
Әрі кетсе 4-5 мемлекеттің өкілдері қатысқан жарыстың жеңімпаздары да, олардың жаттықтырушылары да жоғары жалақы алып, олимпиадалық спорт түрлерінің ескерусіз қалуынан көп ретте есеміз кетіп-ақ жүр. Бұл еліміздің барлық өңіріне тән жағдай. Журналистермен жүздескен облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев спортшыларды дайындауға ерекше мән беретін уақыт жеткенін баса айтты. Мысалы, балуандарды осы спорт түрі жақсы дамыған Кавказ тәжірибесінен өткізген дұрыс. Боксшыларымызды кейінгі жылдары тамаша көрсеткішке жетіп жүрген Өзбекстан, шаршы алаңның талай шеберін шыңдаған Куба елінің спортшыларымен бірге жаттықтырған жөн. Қазірде облыстан Әзербайжан мен Осетияға әдіс-тәсілін жетілдіруге кеткен балуандар бар. Нағыз спортшы осылай шыңдалады. Өйткені бәсекелестік бар жерде ғана нәтиже болады.
Басқарма басшысы спорт мектептерінің жұмысы да сараланатынын айтып өтті. Жиырма жыл тапжылмай мектеп басқарса да, нәтиже көрсете алмаған басшылардың енді ешкімге өкпесі болмауы керек.
Облыс спортындағы биылғы жаңалық – жергілікті «Қайсар» футбол командасы бірде-бір легионерсіз ойнайтын болды. Команда бюджеті 1 млрд 200 млн теңге болып отыр. «Мұндай қадамға бару оңай емес. Алғашқы турларда есе жіберуіміз мүмкін. Бірақ жергілікті футболшыларға сенім артуды жөн көрдік. «Өзіміздің балалар ойнаса ғой» дегенді айтып жүргенімізге 30 жылдай уақыт болыпты. Сондай сәт туып отыр. Өз спортшыларымызға қолдау танытайық. Жастарымыз жанкүйерлерін жерге қаратпайды, ел ішінде жүрген таланттарға жол ашылады деген сенімдеміз», деді басқарма басшысы.
Клуб басшылығына жақында тағайындалған Талғат Әбдіғаппарұлы команданың былтырғы қарыздарын өтеудің қам-қарекеті жөнінде айтты. Қазір 700 млн теңге берешекті жабу мақсатында кейбір компаниялармен келісім-шарт жасалды. Одан бөлек, ақылы қызметтен түскен қаржы жұмсалады. Сөйтіп, биыл қарыздың жартысын қайтаруға мүмкіндік тумақ.
Былтыр Қызылорда қаласынан бой көтерген стадион құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Алдағы мамыр айында іске қосылады. Қаладағы «Тарлан» спорт кешені облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының теңгеріміне өтті. Жақын арада бокс клубы құрылып, жергілікті талапты өрендер тегін жаттыға бастайды.
ҚЫЗЫЛОРДА