
Кездесу «Атамекен» ҰКП қолдауымен ұйымдастырылды. Бұған бизнестің, қауымдастықтардың, қоғамдық және салалық бірлестіктердің 150-ден аса өкілі қатысты. Олардың қатарында отандық салық кеңесшілері қауымдастығының, өзін-өзі реттейтін қоғамдық тамақтандыру ұйымының өкілдері, Астана кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңестерінің және өңдеу және фармацевтика, медицина өнеркәсібі комитеттерінің, «Атамекен» ҰКП, «Alageum Electric» компаниялар тобының, «Petro mining» қауымдастығының мүшелері және басқалар бар.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салық жүйесі теңгерімді болуға тиіс екенін атап көрсетті. Бұл нақты нұсқау болды. Ол бизнес пен мемлекеттің мүдделерін ескеруі керек. Бүгін біз басты мәселелердің бірін талқылау үшін жиналдық. Бұл қосылған құн салығына қатысты. Біз өңірлерде Экономика және Қаржы министрліктерінің, «Атамекен» палатасы өкілдерінің қатысуымен кездесулер өткіземіз. Келіп түскен барлық ұсыныс тыңдалады. Біз бірыңғай ұстаным қалыптастырамыз, өйткені Салық кодексі өте қарапайым, түсінікті, нақты болуға тиіс», деді М.Такиев.
ҚҚС – бюджетті толықтырудың негізгі көздерінің бірі. ҚҚС мөлшерлемесін арттыру және саралау бюджеттің мұнайдан түсетін өзгермелі кірістеріне тәуелділігін азайтуға және мемлекеттік басым жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде А.Әмрин салық реформасы шеңберінде ҚҚС сараланған мөлшерлемелерін белгілеу жөніндегі Үкіметтің ұсыныстарын айтты.
«Біз мынадай тетікті қарастыруды ұсынамыз: жалпы белгіленген ҚҚС мөлшерлемесі – 16%, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ҚҚС-тан толық босату, ал бірқатар салалар үшін – 10% мөлшеріндегі аралық мөлшерлеме. Осылайша, Үкімет ұсынып отырған сараланған мөлшерлеме: 16%, 10%, 0% және босату», деп түсіндірді вице-министр.
Қазіргі уақытта аграрлық секторда шаруа қожалықтары ҚҚС төлемейтіні, ал заңды тұлғалар қолда бар жеңілдіктерге байланысты бюджетке төлеуге тиісті салықтардың тек 30%-ын төлейтіні атап өтілді. Жаңа тетіктер бойынша олардың ешқайсысы ҚҚС төлемейтін болады. Бұл отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін (картоп, қызанақ, пияз және басқалары) бәсекеге қабілетті етуге мүмкіндік береді. 10% мөлшерлеме қолданылатын сала түрлері бизнеспен әлі де талқыланып жатыр.
Сондай-ақ кездесуде жеңілдетілген декларация мен бөлшек салық режімін, оның мәні – кіріс шегін жылына 600 мың АЕК (2 млрд 359 млн теңге) мөлшерінде сақтай отырып, қайта қарау бойынша ұсыныстар айтылды. Негізгі өзгеріс – бұл режімді тек B2C сегментінде (бөлшек саудада) жүзеге асыру. Жұмысшылар саны бойынша шектеуді алып тастау ұсынылды. Кәсіпкердің сатудан түскен табысы жылына 100 млн теңгеден асатын болса, салық салынатын табысты еңбекақы қоры (еңбекақы төлеу қоры) сомасына азайту мүмкіндігі көзделген. Осылайша, 100 млн теңге шегі жалақыны ақтауға ынталандыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте бөлшек салықтың 4% мөлшерлемесі (мәслихаттардың 50%-ға төмендету мүмкіндігімен) сақталады.
Салық реформасын іске асыру кезінде ел бюджетіне түсетін салық түсімдері жыл сайын 4-5 трлн теңгеге артады деп күтіледі. Бұл қаражат Ұлттық қорға тәуелділікті азайтуға; мемлекеттік қарыз деңгейін төмендету және инвестициялық жобаларды несиелеуге, даму институттарын нығайтуға, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықты, жылу-энергетика жүйесін жаңғыртуға қосымша ресурстарды бағыттауға көмектеседі.