Өшпес даңқ • 31 Қаңтар, 2025

Майданда шейіт кеткен шайырлар

316 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Қазақ – ақынжанды ұлт. Алаш баласында көңілі толқығанда өлең жазбайтын, ішкі сырын жырмен өрнектемейтін адам аз. Біз – шат­­­тана қуанғанда, қамкөңіл қайғырғанда қолға қасиетті қаламды алып, ішкі толқы­ныс­ты күйімізді ақ қағазға төгетін халық­пыз. Екінші дүниежүзілік соғыста да қаруы мен қала­мын қатар жастанған боздақ­тары­мыз аз болған жоқ. Тіпті олардың арасында «Кеңес Ода­ғының батыры» атағын алған­дары да бар. Өкі­ніштісі сол, майдан даласын­да шейіт кеткен ақындарды бүгінгі ұрпақ жете танымайды.

Майданда шейіт кеткен шайырлар

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Ақын батыр болмаса,
көрген күні күн емес»...

«Батыр ақын болмаса, ол бойына мін емес, ақын батыр болмаса, көрген күні күн емес», дейді Өмірзақ ақын. Расында, батырдың ақын болмауы сын емес. Ал ақынның батыр болмауға хақы жоқ. Әріден «Сыртым – құрыш, жүзім – болат, Тасқа да салсаң майрылман!» дейтін Ақтамбердіні, «Бетегелі Сарыарқаның бойында, Соғысып өлген өкінбес» дейтін Доспамбетті мысалға келтірсек, бұл сөзіміздің растығына ешкім шүбә келтіре алмайды. «Ел басына күн туғанда, егеулі найза қолға алған» Махамбеттей ақынның ұрпағымыз. Содан да болар, Екінші дүниежүзілік соғыста боздақтарымыз да Ақтамберді, Доспамбет, Махамбеттердей жаумен жағаласып жүріп, рухын жырмен жаныды. Бірақ біз соғыстан аман келіп, әдеби ортада алшаң басып жүрген мықты шайырлар болмаса, шейіт кеткендердің есім-сойын білмедік.

«Ерегісте, ұрыста, Еділ бетін боятты, Су орнына қан ақты, Мұз орнына қан қатты» деп ежелгі жырау­лардың жалғасындай рухты жырымен жүрек­терге жол тапқан Баубек Бұлқышевты (28 жас) мектеп бағдарламасына туын­дылары енген­дік­тен таныдық. Майдан басталмай тұ­рып жеке жинақтары жарық көрген Ықылас Адамбеков
(30 жас) пен Әли Есмамбетовтің (28 жас) есімдері еміс-еміс құла­ғымызға жететін. Артында қалған мұрасы соғыстан кейін кітап болып басылған Абдолла Жұмағалиев (26 жас) пен Әбзәли Егізбаевтар (38 жас) туралы да ара-тұра мақа­ла­лар оқып қалатынбыз. Қысқарта айтқанда, майданда жау­мен жағаласып һәм жыр жазып жүріп опат болған айнал­дырған бес-алты ақынымыз бар сияқты көрінетін. Сөйтсек... Иә, сөйтсек олар көп екен.

 

Өлеңдегі сәуегейлік немесе Қарақозы хақында...

Сондай айтулы ақын һәм батырдың бірі Қарақозы Әбдәлиев болатын.

«Тағы айтам, Әсіл десе, Әсіл едің,

Сен қашан жамандарша жасып едің?

Ерлікпен есімі өшпес талайлардың,

Ар­тық қой қорқақтықтан батыр өлім!»

Әсіл деген – Қарақозы Әбдәлиевтің некелі жары. Батыр бұл «Сүйген жарға» деген өлеңін 1942 жылы нау­рыз айының 3-і күні Мелитополь қаласында жазып, ауы­лына поштамен жөнелткен. Адам шынайы сағынғанда, толқығанда, қуанғанда, яки өкінгенде ақын болып кететіні бар. Бірақ жайшылықта сөзде магия болатыны, ол тылсым күш ақиқатқа айналып кетуі мүмкін екені туралы ойлана бермейміз. Мәселен, Мұқағали «Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде, Қырықтың бесеуінде...» деп көріпкелдікпен ­45 жасында өмірден өтерін болжағанын есіңізге алыңыз. Мұндай мыңдаған мысалды термей-ақ, Қарақозы өлеңінің: «Ерлікпен есімі өшпес талайлардың, Артық қой қорқақтықтан батыр өлім!» деген қос жолына қарасаңыз, батырдың да сәуегейлік жасағанын көресіз. Қым-қиғаш сындарлы сәтте қорқаулардай бұғып қалмай, ерлікпен ажал құшуға іштей белін бекем буғаны байқалады.

Қолға қасиетті қаламды алып, көңілі толқып, жаны алабөтен толқынды күйге түскен сәтте оның ішкі сыры мен жыры үндесіп, әйтеуір бір көзсіз батылдық жасауға шешім қабылдағандай көрінеді. Бірақ жарына жырмен хат жазып отыр­ған сәтте Қарақозы алдағы күндері қан­дай тәуекелге баратынын білген жоқ еді.

Қарақозы Әбдәлиев 1908 жылы қазіргі Түркістан облысының Төлеби ауданында дүниеге келген. 1942 жылы гвардия лейтенанты шенімен майданға аттанды. Сол алғашқы жылы ауыр жарақат алып, әскер сапынан боса­тылады. Бірақ алып жүректі батыл ер «ел басына күн туып, ер етікпен су кешіп» жүрген тұста тылға қайтуды ар санап, соғыс дала­сына оралуға өтініш білдіреді. Қара­қозы­ның өті­­ніші қанағаттандырылып, 4-Украина майданы­ның 51-Армия­сы­ның 126-атқыштар дивизиясының 690-атқыш­тар полкінің 2-атқыштар батальонының атқыштар взводының командирі ретінде қайтадан соғысқа араласты.

Батырдың өлеңге қосқан «батыр өлім» сәті 1943 жылы 22 қазанда туды. Сол күні Мели­тополь қаласы үшін болған ұрыста Қара­қозы Әбдәлиев басқарған взвод жер­гілікті үйлерге бекініс құрған жау әске­ріне шабуыл жасап, ­17 үй­ді жау­дан босатып, фашистердің оқ жаудырып тұрған 23 ұясын талқандады. Осы шайқаста взвод 60-тан аса гит­лер­шіні жойды.

Қарақозы батыр сол қолынан жара­лан­ғанына қара­мастан, жау әскерімен жекпе-жек шайқасқа кіріп, пулеметтен оқ боратып, граната лақтырып, бірнеше танкіні істен шығарды. Жиырмадай авто­матшыны бір өзі жер жас­танды­­рып, ауыр жараланды. Сол сәтте өлеңдегі «ар­­­тық қой қорқақтықтан батыр өлім!» де­ген сәуегей сөзі есіне түскендей, арындап келе жатқан танкінің астына түсіп, қолындағы гранатамен жау техникасын жарып жіберіп, өзі де ажал құшты.

1943 жылдың 1 қараша күні Қарақозы батырдың майдандастарын ажалдан арашалап қалған бұл ерлігі «Кеңес Ода­ғы­­ның батыры» атануға лайық деп саналып, батыр атағын алды. Ақынның батырға айнала алатынын Қарақозы атамыз осылай дәлелдеді.

 

Ақындардың ізін жалғаған ұрпағы

Екінші дүниежүзілік соғысқа кебінін кие кеткен шайырлар туралы жазып отырғанда қазақтың бас ақыны Абайға, Абайдың ұрпақтарына соқпай кету әсте мүмкін емес. Абайдың шөбересі Жошыхан Мағауин де ақындық өнерді еңсеріп келе жатқан сәтінде қыршын кеткен (Жошыханның әкесі Жағыпар Абайдың кенжесі Мағауияның ұлы).

Жошыхан Мағауин 1924 жылы Қарауылда туып, 1934 жылы әкесі қайтыс болғаннан кейін Алматы қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленген. 18 жасында өзі сұранып майданға аттанған. Соғыста қан кешіп жүрген кезінде бабасы Абайдай, атасы Мағауиядай шабыттанып, қарындасы Ғазелге амандығын ылғи да өлеңмен жазып, жолдап отырған.

«Қолда автомат, темір телпек басымда,

Бейне серік сен жүргендей қасымда.

Күш еселеп, соққы берем жауыма,

Жеңіс жақын, сен мұңайып жасыма!», деп қарын­дасын жырмен жігерлендірген жас ақын бар бол­ғаны 19 жасында 1943 жылдың 7 қарашасы күні Харьковты азат ету үшін болған шайқаста ерлікпен қаза тапты.

Абайдан кейінгі қазақ поэзиясында өзіндік орны бар, «Сыр сүлейі» атанған, «Көкілташ» медресесінде білім алып, араб, парсы, шағатай тілдерін жетік меңгерген, артында ақындық мектебін қа­лып­тастырған Тұрмағамбет Ізтілеу­ұлын біл­мейтін қазақ кемде-кем. Тұрма­ғамбеттің баласы Махмұтбек Тұрма­ғам­бетов те мектепте оқып жүрген кезінде-ақ әке жолына түсіп, «ақын бала» атанды. «Әлін білмес, әлек болар», «Арыс­тан мен түлкі» секілді Шығыстың клас­си­калық әдебиет үлгісімен өлеңдер жазып, көпке таныла бастаған шағында, 25 жа­сында майдан даласында шейіт кетті.

Қазақтың көрнекті ақындарының бірі Асқар Тоқ­ма­ғам­бетовтің тұңғышы Төребек Тоқмағам­бетов те:

«Боламын ертең командир,

Киемін мен де сұр шинель.

Барамын бас боп майданға,

Аттандырса сүйген ел», деп отты жырларын тасқа қа­шай бастаған небәрі 18 жа­сында майдан даласында опат болған.

Алты Алашқа аты мәлім ақындардың ұрпақтары жұмыр жер беті қан қасап майданға айналып, ізгілік пен айуандық шайқасқа түскенде қолдарына қару мен қаламды қатар ұстауы қазақтың ақын халық екенін тағы да айғақтай түсері анық.

 

Біз білмейтін басқа да шайырлар

Екінші дүниежүзілік соғыста шейіт кеткен қазақ ақындары туралы 1978 жылы «Жыр аманат» деген кітап жарыққа шыққан. Қазақтың қаһарман батыры Бауыржан Момыш­ұлы мен ғалым, соғыс ардагері Көбей Сейдеханов алғы­сөзін жазған жинаққа отызға жуық ақынның өлеңдері кірген.

«Жоқ, болмайды, мен өлмен, Өлмес менде өмір бар» дейді Баубек Бұлқышев. Сол айтпақшы «өлместің жолы – осы» деп қаламгерлік талантына үміт артып, майдан даласында аттың жалында, түйенің қомында жүріп жыр жазған шайырлар­дың туындыларын Абайдың «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» деген безбеніне тарта алмаймыз. Өлеңнің техникасы дамыған бүгінгі күннің таразысына салып, 80 жыл бұрынғы ақын болмаққа құлшынған боздақтардың жазғандарына биіктен қарауға да дәтіміз жетпейді. Яғни төтелей айтқанда майданда жүріп, қаламын жанына серік еткен боздақтың бә­рін «классик­ болар еді» деу­­ден аулақ­пыз. Бірақ әлгі шайырлардың арасында әлем­дік классиканы қазақ тіліне аударған, білі­мі мен білігінің жілікмайы толысқан ақын­дар­дың аз емес екенін көргенде сұм соғыс­тың тақсіретін терең түсінгендей бола­сың.

Мәселен, бар болғаны 22 жыл ғұмыр кешкен Әбіл­пәсім Әбдірәсіловтің артын­да қалған «Өңім мен түсім» деген жалғыз өлеңін Қызыл­орда облысындағы Жетікөл ауылының кәрі-жасы түгел жатқа соғатын болыпты. Бұл туралы халық ақыны Қуаныш Баймағамбетовтің естелі­гін­де Әбілпәсім Әбді­рәсіловтің бұ­рын ақын болмағаны, соғыста жү­ріп, өлең жаза бастағанын айтады. Дәл сол секілді 1943 жылы ажал құшқан, Семейдің Жар­ма­сының тумасы Рахымғали Әділбаев та 38 жасында май­данда жүріп, ақынға айналған.

Торғай өңірінің Бестау деген жерінде дүниеге келіп, Алматыдағы ҚазПИ-ді бітіріп, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») секілді басы­лымдарды таланты­мен мойындатып, өлеңдері үздік­сіз жа­рия­ланып тұрған 33 жас­тағы Тәші­бай Әлмұханбетовтің арынына қара­ңыз:

«Көмілтіп, көктем – нөсер төкті күйді,

Күйге ұлан құлақ түріп, сырды түйді.

Жарлы күйі – зарлы күй, мұң сарынға

Қамығып қара орман да басын иді...»

Әрине, өлеңнің идеологиялық мәніне зер салмай, поэзия деп баға­ла­саңыз, осы шумақтан-ақ қазақтың Екінші дүние­­жүзілік соғыста қандай суреткер ақын­нан айырылғанын ба­ғам­­­­дауға болады. Бұл тізімге майдан кебінге ораған қызылордалық ақындар – Шаһзада Әтеев (30 жас), Есентұр Дәуітбаев (28 жас), Ілияс Нұр­кенов (39 жас), Асқар Нұртазин (24 жас), семейлік ақын­дар – Ысқақ Ержанов (32 жас) пен Шыныбек Кен­­же­­баев (29 жас),­ оралдық – Құбайыс, Қаратаев (40 жас), жамбылдық – Рахым­бай Құлбаев (38 жас) пен Шол­­панқұл Сейітов (43 жас), түркістандық Әбдібек Өмір­беков (39 жас) пен Шаһизинда Сейдеханов (23 жас), жетісу­лық Ғали Ыбанов (20 жас) сынды боздақтарды қосуға болады.

 

Әлемдік классиканы аударғандар

Екінші дүниежүзілік соғыста шейіт кеткен ақындардың арасында тек поэзия­мен шектеліп қалмай, әлем әдебиетін қазақ тіліне тәржімалаумен де шұғылданғандары аз емес. Ондай қаламгерлердің басында жоғарыда аты аталған Әли Есмамбетов пен Абдолла Жұмағалиев тұр. Әли Есмамбетов Лер­монтовтың бірнеше өлеңін қазақ тілінде сөй­летсе, «Шығыс қызы», «Жалғыз арша», «Асан тура­лы аңыз» секілді кең тынысты поэмалар жазған Абдолла Жұмағалиев Байронның «Шилион тұт­қыны», Лермонтовтың «Измаил бейі», Низамидің «Ләйлі-Мәжнүнін» қазақ оқырмандарына тарту еткен. Сондай-ақ «Капитан қызы» атты поэмасымен әдеби ортаның назарын өзіне аудартқан Далабай Жазықбаев (22 жасында шейіт болған) та Лермонтовтың «Үш пальма», «Тұтқын», «Үміт», М.Голодныйдың «Щорс туралы жыр» шығар­маларын тәржімалаған.

 

Композитор һәм ақын Смағұл

Майданда қаламы мен домбырасын қатар ұста­ған, қос өнерді тел емген таланттар да бол­ған. Оның бірі һәм бірегейі кеудесіне «Қызыл жұлдыз» орденін тағып, 39 жасында ерлікпен қаза тапқан – Смағұл Көшекбаев. «Ботагөз», «Жаз», «Май гүлі», «Біздің ән», «Дауыл», «Сағыныш», «Бригада жыры», «Біз келеміз» сынды ән-романс­тардың ­авторы. Ол шығарған әндердің мәтінін де өзі жаз­ған. Құрманғазының «Ертең кетем», «Лаушкен», «Повестка» секілді күйле­рін Брусиловскийге жеткізіп, нотаға түсірткен. Ақындық, композиторлық әрі орындаушылық өнерімен қатар режиссерлік, дирижерлік өнерімен де көпке танылған талант иесі «Ало, мен Ая» деген опера либреттосын да жазған. Соғыс бастала салып, майданға аттанып, жеңіске бар болғаны 21-22 күн қалғанда, яғни 1945 жылдың 18 сәуірі күні Берлин маңындағы Тори қамалын алу шайқасында шейіт кеткен. Майдандағы жолын қатардағы жауынгер болып бастап, төрт жыл ішінде әскери шені майорлыққа дейін өскен
39 жастағы талантты азаматтың мәреге Құлагердей жетпей құлағаны өкінішті, әрине...

 

Біздің әріптестер...

Майданда шейіт кеткен ақындар арасында «Egemen Qazaqstan» газетінде (сол кездегі «Социалистік Қазақ­стан») қызмет еткен әріптес­теріміз де болған. Олардың бірі – Мәскеудегі Журналистика институтын тәмамдаған алма­тылық Несіпбай Манашев. Ол 1941 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінің бөлім меңгеру­шісі болып қызмет етіп жүріп, Алматы қала­сында жасақталған 100-бригада құра­мында ротаның саяси жұмыстар жөніндегі жетекшісі болып, майданға аттанған. Гвардияның аға лейтенанты, журналист, ақын Несіпбай Манашев жеңіске бар болғаны бір ай уақыт қал­ғанда Польшаны жаудан азат ету ұры­сының бірінде ерлікпен қаза тапқан.

Ал 1897 жылы Қостанай облысында дүниеге келіп, 1923 жылдан бастап журналистика саласында әртүрлі басылымда аянбай тер төккен Аманғали Сегізбаев та «Социалистік Қазақстан» газетінде тілші болып жүрген жерінен майданның саяси жұмысына жетекшілік етуге шақырылған.

Аманғалидың мына бір өлеңінен оның қандай тегеурінді ақын болғанын жазбай тануға болады.

«Аршалы суы мөлдір, түбі қайраң,

Аңғары көз тартады әлдеқайдан.

Тұсынан Қожақанның төмен ағып,

Сылдырап су қосылар шолақ сайдан.

Сарқырап кей жерлері қатты ағады,

Ернеуінен асуға шақ қалады.

Шолпылдап шортан ойнап су бетінде

Айдында тайдай тулап шаттанады».

Осындай талантты әріптесіміз 1944 жылы Кенигс­берг қала­­сын азат ету шайқасында ерлікпен қаза тапты.

Сондай-ақ 28-гвардияшы панфиловшылар диви­зия­­­сының құрамында Мәскеуді қорғап, ерлікпен қаза тап­қан ақын Ықылас Адамбеков те бір кездері «Социа­лис­тік Қазақстан» газетінде тілшілік қызмет атқарғаны көпке белгілі.

P.S. «Ұшқан құс ұясын іздейді. Ал ақынның ұясы – халық. Өзге туралы ма, өзі туралы ма, тіптен өмірде бар нені болса да жырға арқау етерінде, ақын құбыласын халыққа қарап түзейді. Бұл – оның еркімен де, еркінен тыс та жасалып жататын шарт. Ақынның жекеменшік қазынасы жоқ. Оның үні мен тілі, поэзияға керек қару-жарағы – барлығы халықтікі», дейді ақиық ақын Мұқағали Мақатаев. Сол айтпақшы бүгінгі мақалада сөз еткен, майдан дала­­сында опат болған әр ақынның көзсіз ерліктері де, сыршыл жырлары да – халықтікі. Ал оны зерделеу бүгінгі ұрпақтың парызы болса керек...