
Іс-шарада Мемлекет басшысының бастамаларын тиімді жүзеге асыруға, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға, қоғамдық бірлестіктермен және сарапшылар қауымдастығымен өзара байланысқа, ақпараттық және жастар саясатына қатысты мәселелер талқыланды.
Ерлан Қарин өз сөзінде ішкі саясат саласындағы жұмысты ұйымдастыруға байланысты ортақ ұстанымдар мен қағидаларды белгілеп, аталған бағыттағы негізгі басымдықтар жөнінде айтты. Сондай-ақ осы жылдың басты тақырыптары мен күн тәртібіне назар аударды.
– Мемлекет басшысының бастамасымен аса маңызды саяси реформалар жүзеге асты. Қазіргі уақытта экономиканың әлеуетін жан-жақты нығайтуға бағытталған ауқымды жобалар қолға алынып жатыр. Ел дамуының жаңа кезеңі ішкі саясаттың тәсілдерін де қайта қарауды талап етеді. Сондықтан идеология саласындағы негізгі басымдық қоғамдағы тұрақтылық пен ынтымақты қамтамасыз етумен қатар, жалпыұлттық құндылықтарды орнықтыру және жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру жұмыстарына беріліп отыр. Осы себепті мемлекеттің бүгінгі саясаты «Заң және тәртіп» қағидасын бекітуге, «Таза Қазақстан» идеологиясын ілгерілетуге бағытталған. Жалпы, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруды көздейтін тың тәсілдерді іздеу жұмыстары Ұлттық құрылтай және басқа да алаңдар аясында үнемі жүргізіліп келеді, – деді Е.Қарин.
Жиын соңында Мемлекеттік кеңесші жауапты мемлекеттік органдарға ішкі саясат саласындағы жұмысты проактивті режімде жүзеге асыру туралы тапсырмалар берді.