
Фото: Оқу-ағарту министрлігі
Мұндай бастамалар қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған. Мәселен, кейінгі 3 жылда еліміздегі 4 мыңнан астам мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылған. 2 мыңнан астам білім беру ұйымында робототехника, химия, биология, физика және STEМ бойынша заманауи пәндік кабинеттер ашылған. 2024 жылы 967 мектепте 1621 пәндік кабинет жабдықталған. Министрлік 2029 жылға қарай еліміздің мектептерінде кемінде 7000 заманауи пәндік кабинет ашу жоспарланғанын жеткізді.
«Білім беру сапасын арттырудың тағы бір маңызды факторы - цифрлық технологияларды енгізу болып табылады. Ұлттық бастамалар аясында мектеп оқулықтарының 100%-ы цифрлық форматқа көшірілді, ал мектептердің 95,2%-да жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділік айтарлықтай жақсарды. Білім беру платформалары енгізілуде, жасанды интеллект элементтері оқу процесіне интеграциялануда. Осы шаралардың барлығы оқушыларды болашақтың сын-қатерлеріне дайындауға және олардың бойында ерте жастан цифрлық дағдыларды қалыптастыруға бағытталған», делінген Оқу-ағарту министрлігінің хабарламасында.
Сондай-ақ, ведомоство педагог кадрлардың әлеуметтік жағдайы мен кәсіби дағдысын дамытуға айрықша мән беріліп отырғанын да тілге тиек еткен. 2020 жылдан бастап педагогтердің жалақысы 2 есеге артып, ал біліктілік санаттары бар мұғалімдерге ол үшін лауазымдық жалақысының 35%-дан 50%-ға дейін үстемеақы төленіп отыр. Бүгінде орта білім беру жүйесінде жұмыс істейтін 400 мың педагогтің 300 мыңға жуығына осындай үстемеақылар төленеді.
«Ауыл мұғалімдерін қолдауға ерекше назар аударылып, олардың жалақысы қалалардағы әріптестерімен салыстырғанда кем дегенде 25%-ға жоғары. Бұл өңірлерге білікті кадрларды тартуға ықпал етеді. 2023 жылдың қыркүйегінен бастап Президенттің тапсырмасы бойынша барлық бастауыш сынып және әлеуметтік осал топтар санатындағы оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамтылып жатыр. 1,7 миллион оқушыны қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттерден 192 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Сондай-ақ тамақтану сапасын арттыру мақсатында асхана қызметкерлеріне қойылатын талаптар күшейтілді, тегін тамақ алушылардың есебі автоматтандырылды, күнделікті бақылау енгізілді», деп хабарлады министрлік.
Сонымен қатар «Жалпыға бірдей білім беру» қоры аясында әлеуметтік осал санаттағы 510 мыңнан астам оқушы мектеп құралдарымен қамтамасыз етілген. Келер оқу жылынан бастап жекеменшік мектептердің оқушылары үшін де әлеуметтік қолдау шараларын енгізу жоспарланған.