды исіндіріп, идірту үшін жасалған тұлып жөнінде сөз қозғағанда ақиық ақындар – Сағи Жиенбаев пен Жұмекен Нәжімеденовтің «Тұлып» атты өлеңдері еске түседі. Ақындардың аталған өлеңдерінде бұл тұлыптың анықтамасы, қызметі поэзия тілімен дәл берілген. Бұл өлеңдер тұлыптың тақсіретті кезеңдерде қазақ өміріндегі орны, аштықтан талмаусырап, көзі бозара қорек іздеген қаншама жанның көмейін жіпсіп, нәр алуына септігін қалай тигізгені жөніндегі қасірет жыры, үміт жыры секілді.
Жұмекен Нәжімеденовтің «Тұлып» атты өлеңінде:
«Қызыл бұзау арам қатты,
Терісін
сыпырып ап әжем желге кептіріп:
Қолдан бұзау жасап қойды қайтадан
теріге әлгі шөп тығып.
Неткен, неткен қаталдық:
Қызыл бұзау – қызыл тұлып атанды.
Көзі орнынан шөп көрінді сарғайып –
Шөпке тоймай өліп пе екен ол қасқа?!» дейді ақын.
Бұл шиеттей бала-шағаны ақсыз қалдырмау амалы, бұзауынан айырылған сауын сиырдың суалып кетпеуі үшін жасалған қарекет. Сиыр, оның сүті бір отбасының тіршілік көзі, өмірлерін жалғар қорек. Ал одан айырылу – өзек талу, өмірем қабу.
Одан әрі ақын:
«...Тек ол жолы...
Қызыл сиыр өрістен
Мөңіреп келді төрт емшегі шаншылып,
Шаншылғаны соншама
қойғандай ед әрқайсына қамшы іліп.
Сауыны асқан сиыр азан қағады,
Серпіп-серпіп тебінді артқы аяғын.
Қызыл-сәбиді аяп едім мен мана,
енді мына қызыл-ананы аядым.
Қызыл сиыр тұлыпты иіскеп,
Кенет бір
терілері жиырық қақты баурының.
Нықылықтап отырды әжем,
Шелектің
салдыратып баулығын...» дейді ақын тебірене.
Тұлыпқа исінген сиыр сүтті бұлақтай ағызды. Аш құрсақтар жұбанды. Өмір жалғасты. Адам тұлыппен сиырды алдаусыратты, онысын жұбату деп санады, ал жануар оған алданды ма, жоқ па кім білер? Бірақ алданбады дегеннің өзінде сиырдың одан басқа амалы бар ме еді? Бұзауының терісін искеп жұбанған сиырдай күй кешкен талай жанның ішкі мұңын:
«Бөркін иіскеп қаза болған ұлының
Қария отыр өзін алдап амалдап.
Жаңа шықтым сол үйден мен,
табанда
Мен де өзіңнің ұлыңмын ғой деп алдап...» деген жолдармен егілте, төгілте берген ақынның бұл өлеңінен тұлыптың талай қазақ баласының аштық құрсауынан амалдап шығуына себепкер болғанын көре аламыз.
Ал атақты Сағи Жиенбаевтың «Тұлып» деген өлеңінің орта тұсында:
«...Күтіп жүрдік, ұмытып бар қайғыны,
Ауызымыз аққа тиер ай-күнді!
Күрең қасқа сиыр біздің сол жылы
Туа сала бұзауынан айырылды...
...Содан кейін ашулы боп алды да,
Маңайына жолатпады жанды да...
Тұлып жасап терісінен бұзаудың
Бір күні апам апарды оның алдына...
...Бұзауым деп ойлады ма кәдімгі,
Босатты ма ол алпыс екі тамырды.
Бар денесі еріп бара жатқандай,
Бауырынан сүті саулап ағылды...», дейді ақын.
Суреткерден артық айта алмаймыз. Кәдімгі кепкен теріге жан бітіріп жібергендей ақын тұлыптың алдамшы бейнесі арқылы жалған өмірдің философиялық жай-жапсарын алдыңа жайып салады, тіршіліктің алдамшы кейпін көз алдыңа келтіреді. Негізгі ойына темірқазық болған бұл ойларын жеткізу үшін ақын тұлып пен сиырды мысалға алады. Ал біз тереңдемей-ақ бергі бетіне ғана ой жүгіртсек, тұлыптың талай қазақты «асырағанын» оңай ұғамыз.
Демек, қос ақын тебірен сөз етіп, қасиет «сіңіріп» жіберген бұл тұлыптың қазақ үшін орны бар.
Ал енді ойды-ой қозғай келе тон-тұлып жөнінде де бірер ауыз сөз айта кетейік.
Біздің үйде екі тұлып болды. Өте қалың болатын. Бірінің ішкі жүні қызылға, екіншісінікі қараға боялған. Апам Ділдаш бұл екі тұлыпты ұқыпты ұстайтын, сандыққа салып сақтайтын. Қыстың күні мал жаюға, жоқ іздеуге шыққанда ғана көкеме не бізге кигізетін. Кейін бұл тұлыптардың «тағдыры» қалай болғанын білмедім.
Тон-тұлып көбіне қой терісінен жасалады. Іші жүнді, қалың тұлыпты талай кидік. Қандай аяз болса да ызғар өткізбейді, ұзын етегі бұтқа, биік жағасы мойын-басқа пана, үскірік, боран үшін алынбас қамал. Бұл жағы түсінікті. Ал осы тұлыптың талай қазақ баласын аштықтан аман алып қалғанын біреу білсе, біреу білмес. Біз осы жағына тоқталайық. Бұл қалай дейсіз ғой.
Кешегі таршылықты заман. Қорек етер азық жоқ не тапшы. Балалар тарапынан «Апа қарным ашты» деген сөз күніне сан мәрте айтылады. Жүйкесі жұқарған үлкендер жағынан оған жауап ретінде «Қарныңа қара пышақ қадалғыр» деген жауап заматта қайтарылады. Өмірдің ішкі де, сыртқы да пішімі сүреңсіз, келте тігілген, жылуы жоқ жыртық киім секілді. Міне осындай замандарда шарасы аз қайран аталар мен аналар бір мезет тұлыпқа жүгініпті...
Күн ызғарлы. Киіз үй, жаппа тамдар іші азынап тұр. Бас көтерер жұрт ертелі-кеш ақысыз-пұлсыз колхоз жұмысында. Бәрі үйдегі ашқұрсақ перзенттеріне алаңдаулы. Үйді ысытып отырыңдар деп жағуға көрсетіп кетер отын, ішіп-жерсіңдер деп беріп кетер азық жоқ. Сондай кездерде тысқа үстеріне ілінгенін іліп шығар үлкендер тон-тұлыптарын үйлеріне қалдырып кетеді екен. Не үшін, біріншіден астарына сыз өтпесін деп жерге төсеген, екіншіден, ең маңыздысы еңбеккүнге алған не қаға берісте қырман немесе тағы бір жерден қалтасына ұрлап-жырлағандай болып ала келген бір уыс, бәлкім қос уыс үнемді жасырына қуырып, оны жұмысқа кетерлерінде әлгі тұлыптың қалың жүнінің арасына шашып кеткен. Бұл да бір шарасыздықтан туындаған амал. Әлгі бидайды теңдей бөліп уыстарына салып кетсе бала неме сол заматта асап жұтып жібереді де тағы тамақ іздейді. Ал қуырылған дәнді тұлыптың қалың жүнінің арасына шашып кетсе, бірден бәрін ауызға ытқыту мүмкін болмайды. Бала байғұс кешке дейін қалың жүннің арасынан бидай теріп күн өткізеді. Тамақ десе қаптаған бидай қалың жүн арасында жатыр. Ең бастысы бар, жоқ емес. Енді соны тауып жей бер. Содан байғұс бала бидайды талғажау етемін деп «орманнан» іздейді. Сілесі құриды. Тапқанымен құрсағын алдайды. Бұл қаурыт «жұмыстан» әлсіз бала тез шаршайды да ұйқы қысып жатып қалады. Уайымдайтын ештеңе жоқ, өйткені астында жып-жылы, қалың тұлып бар. Міне, қазақтың талай балалары осылай өтпелі кезеңнен өзегі талса да өмірем қаппай тірі шыққан. Ендеше, тон-тұлыпқа, әлгі амалды ойлап тапқан үлкендерге қалай разы болмайсың. Міне, солай.
Қазақ бұзау-тұлып пен тон-тұлыпқа шаш етектен қарыздар деп сеніммен айта алмаспыз, бірақ бұл мүліктердің кезінде талай ұрпақтың аман қалуына септігін тигізгенін біле жүрейік. Бұл да бір өткен тарихтың елес-бейнесінің бір қырын көз алдыңа әкелуіңе көмектесер, бәлкім.