11 Ақпан, 2015

Елена Исинбаева сөзінде тұрып, спортқа қайта оралды

440 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

11-02-15-isinbaeva-1

АСТАНА. 11 ақпан. Ресейдің атақты жеңіл атлеті, екі Олимпиялық ойындардың чемпионы Елена Исинбаева уәде бергеніндей, біршама уақыт үзілістен кейін спортқа қайтып оралды. Бұл туралы «Аргументы и факты» хабарлады. ЦСКА спорт клубының баспасөз қызметі мәлімдегендей, сырықпен секіруші Елена Исинбаева 12 ақпан күні өзінің спортқа оралғанын ресми хабарлайды да, ЦСКА жеңіл атлеттері командасына спортшы-нұсқаушы лауазымы бойынша жұмысқа қабылданады. Қазір жасы 32-ге келіп отырған атлеттің басты мақсаты 2016 жылы өтетін Рио-де-Жанейро Олимпиялық ойындарына қатысу болып отырғанын да білу қиын емес. Ол Бразилияда үшінші мәрте Олимпиада чемпионы болуды армандайды. Елена Исинбаева осының алдында соңғы рет, 2013 жылы Мәскеуде өткен әлем чемпионатында сайысқа түскен еді. Сонда 4 метр 89 сантиметрдің арғы жағынан асып өткен спортшы 15 минуттан соң өткен баспасөз мәслихатында өзінің кәсіби мансабында үзіліс жасағалы тұрғанын, бірақ міндетті түрде қайта оралатынын айтқан. Ал үзілісті отбасылық істерге арнайтынын жеткізген. Елена Исинбаева 1982 жылғы 3 маусымда Волгоград қаласында туған. Сырықпен  секіруде әлемнің 29 рекордын жасаған. Әкесі Гаджи Гафанович, ұлты табасаран, анасы Наталья Петровна, ұлты орыс, екеуі де қарапайым кәсіптің адамдары болған. 2014 жылғы 28 шілдеде Елена қыз туды. Содан бері бала күтімімен отырды. Ал сол жылғы қазан айында Никита есімді орыс жігітіне күйеуге шықты. Дамир Қожамқұл.