Жәдігер • 28 Ақпан, 2025

Баукеңнің маузері

591 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақтың даңқты батыры, жазушы Бауыржан Момышұлы жеке фотосуреттері мен қойындәптерін, әскери картасын және өзге заттарын музейге тапсыруды аманаттаған екен. Батырдың қойындәптері мен картасы елордадағы әскери музейде тұрса, қалған біршама жәдігер облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Даңқ» залына тапсырылған. Мұндағы жәдігерлердің бірқатары соғыс жылдарынан сыр шертеді.

Баукеңнің маузері

Өңірде Баукең ту­ған Жуалы ауда­нын­да арнайы ме­мо­риалдық музей бар. Бұдан бөлек, облыстың 80 жыл­ды­ғында ашылған «Даңқ» залында да Баукеңнің біраз мұрасы сақталған.

«Даңқ» залында тұрған жәдігер тұсындағы «Маузер полковника Бауыржана Мо­мышулы» деген жазу көз­ге оттай басылады. Дерек­ке сенсек, Бауыржан Момыш­ұлынан қалған құнды жәді­гер 1965 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейіне тап­сырылған екен.

«Бұл қару – Панфилов ди­ви­зия­сының полковнигі Бауыржан Момышұлы­нікі. Бізде бар дерекке жүгінсек, маузер металл, ағаш және қайыстан жа­салған. Саналы ғұмырын әскери қызметке арналған батыр осы қару­ды соғыс жылдарында пай­даланған.

Нақты деректерге сенсек, батыр көзі тірісінде жәдігерді облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсыруды жөн деп тапқан екен. Бұл туралы өсиет хат та жазылған», дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Әмірбек Нұрзат.

Жалпы, 2019 жылы ашыл­ған «Даңқ» залында ба­тыр­дың бірқатар жә­дігер­і сақ­талған. Өңірге сырттан келген туристер Баукеңнің мұрасымен танысу үшін арнайы осында ат басын бұрады. Облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты ғимаратта Баукеңнің өмірі мен қызметін зерттеумен айналысатын  «Бауыржантану» зерттеу орталығы да жұмыс істеп тұр.

 

Тараз