Пікір • 30 Қаңтар, 2025

Бюджет тапшылығын толтыру үшін ҚҚС көтеру жоспарланды - сарапшы

114 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында қосымша құн салығын арттыру ұсынылды. Қазір еліміздегі ҚҚС мөлшері 12 пайыз болып белгіленген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бюджет тапшылығын толтыру үшін ҚҚС көтеру жоспарланды - сарапшы

Бұл ретте Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты мониторингтік зерттеулер орталығының директоры Дінмұхаммед Ғали барлық тараптың пікірі ескерілу керек екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол құрылымдық және экономикалық реформалардың басты мақсаты дамыған, жоғары өнімді және тиімді нарықтық экономиканы құру есебінен халықтың әл-ауқатын арттыру қажет екенін де атап өтті.

«Премьер-Министр Олжас Бектеновтың сөзіне сәйкес 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның экономикалық өсімі 4,8% - құрады. Нақты сектор 5% - ға, қызмет көрсету саласы 4,5% - ға өсті», деді Дінмұхаммед Ғали.

Сарапшының мәліметінше, Қазақстан Республикасының 2025 жылға арналған республикалық бюджет шығыстары кірістерінен басым болып бюджет тапшылығы: 4,1 трлн теңгені (ЖІӨ-нің 2,7%-ы) құрады. Өз кезегінде табыс: 21,39 трлн теңге, оның ішінде: салықтық түсімдер: 15,19 трлн теңге, салықтық емес түсімдер: 435,3 млрд теңге, негізгі капиталды сатудан түсетін кірістер: 5,2 млрд теңге, трансферттер түсімі: 5,76 трлн теңге болды. Шығыстар 25,19 трлн теңге.

«Енді осы бюджет тапшылығының орын толтыру үшін ҚҚС қөтеру жоспарланды.  Біріншіден, бюджет шикізатқа тәуелді. Салық түсімдерінің едәуір бөлігі шикізат секторлары (мұнай-газ және тау-кен өндіру салалары) есебінен қалыптастырылады. Бұл - шикізат бағасының құбылмалылығына байланысты кірістердің тұрақсыздығына, экономиканың әлсіз әртараптандырылуы бюджеттік жүйенің тұрақтылығының төмендеуіне әкеледі.

Екіншіден, еңбекақы төлеу қорына жоғары жүктеме (ЕТҚ) 40% жетті. Қазіргі кездегі ЕТК қолданыстағы салық жүктемесі осындай болып тұр:

  • Зейнетақы жарналары (10%);
  • Міндетті әлеуметтік медициналық жарналар (ММС, жұмыс берушінің 3% және қызметкердің 2%);
  • Әлеуметтік салық (9,5%);
  • Жеке табыс ЖТС, жалақының 10%).

Бір жағынан ҚҚС қөтеріп бизнестің «шығындарын» төмендету қажет болды. Атап айтқанда еңбекақы төлеу қорына жүктемені 40% - дан 30% - ға дейін төмендету жоспарланды. Жұмыс берушінің әлеуметтік салығы мен зейнетақы жарналары жойылады», деді Мониторингтік зерттеулер орталығының директоры.

Сарапшының айтуынша, нәтижесінде бюджеттік түсімдер 5-7 трлн теңгеге ұлғаяды, бұл Ұлттық қордан түсетін трансферттерге тәуелділікті қысқартуға мүмкіндік береді.

«Бұл сомалар бюджеттің мұнайға қатысты  емес тапшылығы мәселесін шешуге және Ұлттық қордан трансферттерді түбегейлі қысқартуға жеткілікті. Бұдан басқа, 2025 жылдың бюджетінде «даму бюджеті» жалпы бюджеттен 8% - дан (2 трлн теңге) 20% - ға дейін ұлғайту мүмкіндігі болады. Бұл электр энергетикасы, жылу энергетикасы, су шаруашылығы, газ құбыры жүйелері, жолдар және инженерлік желілер сияқты экономикалық дамудың негізгі салаларына қосымша қаражат жұмсауға мүмкіндік береді», деді Дінмұхаммед Ғали.