
– Альбина Наурыз мерекесін қалай қарсы алдыңыз? Отбасыңыз қазақ халқының қандай салт-дәстүрлерін ерекше ұстанады?
– Наурыз – жаңару мен бірліктің мейрамы. Әдетте отбасымызбен бірге атап өтеміз. Дастарқан жайып, наурыз көже жасаймыз. Ата-анам мал шаруашылығымен айналысатын болғандықтан, қазы-қарта, жал-жая секілді ұлттық тағамдар міндетті түрде қойылады. Көрші-қолаңды шақырып, ақ тілек айтамыз. Жастар жағы ұлттық ойындар ойнап, көңіл көтереміз.
Маған бесікке салу дәстүрі ерекше ұнайды, өйткені бұл – сәбидің өміріндегі алғашқы маңызды қадамдарының бірі. Қазақ халқы бесікті қасиет санап, баланың дені сау, ұйқысы тыныш болып өсуі үшін түрлі наным-сенімдерге мән береді. Дәстүр бойынша баланы бесікке үлкен, көргенді әжелер салады, бұл – даналық пен береке тілегеннің белгісі. Сондай-ақ бесік баланың тазалығын, ыңғайлы әрі жылы ұйықтауын қамтамасыз етеді. Осы дәстүр арқылы ұрпақ сабақтастығы сақталып, қазақы тәрбие өріледі.
Ал отбасым мұны жақсы біледі. Қазақы дәстүрлерді ұстанады. Сондықтан қонақжайлық, үлкенге құрмет, кішіге ізет – басты қағидамыз. Наурыз, Құрбан айт сияқты мерекелерде мал сойып, туған-туыспен бірге боламыз. Анам Абайдың өлеңдерін жақсы көреді, өзі де жас кезінде өлең жазған. Ізімнен ерген екі сіңілім, арқа сүйейтін ағам бар. Олар да қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүріне қанығып өсіп келеді.
– Өзіңіздің қызығушылығыңызға тоқталсаңыз.
– Журналистикаға деген қызығушылығым ерек. Бүгінде Е.А.Бөкетов атындағы университеттің журналистика мамандығы бойынша 1-курста оқып жүрмін. Мен үшін журналистика ақпараттық қару да, қоғам мен билік арасындағы көпір де бола алады. Ол шындықты жеткізіп, қоғамдағы мәселелерді көтерсе, қуатты күшке айналады. Сондықтан журналистиканың басты міндеті – объективтілік пен адалдықты сақтау. Болашақта осы қағиданы ұстанып, қоғамға пайдалы істерге атсалысқым келеді.
Қазір мені алаңдататыны – қазақ тіліндегі контенттің аздығы. Өзге этнос өкілдерінің арасында қазақша сөйлейтіндер көп, бірақ олар үшін қазақша сапалы контент жетіспейді. Бұл – тек менің емес, қазақша сөйлейтін басқа да этнос жастарының мәселесі. Біз қазақша сөйлегіміз келеді, бірақ бұл тұрғыда ақпарат, кино, әдебиет, медиаконтент жағы әлі де толық қамтылмаған. Әзірге бос уақытымда Tik-Tok, Instagram сынды әлеуметтік желілерде тікелей эфирде достарыммен тілдесіп, қазақ тілінің ілгерілеуіне үлес қосып жүрмін. Оқуымды аяқтаған соң қазақтілді медиа саласын дамытуға шындап кірісуді көздеп отырмын.
– Ел жастары арасында орыс тілін білмеу, акцентпен сөйлеу ұят па? Сіз орыс тілінде сөйлемегеніңіз үшін қандай да бір кедергілерге тап болдыңыз ба?
– Әрине, орыс тілін білмеу ұят емес, бірақ көп жағдайда ыңғайсыздық тудырады. Өйткені ресми құжаттар, жұмыс ортасы – көбіне орыс тілінде. Өзім орыс тілін жақсы білмеймін, үйреніп жүрмін. Кейде орысша еркін сөйлей алмауым кедергі болады. Мысалы, таксиде немесе автобуста жолақысын төлеу кезінде, нөмір сұрарда қиындықтар болады. Такси жүргізушілері көбіне орысша сөйлейді, мен олардың тілінде сөйлемегендіктен, жағдайымызды түсіндіргенде ұяламын. Олар «вы же русская, почему не понимаете?» деп сұрайды, біз амалсыздан қазақша сөйлей бастағанда, олар күледі. Бірақ маған бұл ұят емес, себебі қазақ тілі – менің мәдениетімнің, жанымның бір бөлігі. Әрі менің басты мақсатым – қазақ тілінде дамып, өзімді осы тілде көрсету.
– Патриотизм мен қазақ тіліне деген құрмет арасындағы байланысты қалай түсінесіз?
– Мен үшін патриотизм – өз еліңді, мәдениетіңді, тіліңді құрметтеу. Қазақ тіліне деген құрмет – патриотизмнің бір бөлігі ғана. Бірақ бұл басқа тілдерді менсінбеу деген сөз емес. Кез келген ұлттың мәдениеті мен тіліне құрметпен қарау – жалпы адами құндылық.
– Адал адам тұжырымдамасы қоғамда қалай орнығады?
– Адал адам – шынайы, әділ, уәдеге берік тұлға. Қоғамда оны орнықтыру үшін әділдік, тәрбие, заңның үстемдігі қажет. Қоғамда әділдік пен заңның үстемдігі толық орнады деп айту қиын, кейбір салаларда жемқорлық пен әділетсіздік әлі де бар. Тәрбие мәселесіне келсек, отбасы мен мектептерде әлсіреген тұстар байқалады, бірақ ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы оны нығайтуға болады.
– Қазақстан азаматы ретінде сізді тағы не нәрсе көбірек алаңдатады?
– Елдің дамуы үшін ең алдымен сапалы білім, бәсекеге қабілетті экономика және жақсы басқару жүйесі қажет. Әр адам өз саласында кәсіби маман болып, елдің өркендеуіне үлес қосуға ұмтылуы қажет. Ғылым мен технологияға инвестиция құю да маңызды. Ең бастысы – әрбір азамат өз ісіне жауапкершілікпен қараса, бұл да белгілі бір деңгейде қозғаушы күш болар еді.
Қазіргі қоғамда сапалы білім алу, жұмыспен қамту, ауыл-аймақтың дамуы сияқты мәселелер өткір тұр. Жастар әлі де әлеуметтік тұрғыда мемлекеттен қолдау күтеді. Ал кейбіреулері тіпті шетелде білім алып, тәжірибе жинап, кейін елге оралуды, алған білімін еліміздің дамуына жұмсауды мақсат етіп жүр.
– Қатарластарыңыз неге қызығады? Бос уақытын қалай өткізеді?
– Байқасаңыз, қоғамда жастар турасында кереғар пікірдегі аға буын өкілдері жетерлік. Бірі кітап оқымайды, енді бірі инфантильді деп даттап жатады. Алайда қатарластарым спорт, өнер, кітап оқуға көбірек қызығады. Бос уақытында саяхаттап, кино көріп, достарымен бас қосады немесе еріктілікпен айналысады. Кейінгі жылдары елімізде волонтерлік жақсы дамып келеді. Бұған осы жастардың үлесі айрықша дер едім.
Қазіргі жастар еркіндікке, өзін-өзі дамытуға, тұлғалық өсімге басымдық береді. Олар үшін негізгі құндылық – өз қалауымен өмір сүру, сүйікті ісімен айналысу. Бұрынғыдай тек заңгер, есепші болу міндетті емес, қазір шығармашылық, IT, кәсіпкерлік сияқты салаларға қызығушылық жоғары.
Әлеуметтік желідегі коучтар мен танымал тұлғалар кейде жастарға шабыт береді, бірақ көп жағдайда жалған мотивация таратып, нақты қадамдар жасаудың орнына «сәттілік» формулаларын үйретумен шектеледі. Бұл жастардың шынайы өмірден алшақтап, өз болмысын толық аша алмауына ықпал етуі мүмкін. Содан NEET санатындағы жастардың көбеюіне түрткі болады. Өйткені ата-ананың, аға буынның, кей тұлғалардың моральдық құндылықтары жастардың санасына әсер етеді. Бірақ бәрі оны бұлжытпай ұстана бермейді. Көбі дәстүр мен жаңа көзқарасты үйлестіруге, байланыстыруға тырысады. Жалпы, қазіргі ұрпақ көптің пікіріне тәуелді болудан гөрі, өзіндік таңдау жасауға ұмтылады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Зейін ЕРҒАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»