29 Маусым, 2010

“ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ Басқармасының төрағасы Қайыргелді Қабылдин: МІНДЕТІМІЗ – БӘСЕКЕДЕ БАСЫМ БОЛУ

599 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Елбасы өзінің “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқы­на Жол­дауында мұнай-газ сала­сына бірқатар маңызды міндет­теме­лер жүкте­­ді. Соның ішін­де көмір­сутекті шикізатты тереңдете қайта өңдеуді қам­тамасыз ету мен мұнай-химия өндірісін дамыту мәселесі аса маңызды болып табылады. Сарапшылардың тұжырымдауынша, рес­пуб­ликаның мұнай-газ саласы ағым­дағы жылы өткен жылмен салыстырғанда, ана­ғұрлым жоғары көрсеткіштерге ие болады. Мұның өзі мұнай өндіруші ком­па­нияларға өз активтерін ұлғайтуды жал­ғастыра беруге мүмкіндік тудырады. Бұл ретте, 2009 жылы сатып алын­ған және пайдалануға енгізілген актив­тердің құны ұлттық компанияның үлесін қоса есеп­тегенде, 540 млрд. теңгені құра­ғанын айта кеткен абзал. Осындай көңіл тол­тырарлық қоры­тын­ды­ны ескерсек, жоғары­дағы Елбасы қой­ған өзекті мә­селенің тиісті шешімін табуы үшін “ҚазМұнай­Газ” ұлттық ком­паниясына арты­лар үміт те орасан. Отан­дық эконо­ми­ка­да алар орны ерек­ше бұл компа­нияның елі­міздің бюджетіне ау­да­рымы 2009 жылы 309 млрд. теңгені құра­ды. Бұл – мемлекеттік бюджет кірісінің оннан бір бөлігін, ал Ұлттық қордың тоғыздан бір бөлігін құрай­­тын қаржы. Осы мәселелер төңірегінде және Ком­па­ния­ның алдағы жылдарға арналған страте­гиясы жөнінде оқырмандарды кеңі­рек хабар­дар ету мақ­­сатында газет тіл­шісі “ҚазМұнай­Газ” ҰК” АҚ Басқарма­сы­ның төрағасы Қайыр­гелді Қабыл­дин мыр­за­мен жолығып, сұхбат­тасқан еді. – Қайыргелді Мақсұтұлы, ком­панияның жыл басынан бергі жұмы­сын қалай қорытындылар едіңіз? Және Компанияның алдағы жылдар­ға арналған даму стратегиясы қандай? – Ағымдағы жылы компания барлық стратегиялық бизнес-бағыт­тар бойынша елеулі нәтиже­лерге қол жеткізді. Деректерге сү­йен­сек, жыл басынан бері “ҚазМұнайГаз” компанияларының тобы бойынша мұнай мен газ конденсатын өндіру­дің шоғыр­ландырылған көлемі 7,8 млн. тоннаны құрады, бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 3,8 пайызға артық. Мұнайды магистральдық құбыр желілері арқылы тасымалдау 27,5 млн.тоннаға жетті, бұл 2009 жыл­дың деңгейімен салыстырғанда 9,4 пайызға артық. Мұнайдың ма­гистральды құбырлармен жүк айна­­лымы 16,6 млн. тоннаны құрады, бұл 2009 жылдың көрсеткішінен 7,8 пайызға артық. “ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ көмір­сутегі шикізатын өңдеуде де озық нәтижелерге қол жеткізді. 2010 жыл­­дың басынан бері 6,2 млн. тон­на көмірсутегі шикізаты өңдел­ген, бұл 2009 жылдың деңгейінен 55,2 па­йыз­ға артық. Мұндай дерек­терді тізіп айта беруге де болады. Сон­дық­тан салық бойынша айтсам, бәрі түсінікті болады деп ойла­ймын. Жалпы ҚМГ компаниялар тобы 2010 жылдың қантар-мамыр айларында еліміздің бюджетіне 193 млрд.теңге салық және басқа мін­дет­­ті төлемдер төледі, бұл алдыңғы жылға қарағанда 1,5 есе көп. Енді біздің алдағы негізгі жос­парымызға келер болсақ, ол – 2015 жылға дейін әлемнің ең ірі 30 мұ­най-газ компанияларының қатары­на кіру. Біз мұнай қорларын 792 млн. тоннадан 1,6 млрд. тоннаға дейін, мұнай өндіру көлемін – жылына 40 млн. тоннаға дейін, қайта өңдеу көлемін – жылына 16,5 млн. тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Мұнайды қайта өңдеу саласын­да компания мұнайды қайта өңдей­­тін зауыттарды қайта құру және жаңғырту бойынша үш жоба­ны іске асырады. Бірінші кезекте – Атырау мұнай өңдеу зауыты, сон­дан соң Шым­­кент және Павло­дар зауыт­тары. Мұнайды қайта өңдей­тін зауыт­­тарды дамытудың кешен­дік жоспарының орындалуы рес­публи­каның мұнайды қайта өңдеу сала­сындағы жағдайын түбегейлі өзгер­туге тиіс. 2014 жылы отандық мұ­най­ өңдеу зауыттары елдің жоға­ры сапалы мұнай өнімдеріне деген ішкі сұранысын толық қам­титын болады. – Мұ­най­ды қайта өңдеу зауыттарын жаң­ғырта отырып, ұлттық компания мұнай-химия өнімдерінің өндірісін кеңейтуге бағыт алатыны белгілі. Осы жайлы толығырақ айтып берсеңіз. – Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық даму жөніндегі 2010-2014 жылдарға ар­нал­ған мемлекеттік бағдарлама­сында атап өтілгендей, мұнай-хи­мия өндірісі елде қарқынды дами­тын болады. Бағдарлама аясында қазір Атырау мұнай өңдеу зауытын­да хош иісті көмірсутек­терді өндіретін кешен салу жобасы іске асырылуда. Өндіріс сызбасы өте икемді жә­не стандарт бойынша Еуро-4-тен төмен емес барынша жоғары ок­танды бензин, 133 мың тоннаға де­йін бензол, 496 мың тоннаға дейін параксилол алуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта оның құры­лыс-мон­таж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қолға алынған жобалардың тәуекелін азайту үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы ақпа­рат­тық ашықтықты қамтамасыз ету керек. Экология – біздің саланың ажырамас бір бөлігі. Экологиялық саясатты дұрыс жүзеге асырғанда ғана қоршаған ортаны сауықтыру бойынша нақты шараларды жүр­гізуге, табиғат қорғау қызметі сала­сына қатысты шешімдерді жедел түрде қабылдауға болады. Сондық­тан біз қоршаған ортаны қорғау мен сақтау саласына қатысты бекі­тілген барлық заңнамалық талап­тар­дың орындалуына қол жеткізу үшін қажетті шаралардың бәрін жасаймыз. Хош иісті көмірсутек өндірісі­мен экономикалық әлеуеті қуатты елдер айналысатыны баршаға аян. Оның үстіне “Хош иістер” өндіру­шілердің элитасына кіру оңай емес, өйткені технологиялар қымбат әрі барлығына қолжетімді емес. Бірақ біздің компания ешбір қиындық­тарға қарамастан, өз міндетін іске асыру үшін тек алға ұмтылып келеді. Біз үлкен сенім артып отырған ірі жобалардың бірі – Ақтау плас­тикалық масса зауытында жол биту­­мын өндіру. Бұл өндіріс орны, ол қосылған құны жоғары өнім шығару арқылы көмірсутегі шикі­затын тиімді пайдалануға қызмет етеді. Екіншіден, бұл экономиканы әртараптандыруға және иннова­ция­лық тұрғыдан дамытуға ықпал етеді. Үшіншіден, еліміздің батыс өңірінің халқын еңбекпен қамтуға себін тигізеді. Шамамен 250 адам жұмыспен қамтылады. Оның үстіне Қазақстан Республикасы­ның жол-құрылыс саласының сұранысын қанағаттандыру үшін жоғары сапа­лы жол битумы шығарылатын болады. Сондай-ақ “Бейнеу-Шымкент” газ құбырын салу да биылғы жылы қолға алғалы отырған маңызды жобалардың бірі. Бұл жобаның еліміз үшін стратегиялық, әлеумет­тік және макроэкономикалық маңы­­зы зор. Еліміздің Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Алматы сияқ­ты оңтүстік облыстарын, сондай-ақ Алматы қаласын тұрақты әрі үздіксіз табиғи газбен жабдықтауда аса маңызды осы құрылыс аяқтал­­ғаннан кейін 2014 жылы осы өңір­лерге газ жеткізу үш есеге ұлғаятын болады. – Қайыргелді Мақсұтұлы, Елба­сының Жолдауында инновация­лар мен алдыңғы қатарлы техноло­гияларды ендіру қажеттілігі жөнінде айтылды. Сіз ғылымға қандай орын бөлесіз және компания 5-10 жылдан кейін қандай болады деп ойлайсыз? – Мен ғылыми-техникалық прогреске балама жоқ дер едім. Жо­ғары тиімді технологияларды қар­қынды қолдану “қымбат” көмір­­сутегілерін игеру жағдайында оларды барлау мен өндіруге байла­нысты шығындарды 2-3 есе төмен­детуге мүмкіндік береді. Орташа есеппен алғанда, жаңа технология­ларды енгізу мұнай өндірудің бекітілген деңгейі жағдайында капиталдық шығындарды 20-30 пайызға қысқартуға мүмкіндік береді, мұны жетекші мұнай газ компанияларының тәжірибесі де растап отыр. Елімізде инновациялық және технологиялық дамуға үлкен көңіл бөлініп отырғаны белгілі. Өткен жылдың желтоқсан айында Елба­сы­ның төрағалығымен өткен Шетел­­дік инвесторлар кеңесінің 22-отырысында елді әртараптан­дыру мен технологиялық дамыту мәсе­ле­л­ері қаралды. Онда мемле­кет­­тік органдар мен жекеменшік компа­нияларда ғылымды үйлес­тірудің бірыңғай жүйесін қалып­тас­тыру туралы ұсыныс жасалды. Меніңше, мұнай өңдеу саласы Қазақ­стандағы тиісті инжиниринг­тік бағыттарды дамытуға түрткі болады. Қазір бізде тиісті ғылыми-ин­же­нерлік базаның жоқтығы сал­дарынан отандық жобалық инсти­туттардың қызмет көрсету деңгейі мұнайды қайта өңдеу мен мұнай-химия жобалары бойынша, өкініш­ке орай, мардымсыз көрсеткішке ие. Жобаның технологиялық бөлі­гін әзірлеу кезінде шетелдік ком­панияларды жиі шақырамыз. Өйт­кені Қазақстанда жағармайды сынақтан өткізетін, өнеркәсіп са­ла­­сы­на қолдануды енгізуді зерт­тейтін және жүзеге асыра алатын отандық ғылыми институттар жоқ. Бұл ретте біз өзіміздің компа­ния демеушілік көрсетіп отырған Қазақстан-Британ техникалық университеті мен Қазақ мұнай және газ институтына келешекте үлкен үміт артамыз. Қазақстан-Британ техникалық университеті әлемнің көшбасшы универси­теттері мен ғылыми-зерттеу орталықтары­мен ха­лықаралық байланыстарын ке­ңейтіп, іргелі және қолданбалы зерт­теулер жүргізу үшін жаңа ғы­лы­ми-техникалық инфрақұрылым­ды дамытуды қолға алып отыр. Ал “Қазақ мұнай және газ институты” акционерлік қоғамы еліміздегі өнер­­кәсіптің мұнай-газ және электро­энергетика салаларын кешенді ғылыми-инжинирингтік қамтамасыз етуді, өнеркәсіптік және әлеуметтік бағыттағы құры­лыс­тарды жобалауды өздерінің басты міндеті етіп отыр. Әлемде мұнай-газ компания­лары көп, сондықтан қазірден бас­тап әлем­дік энергетика секторы­нан өз орныңды анықтап, басқаға мо­йын­дата білу – аса маңызды. Бұл ретте “ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ, құ­дай қаласа, 5 жылдан кейін мұнай­дың қоры мен оны өндіру деңгейі бо­йынша әлемнің ең ірі 30 мұнай-газ компанияларының қатары­на, ал тағы 5 жылдан кейін – мұнай қор­лары­ның санаты бойынша – 13 орынға және мұнайды өндіру бо­йын­­ша – 25 орынға көтерілуге тиісті. Дағдарысқа қарсы дер кезінде қабылданған шаралардың арқа­­сында Қазақстан дамудың оң дина­микасын сақтап қала алды. Сон­дықтан “ҚазМұнайГаз” ұлттық ком­паниясы жақында Астанада өте­тін Үшінші экономикалық фо­рум­ды ұйымдастырушыларды құлшына қолдады. Форумда дағдарыс кезеңінде орнықты экономикалық өсуді қам­та­ма­сыз етудің негізгі мәселелері талқыланбақшы. Оған әлемнің елуден астам елінің саяси және іс­кер орталарының екі мыңнан астам өкілі, сондай-ақ жетекші ғалымдар, қоғам мен бұқаралық ақпарат құ­рал­дарының өкілдері келеді. Менің ойымша, дағдарысқа қарсы шара­ларды іске асырудағы Қазақстан­ның тәжірибесі форумға қатысу­шы­лар үшін қызығушылық туғы­зады. Өйткені Қазақстан басшылы­ғының дер кезінде барлық күшті бір арнаға топтастыра алуы эконо­миканы қолдан басқару үшін ең оңтайлы шешімдердің бірі болып шықты. Ел Президентінің “Жаңа онжылдық – жаңа эконо­ми­калық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүм­кіндіктері” атты Жол­дауы­ның да ерекше орын алары сөзсіз, себебі оған көптеген саясат­керлер мен экономистер жоғары баға берген болатын. “ҚазМұнайГаз” компаниясы­ның инновациялық дамуға үлкен көңіл бөлетінін дәлелдейтін тағы бір жаңалық – біздің қолдауымыз­бен форум шеңберінде ғылыми ең­бектер мен инновациялық жоба­лардың көрмесі өтеді. Инфо-ком­муника­ция­лық технологиялар және “жа­сыл” экономиканы дамы­ту рөлі­­нің мәселелері бойынша халық­­аралық ұйымдардың қаты­суы­мен үздік зерттеу жұмыстары мен іс-шара­ларға конкурстар жария­ланады. Сонымен қатар “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясы мен “Kaz­energy” қазақстандық мұнай-газ және энергетикалық кешені ұйым­дары­ның Қауымдастығы ұйым­дастырған Сафи Өтебаев атындағы қазақ­стандық профиль­дік жоғары білім беру орын­дарының студент­тері мен маман­дандырылған арнаулы білім беру оқу орындары­ның мұнай газ пәндерінің мұғалім­деріне берілетін стипендия мен грант көбейтілді. Осы себепті, 2010-2011 жылдары оның жалпы санын он беске дейін өсіру жоспарланып отыр. Кеше Астана қаласында Елба­сы­ның қатысуымен Жаңа универ­ситеттің ашылу салтанаты болып өткенін білесіздер. Салтанатты рәсімде Елбасы Қазақстан Респуб­ликасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның аясын­дағы инвестициялық жобаларының іске асырылу барысымен танысты. Осы жерде біздің компания қолға алып отырған “Ақтау зауытында жол битумын өндіру” және “Аты­рау мұнай өңдеу зауытын қайта құру және жаңғырту” жобалары да таныстырылды. – “ҚазМұнайГаз” компаниясы Бірыңғай әмбебап спорт алаңдары­ның бағдарламасын әзірледі. Бұл бағдарламаның мақсаты не? – Иә, ондай бағдарлама Елба­сының Жолдауына сәйкес бұқара­лық спорт пен дене шынықтыруды дамыту аясында әзірленді және жүзеге асырылуда. Жоспарымызда саламатты өмір салтын дәріптейтін іс-шаралар кеңінен қамтылған. 2012 жылға дейін елімізде елу спорт алаңын салуды көздеп отыр­мыз. Оның ішінде биыл Астана қала­сында 10 спорт алаңы, рес­пуб­лика­мыздың басқа аймақ­тарын­да – 27 спорт алаңы салынады. Екінші кезекте, келесі жылы 13 спорт алаңы салын­бақшы. Спорт алаңдарын тиімді және ұтымды пайдалану үшін оларды жазда футбол, баскетбол, волейбол, теннис сияқты спорттың жаздық түрлеріне арнап, қыста спорттың қыс­қы түрлерімен – хоккей, мә­нер­леп сырғанақ тебуге арнап, көп­функционалды етіп жасау қарас­тырылған. Спорт алаңдары сапасы жоғары арнайы жамылғы мен жаб­дықтардан сапа, қауіпсіздік өлшеу­лері сақталып, аймақтың климат жағдайы мен басқа да факторлары ескеріле отырып жасалады. Біздің компанияның көздеген мақсаты – спортты барша жұртшылыққа, олардың жасына, тұратын жеріне және әлеуметтік жағдайына қара­мас­т­ан  қолжетімді ету. Бізде аула­дағы және мектеп жанындағы спорт алаңдарының желісі жоқтың қасы. Сондықтан осылайша халық­қа спорттың бұқара­лық түрлерімен айналысуға мүмкіндік беріп, олардың интел­лектуалды, рухани дамуы үшін жағдай жасау, менің ойымша, көңілге қонымды нәрсе. Астана қаласында шілде айында алғашқы көпфункцио­нал­ды спорт алаңдарының тұсаукесері өтпекші. – Қазақстан аза­мат­тарының өмір сүру деңгейін жақ­сарту – мемлекеттік саясаттың негізгі мақсаты. Осы бағытта тағы қандай жұмыстар жүргізілуде? – Өркениетті дамыған елдерде әлеуметтік жауапкершілік саласы мемлекеттің дамуымен қатар жүре­­ді. Соңғы жылдары қазақстан­­дық бизнестің көшбасшылары да әлеу­меттік олқылықтарды ескермей, бизнесті қарқынды дамыту мүмкін еместігін мойындады. “ҚазМұнайГаз” компаниясы, отандық бизнес көшбасшылары­ның бірі ретінде, әлеуметтік мәсе­лелерді шешуге белсене атсалысып келеді. Саламатты өмір салтын насихаттау және балалар мен жас­өспірімдерді спортқа баулу, жалпы спортты дамыту – соның бір тармағы ғана. Компанияның белсенді пози­ция­сын Әлеуметтік жауапкершілік мәселелері жөніндегі республика­лық форумда Ел Президенті де ерекше атап өткен болатын. Айтуға тұрарлық нәрсе болған соң айтып кеткен жөн болар деп ойлаймын. “ҚазМұнайГаз” компа­ниясы бірнеше жыл қатарынан әуесқойлық бокс, көркем гимнас­тика, велосипед спорты, бадмин­тон республикалық федерация­ларына демеушілік көмек көрсетіп келеді.  Жыл сайын “Елорданың жасөспі­рімдері” атты үлкен теннис бойын­ша халықаралық жасөспірім тур­нирін өткізуге қаражат бөледі. Тікелей компания қызметкерлері­­нің арасында да спорттық спарта­киадалар өткізіліп отырады. Мұны “Саламатты өмір салты” атты үкі­меттік бағдарламаны жүзеге асыру­ға қосқан үлесіміз деп білемін. Қандай болмасын бәсекеде басым болу үшін, ең алдымен, мақ­сат айқын болу керек. Сол мақ­сатқа жету үшін халықтың әлеу­меттік осал тұстары басты назарда болу керек. Жоғарыда айтып өтке­німдей, әлеуметтік жағдайлар ес­керіл­генде ғана бизнесті дамыту­ға, тиімділікті арттыруға, тәуекелді басқаруға және жаңа технология­ларды енгізуге жол ашылады. “Елді жаңғырту страте­гиясын іске асы­ру­дың табыстылы­ғы, ең алдымен, қазақ­стан­дықтар­дың біліміне, әлеуметтік және дене болмысы, көңіл-күйлеріне байла­нысты” деп, Елбасы өз Жолдауында баса айтқан болатын. Біздің Ком­пания осы Жолдауды іске асыруға белсене атсалысып, ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп келеді деп мен мақта­нышпен айта аламын. Мен қашанда өздеріңізбен әңгі­­мелесуге, жаңалықтармен бөлі­суге қарсы емеспін. Осы сәтті пайдаланып, сіздерді өткен кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Сіздерге шығармашылық табыс тілеймін. Сондай-ақ барлық қазақ­стандықтарды алда келе жатқан мерекемен – еліміздің бас қаласы – Астананың туған күнімен құт­тықтаймын. Елімізбен бірге Аста­на­мыз да гүлдене берсін. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сұңғат ӘЛІПБАЙ.