
Алматы әкімдігінің мәліметінше, қалпына келтіру жұмыстары арнайы комиссияның тексерісі нәтижесінде басталды. Комиссия 50 жыл болған мемориалдық кешенді тексеріп, ондағы гранит жабындысы, тас тақталары мен кеспе тастары айтарлықтай тозғанын анықтаған.
«Бұл аумақта соңғы 20 жылда жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, сондықтан мемориалдың тарихи келбетін сақтай отырып, оны бастапқы қалпына келтіру туралы шешім қабылданды», деп хабарлады әкімдіктен.
Қалпына келтіру жұмыстары аясында Мәңгілік алау тұғырының гранитті тастары тазаланып, жаңартылып, мемориалдық кешен мен Вознесенск соборы арасындағы кеспе тас ауыстырылады. Жөндеу жұмыстарын 2025 жылдың сәуір айында аяқтау жоспарланып отыр.