АҚТАУ. 11 ақпан. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-та Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының газбен жабдықтау желілерін газдандыру, жаңғырту және қайта жөндеу бойынша ұзақмерзімді және тиімді ынтымақтастық туралы 2 меморандумға қол қойылды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
«ҚазТрансГаз» АҚ меморандумға сәйкес Маңғыстау облысында Қазақстан Республикасын 2030 жылға дейінгі газдандырудың бас сызбасы аясында жаңа газ желілерін, жоғары, орта, төмен қысымды газ құбырларын, Жаңаөзен қаласында 3 АГТС орнатып, жоғары қысымды газ құбырын, АГТС орната отырып, «Окарем-Бейнеу» магистральдық газ құбырынан Шетпе ауылына дейін кентаралық, жерасты жоғары, орташа қысымды газ құбырларын салу көзделген. Оның ішінде газ тарату жүйесін жаңғыртуға 20,0 млрд. теңге қарастырылған.
Маңғыстау және Ақтөбе облыстарының әкімдіктері меморандумға сәйкес жер телімдерін бөліп, тиісті рұқсат беру құжаттарын әзірлейді. Содан кейін «ҚазТрансГаз» АҚ-қа техникалық экономикалық негіздеме мен жобалық-сметалық құжаттама беріледі. «ҚазТрансГаз» АҚ жобалары ұзақмерзімді инвестициялық бағдарлама арқылы іске асырылмақ. Жалпы алғанда Маңғыстау облысы толық газбен қамтамасыз етілген, әйтсе де кейбір газ тарату желілері жаңғыртуды қажет етеді. Сондай-ақ, аймақта жаңадан бой көтерген тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды газ желілеріне қосу қажет. Меморандумда қаралған 33 млрд. теңгенің 20 млрд. теңгесі жаңғырту жұмыстарына жұмсалса, қалғаны жаңа әлеуметтік нысандарды газбен қамтамасыз етуге арналмақ.
Гүлайым Шынтемірқызы.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: «ҚазАқпарат».