Үкімет • 12 Наурыз, 2025

Олжас Бектенов экономиканы дамыту жөнінде кеңес өткізді

45 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов экономикалық блок министрліктері басшылығымен Мемлекет басшысының ел экономикасының тұрақты өсуі мен әртараптандырылуын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау мәселесі бойынша жұмыс кеңесін өткізді. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин биылғы қаңтар-ақпан айларындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Олжас Бектенов экономиканы дамыту жөнінде кеңес өткізді

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Ресми мәлеметтерге сүйенсек, есепті кезеңде ЖІӨ өсімі 5,4%-ды құраған. Тауар өндірісі мен қызмет көрсету секторында өсу серпінінің жақсарғаны байқалады. Өнеркәсіптік әлеуетті ашу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар өнеркәсіп өндірісінің көлемін 5,7%-ға арттыруға мүмкіндік берді.

«Өңдеу өнеркәсібі бойынша бұл көрсеткіш 8,9%-ды құрады. Негізгі салалар ішінде машина жасау (18,2%), азық-түлік өндірісі (13,1%), құрылыс материалдары өндірісі (21,6%) және металл бұйымдары өндірісі (20,1%), сондай-ақ химия өнеркәсібі (9%) жоғары көрсеткіштер көрсетті. Тау-кен өнеркәсібінде өсім 4,1%-ды құрады», делінген хабарламада.

Құрылыс саласында жоғары қарқын сақталған. Орындалған жұмыстар көлемі 408,1 млрд теңгеге, ал нақты көлем индексі 112,8%-ға жеткен. Сауда саласындағы өсім 6%-ға, ал көлік және қоймалау қызметі 21,3%-ға артқан. Жалпы, астық, тұқым және мал азығы (өсім 5,8 есе), фармацевтикалық өнімдер (44,6%-ға), автокөліктер мен жеңіл көліктер (38,8%-ға) өткізетін көтерме сауда кәсіпорындары айтарлықтай жоғары үлес қосқан. Астық тасымалы 43%-ға артып, 2,4 млн тоннаға жетіп, ал ұн өнімдерін тасымалдау 12%-ға өскен.

Сонымен қатар терең өңделген өнім өндіретін салаларды қолдау жүйесінің нәтижелері атап өтілді. Осылайша, қосылған құны жоғары өнімдер, атап айтқанда, құрама жем экспорты 5 есеге өсіп, 273 мың тоннаны құрап (2024 жылы – 56 мың тонна), өсімдік майының экспорты 28%-ға артып, 94 мың тоннаға жеткен.

Премьер-министр өсу қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырып, жоспарлы өсім көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін жұмысты күшейту қажет бірқатар бағытты атап өтті.