Аида Балаева өз сөзінде қазақстандықтардың Жеңіске қосқан үлесін санмен өлшеу мүмкін еместігін атап өтті.
Қазақ тарихшыларының дерегіне сүйенсек, 1941 жылдың 22 маусымынан 1945 жылғы 31 желтоқсанға дейін 1 196 164 адам әскерге шақырылған. 1938 жылдан бастап әскерге алынғандарды ескерсек, жалпы 1 366 164 азамат соғысқа қатысқан.
«Демек, республикадағы әр бесінші тұрғын майданға аттанды. Оның үстіне, соғысқа ер азаматтар, білікті мамандар, жұмысшылар кетті. Төрт жыл бойы майдангерлер қалыпты экономикалық жағдайдан сырт қалды. Осылайша, Қазақстанның экономикалық тұрақты дамуы нацистердің КСРО-ға басып кіруімен тоқтады», деп атап өтті министр.
Айта кетейік, Қазақстан аумағында 12 атқыштар және 4 кавалерия дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 50-ге жуық жеке полк пен батальон құрылған. Олардың ішінде 3 кавалерия дивизиясы мен 2 атқыштар бригадасы қазақ ұлттық бірлестігі болды. Соғыстың соңына дейін сақталған 12 дивизияның барлығы құрметті атақтарға ие болды. Оның ішінде бес дивизия «гвардиялық» мәртебесіне лайық деп танылған.
Соғыста 601 011 қазақстандық қаза тапқан. Олардың ішінде 279 696 адам, 46,5%-ы шайқаста дүние салды; 42 766 адам немесе 7,1%-ы госпитальде жарақат пен аурудан көз жұмды; 271 503 адам (45,2%) – хабар-ошарсыз кеткен. Сондай-ақ, қазақстандық тарихшылардың соңғы деректері бойынша, тұтқынға түскен 128 мың қазақстандық сарбаздың тек 23 мыңы ғана үйіне оралған.