Аймақтар • 12 Ақпан, 2025

Бәсі биік Мұғалжар жылқысы

81 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Президент пәрменінен кейін қазақы жылқыны асылдандыру жұмысы жүйеленгені белгілі. Игілікті істі ерте бастаған шаруалар да бар. Соның бірі – Ұлықбай шаруа қожалығы. Иесі – ауыл шаруашылығы саласының үздігі, білікті маман Сапарғали Сәтбаев. Еліміздің батысынан Бақбақтыға Мұғалжар жылқысын әкеліп, асылтұқымды қылқұйрықтың санын көбейткен. Бүгінде мыңға жуық таза қанды Қамбар ата түлігі өрісте жүр. Ондаған адамды жұмыспен қамтып, бүтін бір облыстың абыройын асырып отыр.

Бәсі биік Мұғалжар жылқысы

Суретті түсірген – Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Балқаш ауданына қарасты Бақбақты ауылы құмда­уыт жер. Іргесінде Іле өзені ағып жатса да, жасыл же­лекке толы мекен деп айтуға келмей­ді. Та­биғаты қыста суық, жазда аптап ыстық. Шіліңгір шілде келісімен ма­ңайдағы шөп қурап кетеді. Дауыл тұрса малын жоғалтқанның қара­­­сы көбейеді. Жергілікті жылқы­лар ықтасын жер іздеп, бір ауылдан екінші ауылға көшеді. Сондықтан төрт тұяқпен тынысы ашылған жұрттың сол табиғи талапқа сай мал баққаннан артық қуанышы жоқтай. Мұны ескерген Сапар­ғали Сәтбаев Ақтөбе облысындағы Мұғалжар жылқы зауытына арнайы барып, жабағыларды сатып алады. Соның нәтижесінде бүгінде балқаштықтар таза қанды жылқы асырауға бейімделіп келеді.

«Мемлекет басшысының жыл­қы шаруашылығы институтын құру туралы шешімі мен секілді аза­маттарға үміт сыйлады. Қазақ даласында асылтұқымды жыл­қының үлесі бір пайыз ғана. 4 млн-нан астам жылқы бар десек, соның 40 мыңы ғана тегін сақтап қал­ған. Алайда бұл да нақты мәлімет емес. Мұғалжар жылқысын бір­­неше жыл зерттедім. Біздің таби­ғатқа бейімділігін сараладық. Былтыр әріптестеріммен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумына барып, екі күн бойы Мұғалжар жылқысы туралы құнды мәліметтерге қанықтық. Бұрынғы Ембі, қазіргі Мұғалжар жылқы зауытымен келісімшарт жасалып, бірнеше жыл бұрын осы саланы қолға алған едім. Бүгінде сол жаба­ғы­лар екі рет төлдеді. Жылқылар­ды Ақтөбеден Бақбақтыға жеткізу ­оңай шаруа емес. Оған арнайы үл­кен көлік керек. Жабағылар жеткізу құны­мен есептегенде 1 млн теңгеге барады, айғырлардың бағасы одан 4–5 есе қымбат», дейді шаруа иесі.

Қазақ даласында жабының орны ерекше. Қандай да табиғатқа бейім, аса күтімді қажет етпейді. Түз тағысы секілді байтақ жері­мізде емін-еркін кезгенді жақсы көреді. Тыстан келген ит-құсқа оңайлықпен алдырмайды. Әккі ұры-қарылар үйірден бөліп айдап кеткенімен, алысқа ұзай алмайды. Себебі жүрісі жайсыз, мекенін іздесе қысқа аяғымен қашып үлгермейді. Ең бастысы, ет пен сүт бағытында теңдессіз мал тұқымы саналады. Көп жылқыға тиетін ауру-сырқауға да төзімді. Зауыт мамандары селекциялық жұмысқа баса мән беріп отыр. Таза қанды бұзбау үшін айғырларды басқа зауыттардан сатып алады. Жергілікті жылқының қаны араласып кетпесін деп шаруашылықтағы 500 жылқыны сатып жіберген.

«Жабы – қазақы жылқының сұл­таны. Бүгінде Қостанай, Көшім, Адай жылқыларына мемлекет тарапынан көп көңіл бөлініп отыр. Оларға субсидия беру мәселесі де күн тәртібінде тұр. Шаруаға тиім­дісі осылар. Сүт пен ет бағы­тында бәсекеге қабілетті. Біз кар­тотекалық жұмыс жөнінде Мұғалжар тұқымы авторының бірі Набидолла Кикебаевпен кеңес­тік. Асылтұқымды жылқының мін­детті түрде құжаты болуы шарт. Мәселен, ағылшындардың таза қанды жылқыларының арғы тегі ға­сырға созылады. Бізде үш айғыр­дың тегі сақталған. Оларға нақты ғылыми талдау жасалып, Мұғал­жар жылқысы екені анықталған. Ақтөбедегі жылқы зауыты бай­талдарды сатқан жоқ, айғыр­лар­ды 6–7 млн-ға алдық. Екі биені қо­су­ға ғана рұқсат етті. Осы салаға ден қойғаннан кейін бүгінде сонда­ғы зауыттармен бірлесіп жұмыс іс­теп жатырмыз. Шалғай жер, 3 мың шақырымға жуық жолды­ жүріп өту қиын. Көп қаражат ке­теді. Кейде зауыт басшылығы­мен қар­жыны бөліп төлеуге уағда­ла­са­мыз», дейді С.Сәтбаев.

Жылқылар жақын маңайдағы шаруалар сатып алып жатыр. Жа­былардың құны 800 мыңнан 1 млн-ға дейін барады. Ірі қожалықтар 3–4 бастан алады. Облыс көлемін­де Ұлықбай шаруа қожалығы ғана Мұғалжар жылқысын баптап отыр. Басқа шаруаларға Ақтөбеден «ар­ба­лағанша», жақыннан сатып алға­ны тиімді. Оның үстіне кәсіп иесі ­3 айғырдан тұқым алып, бір-біріне араластырмай, тегін сақтап отыр. Қан араласып кетсе, жаңа туған құлын әлсіз болады. Онда малға тән дерті де ұлғаяды. Сондықтан үнемі селекция жүргізіледі. Мәселен, бір айғырдан тараған байталдарды іріктеп, басқа үйірдің айғырын бөліп алып, бір қораға қамайды. Бір-біріне бауыр басқанша, әбден үйретіп, жеке үйір қалыптасты­ра­ды. Мұғалжар-Бақанас жылқы зауы­­­тының меңгерушісі Қонақбай Жұмабековтің айтуынша, бұл жыл­қылар жылдың төрт мезгілінде де жалын күдірейтіп жүреді.

«Бұрын да жылқы бағып жүр­міз ғой, бірақ шыбын-шіркейді, шіл­денің ми қайнатар ысты­ғын бұ­йым көрмейтін мұндай жыл­қы­ларға қайран қалмасқа болмас. Басқа жыл­қылардай көлеңке қуаламайды, үйездеп тұра береді. 10 биеге 8–9 құлыннан келеді, іш ­тас­тамайды. Терісі өте қалың, пы­шақ оңайлықпен кеспейді. Етті көп бе­реді, еттілігі 65–70 пайызға дейін барады. Жайылып жүрген жерінен ұстап әкеліп, соя берсеңіз болады. Бордақылап әуре болмайсыз. Әр тұқымның өз ерек­шелігі бар. Мәселен, жергілікті жылқылардан 4 есе көп сүт береді. Әр сауғанда 2 литр шығады. Сүті майлы келеді, құлынының көп ұзамай-ақ жоны астаудай болады. Негізі, таза қанды биелер сүтті болмайды, бірақ бұл жабылардың тұрқы бөлек. ­Жер талғамайды, бірден жерсінеді», дейді Қ.Жұмабеков.

Мұғалжар жылқысы Бақбақ­ты­ның климатына өте қолайлы. Артық шығынды қажет етпейді. Қыста тонналап жемшөп сатып ал­майсыз, жайылым жер болса, же­тіп жатыр. Жергілікті жылқылар көк­темде бұратылып қалса, бұлар қо­нын толтырып жүреді. Шаруаға ең қолайлысы сол. Өкінішке қарай, мі­ніске жарамайды, үстіне мінген адам аунап түсуі мүмкін. Қанша жер­­ден жуас келсе де, тек ет пен сүт алу мақсатында пайдаланған абзал. Бойы орта, тапал келеді, дегенмен баш­құр, қалмақ жылқыларына қа­ра­­ғанда әлдеқайда биік. Тіпті саха­лық­­тар арнайы ұшақ жалдап, біз­дің айғырларды сатып алып жатыр екен. Якутияның аязына терісі қа­лың Мұғалжар жылқылары қыңқ етпейді.

Бұл жылқылар көп жортып жүре бермейді. Боран соқса бірден тоқтап қалады, ықтасын жер іздеп кетпейді. Күздің суығында қатты қуып айдауға болмайды, жүні то­лық матаспағандықтан суық өтуі мүмкін. Суық өткен жағдайда қыста азып кетеді. Сондықтан баппен, жайып жүріп айдаған жөн.

Бүгінде фермада 7 адам қызмет етеді. Олардың айлық жалақы­сы 200 мың теңге. Жыл соңында 1,5–2 млн көлемінде сыйақы бері­ле­ді. Әрқайсысының құмды жол­ға арналған квадроциклдері, мото­циклдері бар. Кешке дейін үйір­дің сонында жүрмейді, алыстан бақы­лап отырады. Малды ауыл Бақбақ­тақ­тыдан 20–30 шақырым жерде ғана болғандықтан, кезектесіп отбасына барып тұрады. Интернет желісі, су, газ, тамақпен толықтай қамтамасыз етілген. Барлығы дерлік жергілікті жердің азаматтары. Қазір олар 40-тан астам үйірді қадағалап отыр.

«Әр айғыр 20–30 биеден ұстай­ды. Табын-табынға бөлінген, әр табынның өз бақташысы бар. Құ­лан­басыға, Іле өзенінің бойына, Боз­биікке жаямыз. Әрқайсысы­­­­ның суаты бөлек. Қора толықтай заман талабына сай. Жазда мал­дар кө­леңкелеп тұратын үлкен ша­тыр­лы қора салынған. Кешке қора­ға қа­мамаймыз, үйірлерді дүрбі­мен шолып, санақ жүргіземіз. Аса ауыр жұмыс жоқ. Айлығымыз­ды уақы­тында береді. Сырқатта­нып қал­сақ, емделуге де көмектеседі. Үйір­ді бөлгенде тай-жабағылар­ға ғана жемшөп береміз. Көбі­не үйір­де жүре береді. Осы күзде ­20 бас кел­ді, бәрі бірден жайылып кетті. Жер­шіл емес, бір-біріне бауыр басып кетеді. Ең қызығы, айғырлар үйір­ден өзінен тараған құлынды бө­ліп тастамайды, қанша жүрсе де жү­ре береді», дейді бақташы Талғат Бо­зым­баев.

Балқаш ауданы 70 пайыз шөл­ді болғандықтан, мал, егін шаруа­шы­лығына көп шығын кетеді. Сон­дықтан осындай шыдамды жа­­­бы­лар қажет. Мұндағы мың бас жыл­­қы үйір-үйірге бөлінгенімен, бірге жүреді. Жай жылқылар секіл­ді бө­лініп кетпейді. Бақташылар үнемі тұз жалатып тұрады. Ақсақ-тоқ­сақтарды қораға әкеліп, апта­лап емдейді. Емдеп біткен соң, қай­­та үйірге қосады. Жақында ­шаруа иелері 20 млн теңгеге 7 жас­қа шыққан ірі айғыр сатып алған. Он­д­ағы мақсат – селекциялық жұ­мыс­­тарды тағы да жүйелеу. Кейбір ай­ғыр­лардың үйірдегі биелерге толық күші жетпейді. Сол себепті сырттан мықты айғырларды сатып алады.

«Айғырларды ақпаннан бас­тап бордақыға кіргізе бастаймыз. Наурыздың 25-інде үйірге саламыз. Әбден қуатты болып түскені абзал. Сонда құлыны мықты болады. Келесі жылы сол айғырлар дұрыс құлын түсірмесе, басқа айғыр­лар­мен алмас­тырамыз. Былтыр 300 жабы саттық. Жергілікті азамат­тарға жеңілдікпен береміз. Қазір ауылдағы жігіттер осы шаруаға ден қойып жатыр. Шығыны көп емес, еті мол, сүті майлы, мұндай мал таптыра бермейді. Көбі жабы мен құланның буданы дейді, аяғына қарасаңыз зебраның жолағы секілді жолақтар бар. Сондықтан болар, еркін жүргенді жақсы көреді», дейді Қ.Жұмабеков.

Алдағы уақытта шаруашылық жылқы санын көбейтуді ойлап отыр. Сүт өнімдерін шығару да жоспарда бар. Сапарғали Сәтбаев облыста осындай үлкен шаруаларды көбеюту мақсатында тиімділігін түсіндіріп, пайдасын да айтып жүр. Жарты ғасырға жуық ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнаған ардагердің еңбегі көл-көсір. Осы игілікті істің басында да өзі тұр. Ең алғаш, 1994 жылы облыс көлемінде шаруашылық ашқан азаматтардың бірі. 1979 жылы қазақ даласына дегерес қойын әкелген маман. Нағыз еңбек адамы. Одан бөлек атбегілік қасиеті де бар, бүгінде жүйріктері бәйгенің алдынан көрініп жүр.

Былтыр өткен көш­пелілер ойынын қырғыз тұл­­­парын артта қалдырып, топтың басынан кө­рінген «Айқабақ» атты жүйрік­тің иесі, осы – Сапар­ға­ли Сәтбаев. Бүгінде ауылдағы жігіттерге ақыл-кеңесін айтып, бәй­геге дайын­­­дап жүр. 

Соңғы жаңалықтар

Көкшетау көркейіп келеді

«Таза Қазақстан» • Кеше

Өндірістегі өзгеше отау

Мереке • 01 Мамыр, 2025