
Фото: Абай облысының әкімдігі
Қазіргі таңда оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.
«Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның шешімімен жанжалға қатысқан төрт оқушыны арнайы мектепке жіберу ұсынылды. Сонымен қатар бала тәрбиесіне немқұрайлы қарағаны үшін олардың ата-аналарын ата-ана құқығынан айыру туралы талап-арыз берілді. Әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша оқушылардың заңды өкілдері жауапқа тартылды. Жәбірленушіге облыстық психологиялық қолдау орталығының мамандары көмек көрсетіп жатыр», делінген хабарламада.
Айта кетейік, Абай облысының Білім басқармасы жанынан арнайы мониторингтік топ құрылған. Қазіргі уақытта басқарма тарапынан қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша мектеп басшылығының тәрбие және бақылау жұмысындағы жауапкершілігі қаралады.
Облыс әкімі жиын барысында мұндай оқиғалардың қайталанбауы үшін алдын алу жұмысын күшейтуді тапсырды.
«Облыстағы барлық мектеп қатаң бақылауда болуы тиіс. Білім басқармасы құқық қорғау органдарымен бірге оқушылармен және олардың ата-аналарымен түсіндірме жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажет. Өңірдегі мектептердің қауіп-қатер картасы жасалып, осындай жағдайлар кезінде жедел әрі үйлесімді әрекет етуге арналған нақты іс-шаралар алгоритмі дайын болуы керек», деді Берік Уәли.
Сонымен қатар облыс әкімі оқиғаға байланысты қызметтік тексеріс жүргізіп, жауапты тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды.