«Бұл көрме екі күнге жалғасады. 2022-2024 жылдары Ғылым және жоғары білім министрлігі Президент тапсырмасын орындау мақсатында 23 шетелдік университетпен стратегиялық серіктестік орнатты. Соның негізінде Қазақстанда шетелдік ЖОО-лардың филиалдары ашылып, қос дипломдық бағдарламалар іске асып жатыр. Биыл тағы әлемдік 11 университетпен стратегиялық әріптестік орнатамыз. Көрменің мақсаты – шымкенттік жастарға шетелге шықпай дүние жүзілік университет филиалдарының маман даярлау мүмкіндіктерімен таныстыру. Шетелдік филиалдардың біразы елімізде студенттер қабылдауды бастап кетті. Мәселен биыл үшінші жыл қатарынан Петропавлда Аризона университеті балаларды оқытып келеді. Солтүстік өңірде филиал ауыл шаруашылығы саласының, ІТ мамандығының иелерін дайындайды. Бір айта кетерлігі филиалдар тек Алматы мен Астана қаласынан ашылып жатқан. Өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын ескере келе сол жақтарда да филиалдарды шоғырландыруға ден қойылып отыр. Соның арқасында келешекте өңірлерде ғылым мен білім дамиды деген үміттеміз. Айталық Ақтөбе қаласындағы Жұбанов университеті жанынан құрылған Херриот-Уотт ЖОО филиалы екі жылдан бері студент оқытып жатыр. Бұл филиалда болашақ мұнай-газ саласының мамандары дайындалады. Себебі Ақтөбе облысының экономикасы мұнай-газ өндірісіне негізделгендіктен соған сай мамандар да қажет. Бүгінгі таңда Президент тапсырмасына орай елімізде жасанды интеллекетіні дамытуға баса көңіл бөліне бастады. Осыған орай министрлік әлемде ЖИ бойынша көшбасшысы саналатын Оңтүстік Корея елінің Сеул тех бағдарламасын Қызылордадағы Қорқытата университетінде іске асыруға кірісті. Яғни Сыр елінен де оқыту бағдарламасы озық шетелдік ЖОО филиалы ашылды. Шымкент төрінде өтіп жатқан бұл іс-шара көшпелі керуен деп аталады. Яғни бұған дейін Қарағанды, Астана, Алматы, Тараз қалаларында ұйымдастырылды. Енді Шымшаһардан соң Түркістан мен Қызылорда қалаларында өткізілетін болады. Сосын көрменің бірінші кезеңі аяқталады. Екінші кезеңде еліміздің батыс өңірлері қамтылса, үшінші кезеңде солтүстік пен шығыс аймақтарда ұйымдастыру жоспарда тұр. Тағы бір айта кететін тұсы осы филиалдарға оқуға түскен талапкерлер мемлекеттік грант есебінен оқуға мүмкіндік ала алады. Сонымен бірге студенттер филиал талаптары мен ережелеріне сәйкес белгілі бір кезеңде шетелдегі университеттің негізгі базасында оқуға мүмкіндігі бар. Мәселен Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде студенттер екі жыл Қытайда оқып келе алса, АҚШ-тағы Аризона жоғары оқу орнында бір жылдай оқу мүмкіндігіне ие болады. Яғни ұтқырлық бағдарламасы аясында шетелде білім алып келу әр филиалдың өзінің жеке шарттарына байланысты. Бүгінгі таңда көрме мақсаты тек оқушыларды жоғары білім мүмкіндіктерімен таныстыруды, қажетті ақпарат беруді көздейді. Ал талапкерлерді қабылдауға дайындық филиалдарда наурыз айынан басталады. Дегенмен көпшілік ЖОО өкілдіктері жазда тапсырылатын ҰБТ нәтижесін күтеді. Қысқаша айтқанда жетекші ЖОО-лардың елімізде филиал ашуы бұл жастарға алысқа бармай-ақ өз елімізде халықаралық талапқа сай заманауи білім алудың, бір мамандық иесі атанып шығудың керемет мүмкіндігі», деді Ғылым және жоғары білім министірінің кеңесшісі Р.Емелбаев.
Министрлік өкілінің айтуынша, филиалдарда оқу көбінесе ағылшын тілінде өтетіндіктен талапкерлерден осы тілді жетік білу талап етіледі. Бұл орайда оқушылардың көпшілігі ағылшын тілінен IELTS, TOEFL сынақтарын тапсырудан жүрексінетіндіктен көрмеде осы емтиханды өткізуге рұқсаты бар компания арнайы шақырылды. Оның мамандары келген оқушыларға жоғары аталған тілдік сынақтың ерекшеліктері мен қыр-сырын баяндап берді. Сонымен бірге болашақ талапкерлерге қай мамандық таңдауға кеңес беретін арнайы ұйым өкілдері де сынақ тапсырту арқылы оқушылардың белгілі бір кәсіпке икемділіктерін анықтауға көмектесті. Министр кеңесшісінің мәлімдеуінше 2025 жылы Шымкентте бір шетелдік ЖОО филиалын ашу көзделіп отыр. Ол Түркиядағы педагогикалық бағытта маман даярлайтын рейтингісі жоғары Ғази университетінің филиалы. Ол Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ жанынан құрылатын болады. Қазіргі таңда осы жұмысты аяғына дейін жеткізу үшін тиісті келісімдер жүргізіліп жатыр. Маманның сөзінше Президент тапсырмасына орай шетелдік ЖОО филиалдарын көбейту арқылы Қазақстанды Орталық Азиядағы академиялық хабқа, яғни білім мен ғылым ордасына айналдыру мақсаты тұр. Сондай-ақ бір мәселені түсініп алу керек деді министр кеңесшісі. Ол әлемдік рейтингте жоғары тұрған университет филиалдары Қазақстанда жеке-дара ЖОО болып құрылмайды, тек елімізде бар жетекші жоғары оқу орындарының жанынан ашылады. Сондықтан бұл филиалдар республикадағы барлық отандық ЖОО-лардың сапасын арттыруға, білім көкжиегін кеңейтуге, Қазақстан университеттерін өзара бәсекелестіру арқылы оқыту сервисін жақсартуға оң септігін тигізеді. Бүгінгі заман жаһандану үдерісі жүріп жатқан кез. Сол себепті шетелдік оқу орындарының идеологиялық басқа да ықпалынан қорқудың қажеті жоқ деген де пікір айтты маман. Өйткені филиалдың барлық білім бағдарламасы министрліктің тікелей бақылауында болады екен. Алдыңғы қатарлы шетелдік ЖОО-лар филиалын елде ашу жалпы дүние жүзінде бар тәжірибе, қалыптасқан үрдіс саналады. Сол үшін Қазақстан да осы бағытты таңдап отыр. Тіпті көршілес Өзбекстанда бұл бастама баяғыдан қарқын алған көрінеді.