Жәдігер • 19 Ақпан, 2025

Мәдидің ер-тоқымы

891 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шет аудандық археологиялық-этнографиялық музейі­нің қоры жаңа жәдігермен толықты. Онда ақын, әнші, композитор Мәди Бәпиұлының ер-тоқымын құсбегі Тілеуқабыл Есенбекұлы табыстады.

Мәдидің ер-тоқымы

Ер-тоқымның бұл түрі Арқа даласында кең таралған. Ердің ел аузындағы атауы – үйрекбас ер немесе арғын ер. Бұл жәдігердің бас пішіні көбіне үйрек ерге келіңкірейді. Бір қарағанда сұлбасы суда жүзген үйрек секілді. Кө­біне сал-серілер қолданған ­кө­рі­неді.

– Қаз дауысты Қазыбек бидің ұрпағы, халық ақыны, әнші-композитор, сегіз қырлы, бір сырлы, өз зама­нында өлең-жырлары, жыр-шумақтары қағаз бе­тіне түспесе де ел аузында сақ­талған дарқан даланың дүл­дүлі Мәди Бә­пиұлының ер-тоқымын музей қорына табыстау көптен ойымда жүр еді. Дегенмен тарихи жәдігердің үйдің төрінде тұрғаны да ерекше әсерлі. Алайда менен кейін кім ие болып қалатынын ойлап, осы шешімді жөн көрдім. Маған дейін қолдан-қолға өтіп келген жәдігер ғой. Құнды дүниенің қолыма түсуінің де тарихы тереңде, – дейді саятшы, өлкетанушы Тілеуқабыл Есенбекұлы.

Жәдігер бүркітшінің қолына қалай түскен деген сұ­рақ тууы заңды. Мәдидің жол серігі, ат­қосшысы бол­ған Тоқаш Кәді­­кеев әншінің қарындасы Мәпрузаға үй­ленген. Мәди атылып кеткеннен кейін ер-тұрманы күйеубаласы Тоқаш Кәді­кеевте қалған. Тоқаштан баласы Лятайға берілген. Лятайдан шахтада бірге жұмыс істеген Айғожа туы­сына көшеді. Ай­ғожадан жақын туысы Нығметолланың қолына түседі. Ал Нығметолла – Ті­леу­қабылдың нағашысы. Бұл ер-тоқымды бұл кісі қалпына кел­тіріп, 30 жыл тұтыныпты.

Көне ер шамамен XX ғасырдың басында жасалған. Материалы ағаштан шабылып, таза былғарымен қап­талып, күміспен күптеліп, безендірілген.

 

Қарағанды облысы,

Шет ауданы