06 Ақпан, 2015

Халықаралық мәртебеге сай қызмет

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Президент жанындағы Орталық комммуникациялар қызметінде «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы Юрий Пяның қатысуымен брифинг өтті. «Өткен жылдың қарашасында біздің орталық Біріккен халықаралық комиссияның (Joint Commission International) медициналық ұйымдар үшін «алтын стандарт» болып есептелетін ресми тұжырымдамасын алды. Бұл клиниканың қауіпсіздік және медициналық көмек сапасы бойынша ең үздік халықаралық стандарттарға сай келетінін білдіреді. Аудит JCI стандарттарының соңғы рет жаңартылуы бойынша өткізілді» – деді Ю.Пя. Инспекторлар қызметкерлердің медициналық көмектің сапасын қамтамасыз етуіне, кәсіби деңгейіне, клиникадағы этикалық стандарттарға, қауіп­сіздік техникасына шаруашылық басқаруға ерекше мән берген. Сонымен бұл орталық еліміздегі  халықаралық деңгейдегі клиника мәртебесін алған бірінші медициналық мекеме болып отыр. Брифинг барысында орталықтың басқарма төрағасына журналистер тарапынан бірқатар сұрақтар қойылды. Оның ішінде трансплантация мәселесіне ерекше назар аударылды. Юрий Пяның айтуынша, қазіргі кезде орталықта жүрек трансплантациясына 100 адам кезекте тұр. Әйтсе де бұл операцияға да балама бар. Ол – жасанды жүрек имплантациясы. «Жалпы алғанда, елiмiзде жылына 150-200 адам жүрек трансплантациясы операциясын қажет етедi. Ал, жүрек имплантациясы бойынша өткізілетін операциялар өте қымбат тұрады. Орташа алғанда бір операцияға 20 мың доллар жұмсалады.  Бұл шығындарды мемлекет өтейді» – деді ол. Ю.Пя трансплантацияның өзегі – донор тапшылығы мәселесін де айналып өтпеді. Оның ойынша, бұл тек медициналық емес, әлеуметтік мәселе. «Бiздiң тарапымыздан жасалып жатқан жұмысқа тоқталсақ, трансплантация жасай алатын мамандарды даярлап жатырмыз, мұндай операциялар жасалып та жатыр. Бiрақ, бiзде донор тапшылығы мәселесi өзектi, қоғам бұған әлi де дайын емес. Балалар трансплантологиясында донор табу тiптен қиын. Бiзде ғана емес, бұл әлем бойынша үлкен проблема. Дегенмен, алдағы жылдары орташа халықаралық стандарттарға қол жеткiземiз деген ойдамын», – дейдi ол. Ұлттық ғылыми кардиохирургия  орталығы қазірге дейін трансплантация бойынша 11 операция жасапты. Сонымен қатар, емделушілердің жүрегінің оң жақ қарыншасын  имплантациялау бойынша 100-ден аса операция өткізген. Олардың дені еңбекке жарамды жастағы адамдар, нақтылай кетсек, 91 пайызы ер адамдар, ал,  орташа жасы 50 жас. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан».