06 Ақпан, 2015

Ынтымақтастық ілгерілей түсуде

220 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Таяуда Мәскеуде жаңадан құрылған Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) форматында Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің алғашқы отырысы өтіп, оған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев қатысты, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі. Комиссия Кеңесінің кезекті оты­рысының күн тәртібіне ЕАЭО қызметінің тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған неғұрлым кө­кейкесті мәселелер енгізілді. Кеңес отырысының күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі Қырғыз Республикасының ЕАЭО-ға қосылу шарты туралы хаттамалар жобасын дайын­дау мәселесі болды. Біз өза­ра тиімді шешімдерге қол жет­кіздік және бүтіндей алғанда, Қыр­ғызстанның қосылуы туралы хаттамалар дайын. Еуразиялық экономикалық одақты ұл­ғай­ту, жалпы экономикалық кеңістікті кеңейтудің сыртында, интеграциялық бір­лес­тіктің тартымдылығын қамта­ма­сыз етеді. Одаққа мүше мемлекеттердің экономи­ка­ларының дамуы үшін қосым­ша тұрақтылық береді. Оған Одақ­тағы өнеркәсіптік және агро­өнер­кәсіптік байланыстар­ды тереңдету, көлік-логистикалық, көліктік әлеуетті дамыту негіз болады. Қазіргідей күрделі экономикалық жағдайда бұлар өте маңызды факторлар, деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев. Отырыс барысында әрбір мүше мемлекеттер үшін жеке-жеке, сондай-ақ, бүтіндей одақ үшін негізгі сауда әріптестерімен арадағы халықаралық ынты­мақ­тастықты дамытуға бағытталған мәселелер қаралды. Бұл мәсе­ле 6 ақпанда Еуразиялық үкімет­аралық Кеңестің үкімет басшылары деңгейіндегі отырысында талқыланатын болады. Одан арғы жерде Еуразиялық экономикалық одақтың халықаралық ынты­мақтастығын дамытудың негізгі векторлары анықталмақ. Сол сияқты Бақытжан Са­ғын­таевтың айтуынша, 2015-2016 жылдарға арналған жеңіл өнеркәсіп өнімдерін таңбалаудың қанатқақты жүйесін сатылап енгізу мәселесі бойынша ортақ түсіністікке қол жеткізілді. Атап айтқанда, бастапқы сатыда киім және табиғи теріден жасалған бұйымдарды таңбалау жөнінде шешім қабылданды. Бұл мәселені де 6 ақпанда үкімет басшылары қарайтын болады. Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің жобасын дайындау жөніндегі жұмыстар барысы да қаралды. Оны қабылдау кедендік декларациялауды электронды түрде жүзеге асыруға жағдай жасайды, ал ол өз кезегінде кедендік тазартудан өту уақытын жеделдетеді және сол арқылы бизнес үшін салмақты жеңілдетеді. Оның сыртында Еуразиялық экономикалық одақтың тиімді қызметін қалыптастыруға бағыт­талған жекелеген шешімдер де қабылданды. Атап айтқанда, сыртқы эконо­микалық қызметке қатысушылар үшін сауда процедураларын қарапайымдандыру және жүкте­мені төмендету мақсатында «Бірегей терезе» механизмінің негіз­гі бағыттарын дамытуды жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді.