
«Ұлттық бала асырап алу» агенттігінің басшысы Фарида Рахметова: «Қазіргі таңда елімізде асырап алу, қамқоршылығына алу, патронаттық отбасы болу сынды дәстүрлі отбасына қабылдаудың бірнеше формасы бар. 2025 жылдан кәсіби қабылдаушы отбасы енгізілді. Мұндай отбасылар толық болуы керек. Бір отбасына 4 баладан артық орналастыруға болмайды. Кәсіби қабылдаушы отбасын анықтау мен жұмыс жүргізу, іріктеу жергілікті атқарушы органның міндетіне кіреді. Кәсіби қабылдаушы отбасына қабылдаудың өзі бірнеше түрге бөлінеді. Яғни аяқ астынан бала ата-анасының қамқорлығынсыз қалғанда уақытша немесе алты айға орналастырылады. Үшіншісі – бала 18 жасқа толғанша ұзақ мерзімге дейін қалдыруды қарастырады», дейді.
Алматыда бала асырап алуға кәсіби тұрғыда дағдыланған отбасылық жүйе жүзеге асырылып жатқандықтан, әке-шешесіз қалған балаларды қолдауға бағытталған бастамалар дұрыс бағыт ала бастады. Осы орайда «Ұлттық бала асырап алу агенттігі» жобасының жетекшісі Ф.Рахметова Кәсіби қабылдаушы отбасы институтын енгізуге қатысты жаңа заң жобасының маңыздылығы туралы айта келе: «Ұлттық асырап алу агенттігі – елімізде бала асырап алу мәдениетін дамыту мен кәсіби қабылдаушы отбасыларды қолдауда сегіз жылдан бері еңбек етіп келе жатқан «Ана үйі» қорының маңызды бөлігі», – деді.
Қазірде елімізде 20 кеңес беру кабинеті қызмет атқарады, онда қор мамандары жетім балаларды отбасына қабылдағысы келетін азаматтарға көмек көрсетеді. Тек Алматының өзінде жоба іске қосылғалы бері 2285 адам мамандардан кеңес алып, 818 азамат Кәсіби қабылдаушы отбасы мектебінде дайындықтан өткен. Ендігі жерде осы бағдарламаның арқасында алматылық 105 отбасы 158 жетім баланы қамқорлығына алып отыр.
«Кейінгі 12 жыл ішінде интернаттық мекемелердегі балалар саны 10 мыңнан 4 мыңға дейін қысқарды. Алайда, өткен бес жылда бұл көрсеткіш өзгерген жоқ. Бұған басты себеп – жетім қалған балалардың көбі жасөспірімдер, ерекше күтімді қажет ететін немесе бауырлары бар балалар. Мұндай балаларды дәстүрлі асырап алушы отбасыларға орналастыру қиынырақ», дейді «Ана үйі» қорының психологиялық қызметінің жетекшісі Лаура Ақатаева.
Осы орайда елімізде Баланы қабылдайтын отбасы туралы Ереже бекітіліп, Кәсіби қабылдаушы отбасы институтын енгізетін заң жобасы әзірленді. 2025 жылдың басында оны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мақұлдап, құжат «Неке және отбасы туралы» Кодекске ресми түрде енді.
Ендігі жерде жаңа жүйе аясында өзгенің баласына өз перзентіндей өсіруге жауапкершілік арқалаған ата-аналар арнайы дайындықтан өтіп, кәсіби тұрғыда қамқорлық танытады деген болжам бар. Оларға мемлекет тарапынан қаржылық қолдау көрсетіледі, әрбір ата-анаға 70 АЕК, баланы асырауға 10 АЕК көлемінде көмек беріледі. Сондай-ақ мұндай отбасыларға міндетті қолдау, оның ішінде құқықтық, әлеуметтік, психологиялық көмектер көрсетілмек.
«Асырап алушы ата-аналар қатаң іріктеуден өтеді, олардың ниеті мен дайындық деңгейін анықтайтын диагностикалық сұхбат жүргізіледі. Сонымен қатар олар Асырап алушы ата-аналар мектебінде оқытылып, бала отбасына қабылданғаннан кейін тұрақты түрде мамандардың қолдауына ие болады», деді Ф.Рахметова.
АЛМАТЫ