11 Ақпан, 2015

Атырау облысында анасын өлтірген жігіт 8 жылға сотталды

232 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
reshetka_tyurma_2121АТЫРАУ. 11 ақпан. Атырау облысында өз анасын өлтірген жігітті 8 жылға соттауға шығарылған үкім күшіне енді. Бұл туралы Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады. «Махамбет аудандық соты Қылмыстық Кодекстің 103-бабының 3-бөлігімен (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) сотталушы Александр Базаровқа қатысты қылмыстық істі қарады. Сотталушы А.Базаров 2014 жылдың 10 қарашасында 23.00 сағат шамасында мас күйінде Ақтоғай ауылындағы үйіне келіп, демалып жатқан анасына тиіседі. Ана мен бала арасында ұрыс-керіс туындайды. Ақылын арақ жеңген Александр анасын соққыға жығады. Онымен қоймай, ілулі тұрған сағатпен басынан бірнеше рет ұрып, аяғымен оң жақ қабырғасынан, мойнынан және басынан тепкілейді. Ұлының қатыгез қылығына шыдай алмаған ана сол жерде мәңгілікке көз жұмады», деп хабарлады облыстық соттың баспасөз хатшысы Боранбай Ғалиев. Басты сот талқылауында сотталушы өзіне тағылып отырған айыпты толығымен мойындаған. Өзінің жасаған іс-әрекеті үшін шын жүректен өкінетінін айтыпты. Сот жаза тағайындау кезінде қылмыстың сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесін, айыпкердің жеке басын, сонымен бірге, оның қылмыс жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқын, жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар туралы қағиданы басшылыққа ала отырып, оған жоғарыда аталған бап бойынша 8 жыл мерзімге бас бостандығын айыру жазасын тағайындады. Сот үкімі заңды күшіне енді. Жолдасбек Шөпеғұл. Дерек: Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі. Сурет: news.nur.kz.