Заң мен Тәртіп • 06 Ақпан, 2025

Халықаралық стандарттар және ұлттық заңнама

557 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Адам құқықтарын қорғау – қазіргі заманғы мемлекет үшін ең маңызды міндеттердің бірі. Бұл мемлекеттердің демократиялық құндылықтар мен заң үстемдігіне басымдық беретінін дәлелдейді. Жалпы, Қазақстанның адам құқықтары саласында халықаралық деңгейде үлкен жетістіктерге жеткенін айтуға болады.

Халықаралық стандарттар және ұлттық заңнама

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бүгінгі таңда еліміз 70-тен аса халықара­лық келісімге қаты­сып отыр. Бұл – Қазақстанның өз азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғауға деген ұмтылысының көрінісі. Қа­зақстанның халықаралық құқық қорғау ұйымдарымен, соның ішінде БҰҰ және ЕҚЫҰ-мен тығыз қарым-қатынасы адам құқықтарының тиімді қорғалуын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Елі­міз халықаралық стандарттарды ұлт­тық заңнамасына енгізу арқы­­лы азаматтар үшін әділ әрі қауіп­сіз қоғам құруды мақсат етеді. Бұл сая­саттың нәтижесінде елде құ­қық қорғау жүйесін жетілдіру, сот үде­рісінің ашықтығы мен әділдіг­ін қамтамасыз ету бағытында бірқа­тар реформа жүзеге асырылды. Қа­зақстанның халықаралық құқықтық келісімдерге қосылуы, бұл келісімдердің ұлттық заңнамаға интеграциялануы елдің халықаралық адам құқықтары стандарттарына сәйкестенуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар Қазақстан азаматтардың жеке құқықтары мен бостандықтарын қорғауда белсенді түрде жұмыс істеп, әртүр­лі халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнатып отыр.

Қазақстан, әсіресе, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасы, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Бұл ынтымақтастық Қазақстанның адам құқықтарын қорғау жөніндегі жұмысын тиімді жүргізуге мүмкін­дік береді. Еліміздің адам құқық­тары саласындағы 70 халықаралық келісімге қатысуы – оның халықара­лық адам құқықтары стандарттарын қабылдауының және оларды ұлттық заңнамасына енгізуінің айқын дәлелі. Мәселен, Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымындағы 6 комитеттің азаматтардың жеке өтініштерін қабылдап, қарау құзыретін мойындады. Олар – Адам құқықтары комитеті, Азаптауға қарсы комитет, Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою комитеті, Нәсілдік кемсітушілікті жою коми­теті, Мүгедектер құқығы комитеті және Бала құқықтары комитеті.

Қоғамда әділет пен теңдік орнату үшін мемлекет қазірдің өзінде ауқымды демократиялық және саяси реформаларды іске асырып жатыр. Бұл реформалар «Әділетті Қазақстан» құру мақсатында жүзе­ге асырылып, адам құқықтарын қорғау жүйесін дамытуды көздейді. Қазақстанның Балалар құқықтары туралы Факультативтік хаттамаға қол қойып, Мүгедектер құқықта­ры туралы Факультативтік хаттама­ны ратификациялау арқылы ха­лық­ара­лық құқықтық стандарттарды өз заңнамасына енгізу бойынша маңызды қадамдар жасады. Мысалы, Қазақстан 2020 жылы Мүге­дектердің құқықтарын қорғау туралы Факультативтік хаттаманы ра­тификациялап, халықаралық қоғам­дастықтың оң бағасын алды. Құқық қорғау органдарының қыз­ме­тіндегі кейбір кемшіліктер, сондай-ақ сот шешімдеріне наразы­лық­тар еліміздегі әлеуметтік әділеттің күшейтілуін қажет ететінін көрсете­ді. Әлеуметтік құқықтарды қорғау, еңбек құқықтарының сақталуы, аза­маттардың еңбек шарттарының бұ­зылуы, зейнетақы мен жәрдемақы мәселелері де өзекті саналады. Бұл мәселелерді шешу үшін жүйелі түр­де реформалар жүргізу, құқықтық сауатты арт­тыру және әлеуметтік әділет­ті қамтамасыз ету қажет. Адам құ­қықтарын қорғау саласында жүр­гізіліп жатқан жұмыстар әлеуметтік әділет пен теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған.

2021 жылы Адам құқықтары саласындағы алғашқы шаралар жоспары қабылданып, оған сәйкес 2022 жылы Адам құқықтары мен заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған қосымша шаралар жос­пары қабылданды. Бұл жоспар­лар аясында еліміздегі құқық қорғау саласында жаңа реформалар іске қо­сылды. Адам құқықтарын қорғау­дың тиімділігін арттыру мақса­тында мемлекетіміз түрлі халық­аралық деңгейде кеңестер өткі­зіп, өз тәжірибесін халықаралық стандарттармен салыстырып отырады.

Елімізде еңбек құқықтарын қорғау мәселесі де маңызды. Азамат­тар өздерінің жұмыс орындарын­да әділетсіздікке ұшырап, еңбек шарттарының бұзылуына, жалақы­ның уақытында төленбеуіне немесе еңбек қауіпсіздігіне қатысты ша­ғым білдіреді. Былтыр еңбек құ­қықтарына қатысты 70-ке жуық арыз түскен. Бұл шағымдар көбіне жұ­мыс орындарында қорға­ныс құралдарының болмауынан, ең­бек­ақының уақытында төлен­беуі­нен және еңбек жағдайларының ауыр­лығына байланысты туындаған.

Сонымен қатар әлеуметтік қам­­­тамасыз ету мәселелері де жиі көтері­­ліп жүр. Қазақстанда зей­нет­­ақы, жәрдемақы, әлеуметтік кө­мек алу мәселелері бойынша аза­мат­тардың арыздары көбейіп келеді. Бұл мәселелер әсіресе жұ­мыс іс­темейтін азаматтар мен зей­нет­кер­лер арасында өзекті. Мысалы, өткен жылы Астана қаласы бо­йын­ша әлеу­меттік көмек алу мәселе­ле­ріне байланысты 100-ден аса арыз тіркелді. Мұндай жағдайлар аза­мат­­тардың құқықтарын қорғау­дың ма­ңыздылығын және әлеуметтік әді­лет­тілікті арттыру қажеттігін көрсетеді.

Бұған қоса мүгедектігі бар азаматтардың құқықтары да – жиі қаралатын маңызды мәселе. Бұл топтың азаматтары өздерінің ден­саулық жағдайына байланыс­ты әлеуметтік және медициналық көмек алу, еңбек ету мүмкіндіктері мен басқа да құқықтық мәселелер бойынша арыздар жолдайды. 2024 жылы Астана қаласында мүге­дектігі бар азаматтар үшін бір­неше арнайы қабылдау шара­ла­ры өткізілді. Бұл шаралар азамат­тар­дың құқықтарын қорғау және әлеуметтік қолдау көрсету мақ­са­тын­да ұйымдастырылды. Жалпы, келіп түскен арыздардың басым бөлігі азаматтардың негізгі құ­қықтарының бұзылуына әлеу­меттік әділетке қатысты мә­селе­лер екені айқын. Бұл көр­сеткіштер құқық қорғау жүйе­сі­нің, сот төрелігі­нің және әлеу­меттік саясаттың тиімділігін арт­тыру қажеттілігін көрсетеді. Қазақ­станның адам құқықтарын қорғау­да­ғы ауқымды реформалары мен ха­лықаралық бастамалары елдің құ­қықтық жүйесін жетілдіруге және аза­маттардың құқықтарын қорғауға бағыт­талған маңызды қадамдарды қамтиды.

Адам құқықтарын қорғау – қазіргі қоғамның негізін құрайтын маңызды аспект. Еліміздің халық­аралық келісімдерге қосылуы, БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығы, сонымен қатар ішкі заңнамаларды халықаралық стандарттарға сәйкес жаңарту бойынша жүргізіліп жат­қан жүйелі жұмыстар азаматтардың құқықтарының қорғалуын күшейту­де маңызды рөл атқарады.

Құқық қорғау органдарының қызметіндегі кемшіліктер мен сот ше­шімдеріне наразылықтар, сондай-ақ сотталғандардың құқықтарының бұзылуы қоғамдағы әділетке деген сенімге әсер етеді. Бұл жағдайлар құқық қорғау жүйесінің тиімділігін арттыру, сот үдерісінің ашықтығын және әділдігін қамтамасыз ету қажеттілігін көрсетеді. Сонымен қатар азаматтардың еңбек құқық­тары мен әлеуметтік қорғау мәселе­лері де басты назарда болуға тиіс. Себебі әлеуметтік әділет пен құқық­тық теңдік қоғамның дамуына негіз бола алады. Қазақстанның адам құқықтарын қорғаудағы ауқым­ды реформалары мен халық­аралық бастамалары елдің құқық­тық жүйе­­сін жетілдіруге және азамат­тар­дың құқықтарын қорғауға бағыт­талған маңызды қадамдарды қам­ти­ды. Ал сотталғандардың жағ­дайын жақсарту, мүгедектердің құқық­тарын қорғау, еңбек және әлеуметтік құқықтар саласындағы шараларды қабылдау қоғамда әділдік орнатуға бағытталған. Бұл мәселелерді шешу үшін құқық қорғау жүйесін реформалау, құқық­тық сауатты арттыру және әлеумет­тік саясатты жетілдіру маңызды. Жоғарыда аталған барлық бағыт елдің құқықтық мәдениетін нығай­тып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын толық көлемде қорғауға мүмкіндік береді.

 

Баян ЖАЛМАҒАНБЕТОВА,

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Астана қаласы бойынша өкілі