Саясат • 29 Қаңтар, 2025

Ортақ алаңдағы салмақты ойлар

170 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әлемнің кез келген елі бетпе-бет келетін ға­ламға ортақ проблема­лар­ды бірлесе еңсеру – да­мы­ған мемлекеттерді бір арнада тоғыстыратын ортақ міндет. Орталық Азияның бірқатар елінен келген озық ойлы сарапшылар осы мәселелерді Алма­ты­да өткен 5-ші «ЕО-Орталық Азия азаматтық қо­ғам форумы» барысында тал­қылады.

Ортақ алаңдағы салмақты ойлар

Суретті түсірген – автор

Біріккен Ұлттар Ұйымының жоба­ларға қызмет көрсету жөнін­дегі басқармасы (ЮНОПС) ұйым­дастырған үш күн­дік іс-шара аймақтың бо­ла­­шағын қалыптастыратын ма­ңызды мәселелерді саралады. Атап айтқанда, цифрлық трансформация, климаттың өзге­руі, азаматтық қоғам қалып­тас­тырудың бүгінгі өрісі, жастар мәселесі, әйелдер құқы мен олардың қоғамдағы орны мен мүмкіндіктерін кеңейту секілді маңызды тақырыптар басқосудың өзегіне айналды.

Форум жұмысын ашқан Еуро­палық Одақтың Қазақс­тан­дағы елшісі Алешка Симкич де­мократиялық басқару мен ор­нықты дамуды ілгерілетудегі азамат­тық қоғамның маңыз­ды­лы­ғын атап өтті.

«Еуропалық Одақ Орталық Азия­мен қарым-қатынасын нығайтуға ынталы. Себебі өңірлік тұрақ­тылықты, әлеуметтік ин­клю­­зивтілікті және орнықты даму­­ды қамтамасыз етуге өз үле­сін қосатын азаматтық қо­ғам­­ның баға жетпес жұмысын қолдау маңызды. Ынтымақтаса отырып, біз жастар мен әйел­дердің өз болашағын қалып­тас­ты­ру­да белсенді рөл атқаруына мүм­кіндік береміз. Цифрлық транс­формациядан бастап, кли­маттың өзгеруіне дейінгі заманы­мыз­дың ең өзекті мәселелерін күш біріктіре шеше аламыз», деді ол.

Ұйым ұсынып отырған төрт жылдық бастаманың ауқымы кең. Сарапшылар пайымынша, өзара ынтымақтастықты нығайту өңірлік шешімдер қабылдау үдерісінде маңызды рөл атқармақ. Ең бастысы, ортақ тәжірибе алмасу алаңы Орталық Азиядағы азаматтық қоғам ұйым­дарының мүмкіндіктерін кеңей­те түспек.

Осы орайда еліміздің азамат­тық қоғам бастамалары мен өңірлік ын­тымақтастықты қол­дауға деген бейілділігіне тоқ­тал­ған Қазақстанның Аза­мат­тық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева: «Қазақстан аза­маттық қоғамды дамыту мақ­сатында ауқымды жобаларды қолға алып келеді. Бұл форум мақсаттарымызды үйлестіріп, Орталық Азия елдерінің өркен­деуі мен инклюзивті болуын қамтамасыз ету жолында бір­ле­се жұмыс істеуге бағыт­тал­ғаны анық. Азаматтық қоғам ұйымдары мен үкімет өкілдері арасында сындарлы диалог орнатудың маңызы зор», деп атап өтті.

Форум жұмысында мүдделі тараптар өңірлік сын-қатер­лерді тойтару бағытын­да тә­жірибе алмасып, қабыл­дан­ған шешімдердердің нәти­же­лерімен бөлісті. Өңірдегі аза­маттық қоғам әлеуетін ны­ғай­туға бағытталған «ЕО-ның Орталық Азияға арналған аза­маттық қоғамды қолдаудың ай­мақтық механизмі» жобасы арқылы қатысушылар әлеумет, экономика, қоршаған ортаны қорғау саласында ұзақмерзімді серіктестік орнатпақ.

Аустриядағы ЮНОПС Еларалық Кеңсесінің директоры мін­детін атқарушы Гюрель Гурканның айтуын­ша, тараптар ынты­мақтастығы білім алуға, серіктестік қарым-қаты­нас арнасын кеңейтуге, осы аймақ­тың елдері үшін ең ма­ңыз­ды мәселелер бойынша оң үдерістерді жеделдетуге кө­мек­те­седі. Сарапшы азамат­тық қоғам жергілікті деңгейде оң өзгерістер тудыру арқылы қай кезде де ауқымды жұмыстардың алғы шебінде тұратынын баса айтты.

Азаматтық қоғамның жандануына үлес қосатын бірден-бір құрылым – үкіметтік емес ұйымдар. Мемлекеттің ішкі мә­се­лелеріне азаматтардың белсене араласуы – дамыған елдерге тән қалыпты үрдіс. Дегенмен қоғамның саяси мәдениеті бір күнде қалыптаса салар шаруа емес. Бұл бағытта елімізде едәуір бастамалар қолға алынған.

«Бүгінгі таңда елімізде қа­был­данатын барлық шара аза­маттық қоғамның үні ескері­ліп барып жүзеге асады. Аза­маттық қоғамның пікірлері мен ұсыныстарын жүзеге асыруда Президент пәрменімен құ­рылған Ұлттық құрылтай ұлт­тық диалог алаңына айна­лып отыр. Құрылтайда ай­тыл­ған ұсыныстар ұзақмерзімді саяси және әлеуметтік мәдени ре­формаларға негіз болады. Былтыр екі маңызды заң қабыл­данған еді. Қоғамдық бақылау туралы заңның арқасында петиция институты енгі­зіліп, аза­маттық қоғамға мемлекет істе­ріне толық қатысу функция­ларын беретін тетіктер ен­гізілді. Бүгінгі форум еліміз үшін маңызды. Ең алдымен халықтық әріптестікті нығайтуға септігін тигізсе, екінші жағынан Қазақстанның Еуропалық Одақ елдерімен саяси-экономикалық һәм әлеуметтік-мәдени байланыстарын тереңдетуге серпін береді. Бүгін талқыланған тақы­рыптар тараптарға жаңа ин­вестициялық мүмкіндіктер бе­реді. Экономикалық даму, тұ­рақты энергетика, цифрландыру, көлік логистика салаларында инвестициялық жобалар талқыланды. Бұл Қазақстанға Еуропадан тікелей инвестиция тартуға мүмкіндік береді деп санаймыз. Азаматтық форум еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың дамуына ықпал етіп, азаматтық қоғамды халық­аралық стандарттарға жақын­датады», дейді Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова.

Әлемдегі климаттың өзгеруі түрлі табиғи апаттардың жиі­леуіне әкеліп отыр. Жер сілкінісі, су тасқыны, орман мен дала өрттері, ауаның ластануы адам денсаулығына айтарлықтай кері әсерін тигізіп жатыр. Бұл ретте ауызсу мөлшерінің тө­мен­деуі мен қоршаған орта температурасының жоғарылауы жүрек қантамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім көлемін ұлғайтқан. Форум­ға қатысқан сарапшылар жер шарындағы табиғи өзгеріс­тер көп­теген психикалық ауру­лар­дың өршуіне ықпал ететінін айтады. Олардың пікірінше, климат өзгеруінің теріс салдары халықтың әртүрлі әлеуметтік топтарына әртүрлі әсер етеді. Әсіресе әйелдер, балалар, қарт адамдар, мүгедектер секіл­ді осал санаттар айрықша қамқор­лық­ты қажет етеді. Азық-түлік қауіп­сіздігінің күрделенуі де назардан тыс қалмады. Аталған мәселелердің салда­рынан адам денсаулығына кері әсер ете­тін факторлар артып жатыр. Мұндай ең нашар сцена­рий­лер­ді болдырмау үшін мемлекет пен азаматтық қоғам бір организм секілді жұмыс істеуі керектігі айтылды.

Форум қатысушылары үз­діксіз даму үдерісіне бет ал­ған қоғамда әйел құқықтары мен мін­деттері лайықты деңгей­де ескерілуі қажеттігін айтты. Көптеген әлеуметтік зерттеу мысалға алынып, Орталық Азия елдеріндегі нәзік жандылар құқын қорғау кейінгі жыл­дары алға жылжығаны айтыл­ды. Дегенмен кейбір сарап­шылардың пікірінше, әйел­дер­дің қоғамдағы рөліне, лауазымды қызметтерде әйел адамдарға берілетін квоталарға әлі де көңіл бөліну керек.

«Әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту ісі бү­гінгі форум­дағы ең маңыз­ды тақырып­тар­дың бірі деп есептеймін. Қазіргі таңда жастар мен әйелдерді шешім қабылдау үдерісіне қатыстыру проб­лемасы жоқ емес. Елімізде әйелдердің қоғамдық-саяси нау­қандарда депутат немесе саяси лауазымды тұлға ретінде шешім қабылдау үдерісін әлі де болса күшейту қажет. Заңға сәйкес шешім қабылдау үдерісінде әйелдер, жастар, мүмкіндігі шектеулі жандар барлығын қоса алғанда 30 пайызды құрайды. Меніңше, бұл әлі де аз. Оның ауқымын, әйелдердің биліктегі үлес салмағын әлі де көбейту керек деп санаймын. Отбасы құндылықтары мен көптеген әлеуметтік мәселені әйелдер институты тереңнен талдап, зер­делей алады. Әсіресе ел ай­мақ­тарындағы қоғамдық ке­ңестердің құрамында әйел адам­дардың үлес салмағы аз», дейді Маңғыстау облыстық Аза­маттық Альянсы ЗТБ пре­зиденті Жібек Ахметова.

Форум жұмысында тақырып­тық талқылаулардан бөлек, Адам құқық­тары жөніндегі Дания институты бастаған арнайы бағыттағы мамандар семинарлар өткізіп, қатысушылар ой-пікір алмасты.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар

Жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары

Жұмысшы мамандықтар жылы • Кеше

Шебер дәнекерлеуші

Еңбек • Кеше

Мал баққанға бітеді

Еңбек • Кеше