
«Еліміз энергетикалық қуат көздерін дамыту және жаңғырту бағытында белсенді жұмыс істеп жатыр. Осы орайда қолда бар және алдағы уақытта қосылатын жаңа қуат көздерін білу аса маңызды», деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Стратегия және активтерді басқару жөніндегі тең басқарушы директоры Елжас Отыншиев.
Электр энергетикасы – ел экономикасының тұрақтылығы мен азаматтардың әл-ауқаты үшін шешуші рөл атқаратын сала. «Самұрық-Энерго» энергия өндіру, тарату және жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытында жұмыс істейтін еліміздегі ірі ұйымдардың бірі. Былтыр компания өндірістік жоспарды артығымен орындап, оның 20 мың қызметкері бар 25 еншілес компаниясы жалпы көлемі 39,7 млрд кВт/сағ электр энергиясын өндірген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда едәуір жоғары. Ал биыл компания бұл көрсеткішті 40,9 млрд кВт/сағ-қа дейін арттыруды мақсат етіп отыр. Еліміз бойынша өндірілетін қуаттың 32%-ы және көмір өндірісінің 42%-ы осы «Самұрық-Энерго» компаниясына тиесілі.
Өткен жылы энергетикалық холдинг ауқымды жөндеу науқанын өткізді. Межелі жөндеу жұмыстары толығымен орындалып, нәтижесінде биыл жылыту маусымы сәтті өтті.
Мәселен, Екібастұз қаласындағы бірінші электр стансасының №1, №2, №8 энергетикалық блоктарын қалпына келтіру жұмыстары аяқталып, олардың зиянды газдарды шығару деңгейі азайтылған. Салдарынан, стансаның қуаты 4000 МВт-қа дейін артты.
«Екібастұздағы электр стансасында ауқымды жөндеу жұмысы атқарылды. Соңғы 30 жылдан бері ол алғаш рет сегіз блокпен жұмыс істей бастады. Алдағы уақытта қалған блоктарды кезең-кезеңімен толықтай жаңғырту көзделген. Сонымен қатар нысан қызметінің экологияға зиянды әсерін азайту мақсатында жаңа сүзгілер мен қондырғылар орнату жоспарланып отыр», деді «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов.
Газ өндіру жобалары бойынша Алматы энергетикалық кешенін жаңғырту және Қызылорда қаласында бу-газ қондырғысы негізіндегі электр стансасын салу жоспарда бар дейді ұйым басшысы.
Ал көмір өндірісі бойынша Екібастұз 2-электр стансасын жаңғыртып, Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жылу электр орталықтарын, сондай-ақ таза көмір технологиясы негізіндегі 3-электр стансасын салу жоспарланған.
Кеңес отырысы барысында жасыл энергетика бағытындағы жобалар жайы да қозғалды. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және кейінгі жылдары электр энергиясына өсіп келе жатқан сұранысты өтеу мақсатында елімізде күн және жел энергетикасын дамытуға айрықша мән беріледі. «Самұрық-Энерго» осы салада халықаралық серіктестермен бірге бірнеше жобаны жүзеге асырып, жаңартылатын энергия үлесін арттыруды көздеп отыр. 2032 жылға дейін ұйым елімізде енгізілетін жаңа қуат көздерінің 55%-ын, нақты айтқанда 14,3 ГВт-ты іске қоспақ.
Жиын қорытындысы бойынша отырысқа қатысушылар энергетикалық саясаттың ашықтығын қамтамасыз ету, инновациялық шешімдерді дамыту, жасыл энергетикаға көшу үдерісін жеделдету жөнінде сұрақтар қойып, бірқатар ұсыныс енгізді.
Отырыс нәтижесінде, «Самұрық-Энерго» басшылығы қоғамдық кеңестің ұсыныстарын ескеретінін және барлық жобалардың ашық әрі тиімді іске асуын қамтамасыз ететінін мәлімдеді.
Энергетикалық сектордың тұрақты дамуы – еліміздің экономикалық қауіпсіздігі мен халқымыздың әл-ауқатының кепілі. Сондықтан «Самұрық-Қазына» қорының бұл саладағы стратегиялық рөлі ерекше. Жиында талқыланған жобалар еліміздің энергетикалық әлеуетін нығайтуға, ұлттық экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдар болмақ.
Жансая Қапасқызы