Аймақтар • 13 Ақпан, 2025

«Бәйтеректегі» игі іс

302 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Талдықорған қаласындағы 1,5 жас пен 18 жас аралығындағы ерекше қажеттілігі бар балаларға мамандандырылған әлеуметтік қызмет көрсететін «Бәйтерек» орталығы жанынан жаңа бөлім ашылып, мекеменің сыйымдылығы 110 жатын орынға өсті.

«Бәйтеректегі» игі іс

Суретті түсірген – Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Аумағы шамамен 470 шаршы метрді құ­рай­тын жаңа ғимарат за­манауи стандарттар мен та­лаптарға толық сәйкес келеді. Онда ем алатын балалар жасына, денсау­лық жағдайына қарай екі топқа бөлінген.

«Бөлімді ашудағы басты мақ­сат – мүгедек балаларға барын­ша қамқорлық көрсету, оларды өмір­ге бейімдеу. Мұнда әлеумет­тік-медициналық, әлеуметтік-пси­хо­логиялық, әлеуметтік-педа­го­ги­ка­лық көмекті қосқанда, сегіз түрлі қызмет көрсетіледі. Соны­мен қатар отбасыларға ыңғай­лы әлеуметтік такси қызметтері ұсы­нылады. Балалар­ды орталыққа апаратын, қай­тып әкелетін 4 авто­көлік бар», дейді орталық дирек­торының әлеуметтік мәселелер жө­ніндегі орынбасары Назгүл Бүркітбаева.

Жаңадан ашылған орталыққа ке­ліп жүрген балалардың ата-ана­­лары осындай мүмкіндікке риза­­шы­лық білді­ріп, алғысын айтады. Сон­дай ананың бірі – Сәния Теңізбаева. «Бәйтерек» орталығының тоқ­таусыз жұмыс істеуі – бізге үлкен қолдау. Міне, орталықтың жанынан жайлы, жарық, жылы жаңа бөлімше ашылды. Балам кәсіби көмек алып қана қоймай, өзін ұжымның бір бөлшегі, үлкен, тату отбасының бір мүшесі ретінде сезініп келеді. Қызыма орталық ма­мандарының әрқашан қасында болып, көмектесіп, бағыт-бағдар беріп отыруы маңызды», деді С.Теңізбаева.

Кез келген ата-ана балалары қан­дай жағдайға тап болса да, әр күні қуанышпен өткенін қалайды. Сол себепті орталыққа жиі келіп, балаларын үнемі бақылап отырады. Қарлығаш Тұтқабаева баласына мамандардың заман талабына сай қызмет көрсеткеніне дән риза.

Жетісу жерінде мүмкіндігі шек­теулі жандарға арнаулы әлеу­меттік қызмет көрсететін 1566 орындық 13 мекеме бар. Былтыр бұл мекеме­лер 1512 әлеуметтік қыз­мет көрсетіп, мүге­дектердің емін-еркін жүріп-тұруына мүмкіндік­ жасады. Сондай-ақ өткен жылы 168 нысанда мүмкіндігі шектеу­лі жандарға бейімдеу жұмыстары жүргізілді. Биыл Талдықорған қала­сында 150 орындық оңалту орталығы­ның құрылысын бастау жоспарланып отыр.

 

Жетісу облысы