
Оған қоса, 1 наурыз – ЮНЭЙДС-тің мұрындық болуымен «Кемсітушілікке жол жоқ» күні деп белгіленсе, жыл сайын атап өтілетін бұл күн биыл – «Біз біргеміз» ұранын таңдаған.
Қазақстанда АИТВ-ға қатысты "Н=Н": «Анықталмайды, яғни берілмейді» қағидаты қолданылады. Осы қағидатқа сәйкес, АИТВ-мен өмір сүретін, антиретровирустық терапияны қабылдайтын адам вирусты өзінің жыныстық серіктесіне жұқтырмайды. Бұл тұжырымдама әлемдік ғылыми зерттеулермен толығымен расталды.
Сол сияқты елімізде ЮНЭЙДС 95-95-95 стратегиясы жүзеге асырылып келсе, ол АИТВ-инфекциясына байланысты профилактиканы, тестілеуді, емдеуді және күтімді қамтамасыз етуге бағытталған. Бүгінде АИТВ-ахуалды адамдардың 83%-ы өз жағдайын біледі, 90%-ы антиретровирустық терапия (АРТ) қабылдайды, АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 92%-ында вирус ауыртпалығы басылған.
Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірлерінде профилактиканың инновациялық түрі – байланысқа дейінгі профилактика енгізіліп жатыр. Жылдан жылға халықтың осы мәселеде осал топтары – инъекциялық есірткі қолданатындар, жыныстық қызмет көрсететіндер, ерлермен жыныстық қатынасқа түсетін ер адамдар АИТВ-ға тестілеуден өткізіледі. Халықаралық ұсынымдарға сәйкес халықтың осал топтарын тестілеудің қолжетімділігін кеңейту мақсатында қоғамдық үкіметтік емес ұйымдарда АИТВ-инфекциясына экпресс-тестілеуден өтуге болады. АИТВ-мен ауыратын әйелдердің 98%-ы дені сау бала туады. Науқастарға диагноз қойылғаннан кейін бірден тағайындалатын және тегін берілетін АРТ қол жетімді бола бастады.
– Егер қоғамда АИТВ-ға байланысты алалаушылық пен кемсітушілік деңгейі жоғары болмағанда, бұл нәтижелердің салмағы әлдеқайда маңызды болатын еді. Жалпылай міндет – кемсітушілікті түбірімен жою. Оны орындау АИТВ-инфекциясының өршуін едәуір қысқартуға ықпал етеді, – деп есептейді ҚР ДСМ Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы директорының міндетін атқарушы Ұлықбек Медеубеков.
Сонымен биыл, 2025 жылы «Кемсітушілікке жол жоқ» күні әлемде 11-ші рет атап өтіледі. Ал ЮНЭЙДС АИТВ-ға қарсы күрестің тұрақтылығы мен денсаулық сақтау саласындағы жаһандық күш жұмылдыруда шешуші рөл атқарады. Ол АИТВ-мен өмір сүретін және эпидемиядан зардап шеккендерге сыйластықпен, түсіністікпен қарауды қамтамасыз ету міндетін ұдайы қолдап келеді.