Қазақстан • 12 Наурыз, 2025

Елімізде қандай маңызды бастамалар жүзеге асырылып жатыр

4920 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ұлттық құрылтайдың III отырысы  ортақ ұлттық құндылықтарды белгілеп берді. Олар: Тәуелсіздік пен Отаншылдық, Бірлік пен Ынтымақ, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық пен Жаңашылдық. Аталған құндылықтар мектептегі тәрбие жұмысының бірыңғай бағдарламасына негіз болды, деп жазады Egemen.kz

Елімізде қандай маңызды бастамалар жүзеге асырылып жатыр

 Тәрбие жұмысы бағдарламасын жаңарту және оны білім беруде енгізу

2024 жылғы 1 қыркүйегінен бастап еліміздің барлық мектептерінде «Біртұтас тәрбие» бірыңғай білім беру бағдарламасы жүзеге асырылды. 

Тұңғыш рет барлық мектептерде оқу-тәрбие процесі Ұлттық құрылтайдың ІІІ сессиясында тұжырымдалған құндылықтар тізбесі негізінде құрылған бірыңғай бағдарламамен ұйымдастырылды.

Жаңа бағдарламаның басты айырмашылығы – мектеп-ата-ана-қоғам байланысын ескере отырып, балабақшадан бастап жоғары сыныптарға дейінгі білім беруде жүйелі тәсілдерді қолдану және практикалық әрекеттер арқылы құндылық бағдарларын нығайту.

Бұрын оқу жылында орта есеппен 240 сыныптан тыс іс-шара өткізілсе, жаңа бағдарлама сәйкес саны 55-ке дейін қысқарды. Бұл тәрбие жұмысы бойынша бас мұғалімдер мен сынып жетекшілерінің жүктемесін айтарлықтай азайтып, мектептегі оқу-тәрбие процесінің тиімділігін арттырады. Яғни, атқарылып жатқан тәрбие жұмысының санына емес, мазмұны мен сапасына мән беріледі.

Сондай-ақ қажет болған жағдайда мектептердегі оқу-тәрбие жұмысының бағдарламасына қажетті түзетулер енгізіліп, жаңа тәсілдердің іске асырылу барысы мен тиімділігіне үздіксіз талдау жүргізіледі.

Ұлттық кітап күнін белгілеу

Үкімет Қаулысымен Қазақстанда жаңа мереке «23 сәуір – Ұлттық кітап күні» бекітілді.

Аталмыш мереке Мемлекет басшысының қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында үшінші Ұлттық құрылтайдың негізгі сессиясында берген тапсырмасына байланысты белгіленді.

Қазақстан мәдениетін ел ішінде және шетелде насихаттау

«Беташар» ұлттық дәстүрі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енді. Бүгінгі таңда ЮНЕСКО-ның репрезентативті тізіміне 13 элемент енгізілген.

БҰҰ-ның алты ресми тілі мен қазақ және түрік тілдерін қамтитын «Qazaq Culture» сегіз тілде ақпараттық-білім беру платформасы іске қосылды.

2024 жылы шетелде қазақ қайраткерлерінің есімдері ұлықталды. Түркіменстанда, Тәжікстанда, Татарстанда Құрманғазы мен Абайдың ескерткіштері мен бюсттері орнатылды.

2024 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық оркестрінің 90 жылдығы, Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдығы, Бибігүл Төлегенованың 95 жылдығы, Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығы, Бейімбет Майлиннің 130 жылдығы, Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 90 жылдығы, Герольд Бельгердің 90 жылдығы, Әбіш Кекілбаевтың 85 жылдығы, Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығы кеңінен атап өтілді.

 Жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру

Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп бекітіп, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды жариялады.

Мемлекеттік наградалар жүйесіне 9 жаңа құрметті атақ (ғалымдар мен өнертапқыштар, инженерлер, сәулетшілер мен құрылысшылар, кеншілер, геологтар, өнеркәсіп, көлік, ауыл шаруашылығы және су шаруашылығы саласының қызметкерлері үшін) қосылды (қолданыстағы 6 құрметті атаққа қосымша).

Сондай-ақ 63 кәсіби мерекені, оның ішінде Еңбек күнін атап өтуге ерекше көңіл бөлінеді.

Айта кетейік, жыл сайын мемлекеттік наградалармен марапатталған жұмысшы мамандар мен еңбек өкілдерінің саны артып келеді.

Білімнің беделі. Ғылым мен білімнің дамуы

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында: 105 жаңа мектеп салынды, оның 36-сы ауылдық жерлерде. 2025 жылы – 112 мектеп бой көтерді.

Мектептерде STEM зертханалары, робототехника кабинеттері, спорт залдары мен демалыс орындары құрылды.

2024 жылы студенттердің шәкіртақысы артты. Бакалавр студенттері 47 135 теңге (мұғалімдер мен дәрігерлерге – 75 600 теңге). Интерндер 85 376 теңге, резиденттер 123 122 теңге, магистранттар 107 061 теңге, докторанттар 240 000 теңге шәкіртақы алды.

Шетелдік жоғары оқу орындарының 12 филиалы ашылды. 12 елдің университеттерімен 23 серіктестік жасалды.

Үміткерлерді іріктеуде әділ көзқарасты қамтамасыз ету үшін «Болашақ» халықаралық стипендиясының ережелеріне өзгерістер енгізілді (3 турмен жаңа конкурстық іріктеу тетігі, түлектердің оқуды өтеуі және т.б.).

2024 жылы мемлекеттік наградалармен марапатталғандардың арасында ұстаздар мен ғалымдар көп. Мысалы, «Қазақстанның еңбек ері» атағы Асқар Жұмаділдаевқа (ғалым) және ұстаздар Гүлжанар Нұрпейісова мен Эльмара Трайсоваға табысталды. 80-нен астам ғалым марапатталды.

Ономастикалық жұмыстарды орталықтандыру, ескерткіштер орнатуды реттеу

Ономастика саласында жұмыстар ретке келтірілді. Жол картасын іске асыру мерзімі – 2024-2028 жылдарға дейін ұзартылды (2024-2025 жылдардың орнына). Ономастикалық жұмыстарға қажетті тізімдер («Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар») жаңартылды.

Ономастикалық мәселелер бойынша түзетулер – заңға Мемлекет басшысы 2024 жылғы 5 мамырда қол қойды. Барлық атауларды өзгерту және атауларды беру енді Мәдениет министрлігімен келісілуі керек.

2024 жылдың желтоқсан айында ескерткіштер орнатудың жаңа қағидалары бекітілді.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларына сыртқы түрі немесе атауы жағынан толық немесе қандай да бір бөлігінде ұқсас ордендер мен медальдарды, төсбелгілерді және құжаттарды белгілеуге және дайындауға тыйым салатын заң (Президент 2025 жылғы 13 қаңтарда қол қойған) қабылданды. Қазақстан Республикасының, Қазақстан халқының және Мемлекет басшысының атынан мемлекеттік емес наградалармен марапаттауға жол берілмейді.

Қоғамдағы кеселдерге қарсы күрес

Лудорманиямен күрес:

2024-2026 жылдарға арналған заңсыз құмар ойындар мен лудоманиямен күресудің кешенді жоспары қабылданды.

Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес:

Есірткі жеткізушілер мен өндірушілердің жауапкершлігін саралау бойынша заң қабылданды (Президент 2025 жылғы 2 қаңтарда қол қойды).

Бұл қылмысты алғаш рет жасаған қарапайым есірткі жеткізушілер немесе «есірткі сатушылар» деп аталатындар үшін жаза жеңілдетілді.

Сонымен бірге, есiрткi заттарын өндiру мен өткiзудi ұйымдастырғаны үшiн қылмыстық жауаптылықты, оның iшiнде өмiр бойына бас бостандығынан айыруды қоса алғанда, қатайтатын нормалар енгiзiлдi. Синтетикалық есірткі компоненттерінің заңсыз айналымы үшін де қылмыстық жауапкершілік енгізілді.

Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары жүзеге асырылып жатыр. 

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес: 

15 сәуірде Президент әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері туралы заңға қол қойды. (2024 жылғы 16 маусымда қолданысқа енгізілді). Заң аясында қылмыстық жауаптылық күшейтілді, денеге қасақана жеңіл зиян келтіру (мысалы сызат, көгеру немесе буынынан шығып кету) үшін жаза енгізілді.

Вандализмге қарсы күрес: 

2024 жылғы 8 шілдеде Мемлекет басшысы бұзақылық, вандализм және бөтеннің мүлкіне қасақана зиян келтіру үшін жазаны қатайтатын заңға қол қойды. Бұл қоғамдық тәртіпті сақтау және заңға бағынатын азаматтардың құқықтарын қорғау үшін маңызды.

 Жеңістің 80 жылдығы

2024 жылғы 31 желтоқсанда Үкімет қаулысымен 2025 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына дайындық және мерекелеу жөніндегі «Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» іс-шаралар жоспары (94 тармақтан тұратын) бекітілді.

Ендігі кезекте өңірлік жоспарлар орындалып, елді-мекендерге, көшелерге, оқу орындарына Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдері беріледі.

Ұлы Отан соғысына қатысушылардың ескерткіштерін, монументтерін, жерленген жерлерін қалпына келтіру, жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.

«Айбын» орденінің дәрежелері Ұлы Отан соғысы батырларының есімдерімен аталды (Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев). Жаңа модельдегі алғашқы марапаттар 2024 жылдың 6 мамырында табысталды.

2024 жылғы 9 мамырда Талдықорғанда Қорғаныс министрі Р.Жақсылықовтың қатысуымен Қазақстан Әуе қорғанысы күштерінің авиабазасына екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Сергей Луганскийдің есімін беруге арналған салтанатты шара өтті.

 Төрт ауқымды инфракұрылымдық бастама

2024 жылы жалпы инвестиция көлемі 40 триллион теңгеден асатын, 200-ден астам жобаны іске асыруды көздейтін 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспары қабылданды.

Энергетикалық инфрақұрылым:

2024 жылы республикалық бюджеттен 14 жобаға қаражат бөлінді, оның 6-ы жылумен, ал 8-і электрмен жабдықтауға қатысты.

Теңгедегі қайтарымды инвестициялардың жылдық лимиті ұлғайтылды. Қазіргі уақытта инвестициялық келісімдер бойынша жалпы қуаты 2,48 ГВт болатын 19 келісім қолданылады. 

Биыл энергетика саласында қуаты 600 мегаваттан асатын ірі жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Көлік инфрақұрылымы:

2024 жылы 12 мың шақырым жолды жөндеу және салу жұмыстары басталды. Оның 7 мыңнан астамы аяқталды.

2024 жылы іске қосылған барлық жолдардың жалпы ұзындығы 1,6 мың км құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп.

Негізгі халықаралық автожол дәліздері іске қосылды. Олар: «Талдықорған – Өскемен», «Қарағанды – Алматы», «Ақтөбе – Атырау – Астрахань» (шартты түрде 25 желтоқсанда).

2024 жылдың қазан айында Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің құрылысы аяқталды. Бұл – ұзындығы 1316 м құрайтын елдегі ең ұзын көпір.

Еліміздің 8 әуежайы күрделі және ағымдағы жөндеуден өтті.

Алматы, Шымкент және Қызылорда әуежайларында жаңа жолаушылар терминалдары пайдалануға берілді. Алматыдағы терминалдың өткізу қабілеті 6 есеге (жылына 2,5 миллионнан 14 миллион жолаушыға), Шымкентте 7,5 есеге, Қызылордада 7 есеге (жылына 300 мыңнан 2 миллион жолаушыға) ұлғайтылды.

Шымкент, Павлодар, Түркістан және Қызылорда қалаларының теміржол вокзалдарын қайта құру аяқталды. 1,4 мың шақырым теміржол жөнделді.

2025 жылы ұзындығы 836 шақырым болатын Достық-Мойынты теміржол учаскесінің екінші жолының құрылысы аяқталады. Маршруттың өткізу қабілеті бес есе артады, ал контейнерлік пойыздардың жылдамдығы айтарлықтай ұлғаяды. Бұл ауқымды жоба алғаш рет отандық дизайнерлердің, инженерлердің, құрылысшылардың күшімен жүзеге асты.

Елді мекендерге газ жеткізу:

2024 жылға 200 газбен жабдықтау жобасы (4129 км) жоспарланған.

2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша шамамен 3583 шақырым газ құбыры салынды.

Қалған 546 шақырымды ағымдағы жылдың желтоқсан айының соңына дейін салу жоспарланған.

11 айдың қорытындысы бойынша биылғы жылдың соңына дейін 106 мың адам газбен жабдықтауға қол жеткізді. Қосымша 194 мың адам газбен жабдықталды.