Ең қысқа әңгіме • 05 Ақпан, 2025

Құбылмалы

549 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

– Оу, Қалақайға не болған? Бұрынғы қалпынан ауытқып, шіреніп, кердеңдеп, талтаңдап, шалқайып, маңызданып, маң­ғазданып, бәлсініп, кесапаттана қалыпты...

– Ей, сен де, біліп тұрып сұ­райсың... Ол әп-сәтте қал­та­лыға айналған. Қойын-қо­ны­шы, қуыс-қуысы мыс-мыс ақша. Саудасы жүріп, көңілі көкте самғап жүр. Шіренуі, кердеңдеуі содан. Бірер күннен бері Қалақай емес, Қал-аға, Қалеке, Қалқаш...

– Мм, солай де...

 

* * *

– Оу, Қалақайға не болған? Таз қалпына қайта түскен бе? Бүгжеңдеп, бүрісіп, еңкіш тар­тып, кіріптарланып, жыл­мыңдап, жылтыңдап, жеңіл тартып, түбі тесік шелектей даңғырлап, кепкен терідей қау­дырлап жүр ғой...

– Ей, сен де, біліп тұрып сұрайсың... Ол жиған-тергенінен жұрдай болған. Тып-типыл. Бүгжеңдеуі, елпілдеуі содан. Ол бірер күннен бері бұрынғыша Қалақай.

– Мм, солай де...

 

* * *

– Оу, қатарларың сирек ­қой, тым-тырыс тұрсыңдар, ­қал­­ғандары қайда? Іс іркіліп, шаруа тоқырап, кері кеткен кеп орнай қалыпты...

– Ей, сен де, біліп тұрып сұрайсың... Қалақай – Қал-аға, Қалеке, Қалқаш ұйқысынан жайсыздау тұрып, содан жұрт­тың көбі соның көңілін аулай кеткен. Түгел болмасақ та көбіміз соның қызметінде­міз. Олар мәймөңкелеуге, жалпақ­шешейленуге, адалдығын дәлелдеуге, қамқорсынған пе­йі­лін көрсетуге, сатымсынған сық­­пытын пұлдап қалуға кет­кен. Бәтшағарлар жабылып жү­ріп қолдан «қасиет қон­дыр­ған», «қадірін асырған», «бе­делін бекемдеген», «кие жұқ­тыр­ған» Қалақайыңыз қал­талы, ұзын құрықты. Олай болса, пысықайларға неге соның шо­тын шаппасқа... Барсын, «ба­ғын» сынасын, қызғанасың ба?

– Мм, солай де...

 

* * *

–  Оу, бәрің түгелсіңдер ғой, тыныштық па, Қалақайдың қа­мын бүгін кім жеп жатыр?.. Түгел жиналсаңдар да кері кеткен кептен ажырай қой­мапсыңдар-ау... Қалақай – Қал-аға, Қалеке, Қалқаштарың аман ба, әйтеуір?

– Ей, сен де, біліп тұрып сұ­райсың... Қалақай аман, тірі. Бірақ сүлдері ғана қалған. Бәрінен тып-типыл айырылған. Саудасы қайна­май, сал­қын тарта келіп, сап ты­йылған. Тірлігі сұйыл­ған. Жұрт қолдан «қондырған», қол­дан жұқтырған «қасиеті» мен «киесі» Қалақайдан ісінің берекесі кете бастаған алғашқы сәттерде-ақ безіп кеткен, тұра қашқан. Мына халайықтың тү­гел жиналғаны, қолдары іске бармай тосырқап тұрғаны содан. Дауа жоқ бұларға. Күні кешегі Қал-ағасы, Қалекесі, Қалқашы – бүгін малақайын басына қисайта киген кәдімгі қадірсіз Қалақай. Мына топқа енді Қалақай сынды тағы біреу қажет, әйтпесе жағдайлары қиын, өте қиын. Өйткені әй­те­уір біреуге сатымсыну керек қой.

Өзгермелі адам, құбылмалы қоғам, түрленген тіршілік, баянсыз байлам, босбелбеу бірлік, татымсыз талғам... Бәрі бекер ме сонда?..