Білім • 26 Наурыз, 2025

Білім беру саласында 303 қылмыстық іс тіркелген

120 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Темір Қырықбаев білім беру саласындағы ашықтық пен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу туралы мәселе көтерді, деп жазады Egemen.kz

Білім беру саласында 303 қылмыстық іс тіркелген

Фото: Жоғарғы сот

Депутаттың дерегінше, 2023 жылдың басынан бері білім беру саласында 303 қылмыстық іс тіркеліп, жалпы шығын 17,5 млрд теңгені құраған. Көп қаржы жымқыру фактісі Жетісу, Түркістан, Қызылорда, Алматы облысында және Алматы қаласында анықталған. 

Осы бағытта 249 адам жауапкершілікке тартылған. Олардың арасында 10 білім бөлімінің басшысы, 2 колледж директоры, 28 мектеп директоры, 21 балабақша басшысы және 136 есепші бар. 

Темір Қырықбаев педагогикалық кадрды іріктеудің жаңа ережесі енгізілгеніне қарамастан мектепке қызметке тұру үшін заңсыздыққа бару фактілері тыйылмай тұрғанын атап өтті. 

«Халық арасында мектепке жұмысқа орналасу үшін директорға немесе басқарма қызметкеріне «заңсыз сыйақы» беру қажет деген қауесет желдей есіп жүр. Өйткені оңтүстік өңірде жұмыссыздық статистикада көрсетілгеннен әлде қайда жоғары. Ауылдық жерлерде мектеп, балабақша, клуб үйінен басқа жұмыс көзі тапшы. Сондықтан мұғалім болуға талпынатындар тым көп. Тіпті лаборант немесе техникалық қызметкер болу үшін де заңсыз ақша беру жағдайлары кездеседі. Сонымен қатар, қызметкерлердің жұмыстан шықпау үшін жалақысының бір бөлігін беру фактілері туралы да айтылып жатыр. Ал кәсіби біліктілігі төмен мамандардың, тіпті заңсыз жолмен жұмысқа орналасқандардың сабақ беруі білім жүйесіндегі адалдық пен кәсіби этиканың бұзылуына әкелетіні анық», деді депутат.

Мұғалім – тек білім беруші ғана емес, болашақ ұрпақтың адамгершілік құндылығын қалыптастырушы екенін ескерген депутат білім беру саласындағы кадрларды басқарудың бірыңғай электрондық базасын құруды ұсынды. 

«Жұмысқа орналасу процесінің ашықтығын қамтамасыз етіп, педагогикалық кадрларды іріктеудің ашық және әділ жүйесін қамтамасыз ету қажет. Қоғамдық бақылауды күшейту маңызды. Яғни ата-аналар комитеті және басқа қоғамдық ұйымдардың білім беру процесіне және қаржылық қызметке қатысуын кеңейту керек», деді Т. Қырықбаев.