11 Ақпан, 2015

Атыраулық зейнеткер майдангер әкесінің қабірін тапты

415 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
IMG_5581АТЫРАУ. 11 ақпан. Атырау облысында тұратын зейнеткер Аманжан Мұғалімов екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан әкесінің қабірін Ресей Федерациясының аумағынан тапты. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Зейнеткердің әкесі Мұғалім Сұлтанов 1942 жылдың 10 қаңтарында соғысқа аттаныпты. Онымен бірге Қайырлап және Қайырлы деген ағалары да жауға қарсы қолына қару алған. «Әкем Мұғалім Сұлтанов соғысқа кеткенде мен анамның ішінде қалған екенмін. Шешеміз Тыныштық 1943 жылы «қара қағаз» келген деп отыратын. Әкемнің ауылдасы Ниет Нұғыманов деген майдангер жараланып соғыстан оралғанда атама: «Біз Балашов (Тамбов облысы) майданында жауға қарсы аттандық. Сіздің балаңыз Мұғаліммен бірге болдым. Воронеж бағытындағы ұрыста балаңыз жарақаттанды. Жаралыларды арбамен медсанбатқа апара жатқанда, сіздің балаңыздың да аты-жөнін айтты» деп келіпті. Содан бері қазақ жауынгері Мұғалім Сұлтановтан еш дерек табылмаған. 1943 жылы майдан жолданған «қара қағаз» да жоғалып қалыпты. Бірақ майдангердің баласы Аманжан Мұғалімов майданда қаза тапқан әкесінің қабірін тауып, туған жердің бір уыс топырағын салуды армандаумен келіпті. Соның реті жақында түсті. «Газеттен, телеарналардан майданда қазақ тапқандардың қайда жерленгенін естіп жатамыз. Әкемізбен бірге майданға аттанған Ниет Нұғымановтың Воронеж бағытында соғыстық дегені есімде қалыпты. Демек, әкеміз осы маңда жарақат алған болуы керек деген ойға бекіндік» деген зейнеткер Аманжан Мұғалімов әкесін іздеу мақсатында 2011 жылдан бері интернет арқылы Ресейдегі мұрағаттарға сұрау салғанын айтады. Өткен жылдың желтоқсанында Аманжан қарияның қарындасы Дәмеліге дерегі белгісіз қазақстандық майдангерлерді ерікті түрде іздеумен айналысатын Роман Көжеков сүйінші хабар жеткізіпті. Онда қазақ жауынгері Мұғалім Сұлтановтың Ворнеж облысындағы Эртиль қаласындағы бауырластар зиратына жерленгені хабарланыпты. Осы жетісімен майдангердің ұлы Аманжан қария әкесінің қабіріне баруға жиналыпты. Қызылқоға ауданының әкімдігі және осы ауданнан сайланған облыстық мәслихат депутаты Әділ Жұбановтың демеушілігімен жақында Аманжан Мұғалімов Ворнеж облысының Эртил қаласына барып қайтты. «Әкем жерленген Эртиль қаласындағы бауырластар зиратына туған жердің бір уыс топырағын апардым. Әкемнің аруағына арнап дұға бағыштадым. Сондағы деректерге қарағанда әкесі 1942 жылдың 20 шілдесінде жарақатынан қайтыс болыпты. Әкемнің есіміндегі бір әріптің өзгешелігі болмаса, барлық деректері сәйкес келіп тұр» дейді майдангер әкесін көрмеген, 73 жылдан кейін жерленген жерін тапқан ұлы Аманжан Мұғалімов. Эртиль қаласының әкімшілігі атыраулық зейнеткерді қарсылап алып, мектеп оқушыларымен, екінші дүниежүзілік соғыстың куәгерлері мен және тұрғындармен кездесу өткізіпті. Ресей Федерациясының атынан Жеңістің 70 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапаттапты. «Өткен жылдың желтоқсанында әкемнің жерленген жері туралы хабарды естігелі бері ұйқым қашып, тынышым кетіп жүр еді. Енді міне, өзін көрмесем де әке рухына басымды иіп қайттым. Бұдан былай балаларым мен немерелерімді ертіп апарғым келеді. Ұрпағы атасын ұмытпасын дегенім ғой», деп өз әсерімен бөлісті зейнеткер Аманжан Мұғалімов. Жолдасбек Шөпеғұл. Дерек, сурет: egemen.kz. IMG_5586 IMG_5602 IMG_5613