
Шараға елорданың №14 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып оқушылары қатысып, олар кітапханашылар дайындаған «Сен салт-дәстүрді білесің бе?» атты танымдық сұрақ-жауап сабағына қатысып, халқымыздың құнды салт-дәстүрімен танысты.
Атап айтқанда, жас өрендер халқымыздың тұрмыстық құнды мұралары: жаңа туған сәбиге ат қою, бесікке салу, қырқынан шығару, тұсу кесу, атқа мінгізу, тоқым қағу секілді дәстүріміздің маңыздылығымен танысып, ежелден келе жатқан көшпелі қоғамның ғұрыптық салты: «сүйінші сұру», «базарлық беру», «шашу шашу», «ерулік», «қалау», «құтты болсын айту» сияқты этнографиялық ұғымдардың тереңіне үңілді.
Сонымен қатар, жеткіншектер бұрынғылардың «жеті атасын білген ер – жеті жұрттың қамын жер» дегеніндей халқымыздың генетикалық-туыстық қатынасы хақында жүйелі түсінікке қанығып, көшпенді бабаларымыздың ақыл-ой туындысы ұлттық тағамдар: құрт, ірімшік, қымыз, жент, бауырсақ т.б. туралы мәліметтерге қанықты.
Сабақ барысында оқушылар өзара ұлттық ойындар ойнап, наурыз жұмбақ шешіп сайысты. Соңында жас қонақтар отандық һәм халықаралық ән байқауларының жүлдегері Әйгерім Манапованың шырқаған әндерін тыңдап, қыздардың «Қамажай» биін тамашалады.
(Фотода әнші балапан Әйгерім Манапова).