
Суретті түсірген – Әділ ӘБІЛТАЕВ
Осыдан үш жыл бұрын Жетісу облысы құрылған шақта өңірдің экономикалық қуатын ескере отырып, чилилік кәсіпкерлер серіктес болуға ниетті екенін жеткізген.
«Сіздермен серіктес болуға пейілдіміз. Дегенмен коронавирусты және басқа да себептерді алға тартып, кей жобалардың іске асырылуын ұзатып алған инвесторлар да бар. Бізге жобалардың уақытында жүзеге асырылғаны және оның өз тиімділігін көрсеткені керек. Ол үшін біз жергілікті атқарушы органға қатысты жұмыстарды дер кезінде атқаруға мүдделіміз. Өзіңіз атап өткен барлық құжаттық рәсімдер аяқталғанда тағы бір кездесіп, жобаның жай-жапсарын егжей-тегжейлі талқылауға әзірміз», деген еді облыс әкімі Б.Исабаев сол тұста.
Міне, бүгінде сол жобаны жүзеге асыру мақсатында Астана қаласында «KAZ Minerals тобы» мен чилилік «Compania Electro Metalurgica SA» (ME Elecmetal) келісімшартқа қол қойды. Аталған ресми шараға еліміздің Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің басшылығы, елшілік өкілдері, компаниялар қызметкерлері, Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов қатысты. Ә.Қанағатов жобаны іске асырудың барлық кезеңінде жергілікті атқарушы орган тарапынан заң аясында қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.
«Жетісу аймағының логистикалық мүмкіндіктері мол. «Талдықорған» индустриалды аймағында өндірісті дамытуға қажетті барлық инфрақұрылым жүйелері жасалған. Бұл өз кезегінде өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Жобаның аймаққа тиімділігі тұрғысындағы бірқатар жайттар пысықталды. Өз тарапымыздан қажетті қолдау көрсетеміз. Жаңа зауыт өңірдің экономикалық қуатын арттыруда көп көмек болады деген ойдамын», дейді Ә.Қанағатов.
«ME-Elecmetal» компаниясы – тау-кен өндірісі саласында диірмен қаптамаларын шығаруда өндірістік қуаты мен өнім шығару көлемі жағынан әлемде көшбасшы. Компания шикізатты Қытайдағы кен орнынан тасымалдап, Жетісу өңірінде өңдеу ісімен айналыспақ. Олардың жылына 100-140 мың тонна жоғары сапалы өнім өндіру жоспары бар.
«KAZ Minerals» компаниясымен келісімшарт жасадық. Сіздерге ұсынылып отырған жобамызды директорлар кеңесі бізге бекітіп берді. Содан кейін нақты қадамдар жасалады. Жаһандық пандемия салдарынан көптеген жоба кешігіп жүзеге асып жатыр. Жетісу – инвесторларға қолайлы аймақ. Жаңа бастама өз жемісін беретініне сенімдімін», дейді «ME-Elecmetal» бірлескен компаниясының өкілі, ұсату бөлімінің аға атқарушы вице-президенті Зен Жу мырза.
Жобаға қатысты жұмыс облыс басшылығы тарапынан былтырдан бері жүргізіліп келеді. Облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының ақпаратына қарағанда, жаңа зауыт Талдықорған қаласында салынады. Экспортқа бағытталған кәсіпорын 2028 жылы іске қосылуы мүмкін. Зауыт шығаратын тегістеу шарлары Кербұлақ ауданындағы «Шоғырландырылған құрылыс тау-кен компаниясы» ЖШС металлургиялық комбинатының мыс және мыс өнімдерін өндіруі барысында да қолданылмақ.
Жетісу облысы