
Алматы - 11 стансасы бар, ұзындығы 13,4 км болатын метро жұмыс істейтін Қазақстанның жалғыз қаласы болып табылады. Енді осы қолданыстағы желілерді кеңейту және батыс және шығыс бағыттарда метроның екі тармағының құрылысы бойынша жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр.
«Алматы үшін метрополитен желілерін қысқа мерзімде салу жобасын іске асыру маңызды басымдықтардың бірі болып табылады. Осыған байланысты құрылыс шеңберінде әлеуетті серіктестердің тізімін қалыптастыру кезінде біз бірінші кезекте қытайлық компаниялардың, оның ішінде кез келген жобаның табысты әрі сапалы іске асырылуына сенім ұялататын CRCC корпорациясының тәжірибесі мен мүмкіндіктерін зерттедік. Бұл біздің елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға елеулі үлес қосады», деп атап өтті Ерболат Досаев.
CRCC басқарма төрағасы Дай Хэгэн ынтымақтастыққа қызығушылық танытып, CRCC компаниясы Қазақстанда жалпы сомасы 650 млн АҚШ долларына жуық бірқатар ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асырып жатырғанын атап өтті.
«CRCC Қытайда алдыңғы қатарда және әрдайым ынтымақтастыққа ашық. Бүгінде бірнеше қытайлық компания Алматыда жобаны жүзеге асыруға қатысуды жоспарлап отыр және біз тең жағдайда бәсекелесуге ниеттіміз. Бай тәжірибенің арқасында біз Алматыда жобаларды табысты іске асыра аламыз деп үміттенеміз», деді Дай Хэгэн.
Естеріңізге сала кетейік, CRCC әлемдегі ірі техника өндіруші, ең қуатты және ауқымды халықаралық құрылыс корпорацияларының бірі. 2024 жылы CRCC корпорациясы Fortune Global-500 рейтингінде 43-орынды иеленді. Компания ҚХР-да темір жолдың үштен екі бөлігін және метрополитеннің бестен үш бөлігін салды. CRCC 700 бірліктен астам ұңғымалық қалқандар паркіне ие. Құрама металл конструкциясы болып табылатын осы жоғары технологиялық машиналар метро және басқа да жерасты құрылыстарын салу жөнiндегi жұмыстарды тиiмдi әрi қауiпсiз жүргiзуге мүмкiндiк бередi.
Бір күн бұрын, 18 ақпанда Досаев қытайлық China Exim Bank банкінің өкілдерімен кездесті. Бұған дейін депутаттар метроны кеңейту үшін 1 млрд доллар қажет деген болжам айтқан болатын.